Бірлік пен ынтымақты паш еткен байқау

Oinet.kz 15-11-2019 744

Screenshot_24.png

Түркістан облысы Мақтарал ауданы Мақтарал агро-бизнес колледжінде түрлі этнос өкілдерінің өнерлі жастары ән байқауында бақ сынады. «Менің елім – Қазақстан!» тақырыбымен айдарланған мәдени шара Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылтайшылығымен өткізілсе, Түркістан облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-і салтанатты жиынға ұйытқы болды. Бұл туралы Түркістан облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің баспасөз орталығы хабарлады. 

Шараның негізгі мақсаты – облыста тұратын этнос өкілдерінің бірлігі мен ынтымағын нығайтып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру. Осылай деген Түркістан облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасары Ербас Өтегенов үміткерлерге сәттілік тілеп, байқауды алғы сөзбен ашып берді.

Алдын-ала жарияланған байқау ережесі бойынша қатысушылардың ұлтына және жасына шектеу қойылмаған. Сонымен қатар оларға 1 ғана ән орындау міндеттелді. Бүгінгі ән бәйгесіне қызу дайындықпен келген үміткерлер өздерінің отансүйгіштік сезімдерін шырқаған әндері арқылы дәлелдеп жатты. Мемлекеттік тілде және отаншылдық рухта ән орындауды талап еткен байқауда қазылар алқасы әннің ырғағы мен дауыс диапазонына ерекше мән берді. Бірінен-бірі асып түсер шын таланттардың өнерін бағалағандардың қатарында Түркістан облысы әкімі аппараты, «Қоғамдық келісім» КММ-нің режиссері, қазылар алқасының төрағасы Қалдыбек Турбаев болса, Атакент кентіндегі мәдениет үйінің меңгерушісі Қымбат Ізбаева, осы шаңырақтың музыкалық жетекшісі, тәжік этно-мәдени орталығының әншісі Махкамбай Құрбанов бекітілді. Олар өтінім білдірген 11 үміткердің әндерін тыңдап, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып танылғандарды анықтады.

Сонымен байқау қорытындысы бойынша Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін нақышына келтіре орындаған украин қызы Светлана Клепатская мен «Қазақстан ұлы Отан» тақырыбындағы сазды әуенмен сахнаны әлдилеген тәжік азаматы Улуқбек Рустамов, ұлты өзбек бола тұра «Жаса, Қазақстан» әнін жүрекпен жеткізген Матлюба Сапарова үш бірдей ІІІ орынның тұғырынан көрінді. Ал, қос ІІ орынның биігін Руслана Александровна мен Гульсина Темирбулатовна және Саидвали Каландаров бағындырса, жүлделі І орын Насимжан Камилжановичке бұйырды. Сондай-ақ, тартысты ән додасында бағы жанып, бас жүлдені Нуриддин Султанов еншіледі. Қалған қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталса, жеңімпаздарға қаржылай сияпаттар мен дипломдар табыс етілді.



Кәсіпкерлер туған жерге тағзым етті
«Тәлімді ана, тәрбиелі қыз»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу