Адалдықтың абызы - Әбдуәлі Жақсыбаев

Oinet.kz 05-01-2018 986

Отандық медицинаның абызы, күні кеше 85 жасқа толған Әбдуәлі Жақсыбаев Мемлекет басшысының жуырда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт қалыптастыру идеясын қызу қолдайтындардың бірі. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» қағидағын берік ұстанатын ардагер тыным таппай өзінен кейінгі әріптес інілеріне көрген-білгенін жеткізіп, ақыл-кеңесін аяған емес. 

Screenshot_1.jpg

Әбдуәлі Тайбекұлы 60 жыл ғұмырын облыстың денсаулық сақтау саласын дамытуға жұмсаған еңбек ардагері. Ол Алматы мемлекеттік медицина институтын 1956 жылы бітіріп келген соң еңбек жолын Сарыағаш аудандық санитарлық эпидемиологиялық станциясының бас дәрігері болып бастаған. Арада бес жыл өткенде медицина қызметкерлері кәсіподағының Шымкент облыстық комитетінің төрағасы болып сайланды. Ақ халаттылардың еңбегін қорғаштаған маманға 1964 жылдың тамызында облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметі сеніп тапсырылды. Іскерлігімен, алғырлығымен еленген ер біраз жыл бөлім меңгерушісі болды. 1987 жылдан жаңа ғасырға аяқ басқанға дейін Шымкент қалалық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері лауазымын абыроймен атқарды. 80 жасқа дейін дәрігерлік қызметінен қол үзген жоқ. 

Облыстық денсаулық сақтау саласына басшылық жасаған ширек ғасырда Ә.Жақсыбаев отандық медицинаны дамытуға бағытталған көптеген істерді ұйымдастырып, емдік-профилактикалық шараларды батыл жүзеге асырды. Медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базаларын нығайтуға, кадр тәрбиелеуге көп күш жұмсады. Түркістан медицина училищесі мен Алматы мемлекеттік медицина иституты фармацептика факультетінің филиалы Шымкентте ашылуына үлкен еңбек сіңірді. Нәтижесінде орта буын бағытындағы медицина қызметкерлерін даярлау 9 мыңнан 16665-ке жетті. Әлгі филиал 1991 жылы Шымкент фармацептикалық институты болып құрылып, кейіннен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясына айналды. Білікті мамандар даярлайтын білім ошағы болып қалыптасты. Өзінен кейінгілерге осы қамқорлығының өзі-ақ Әбекеңнің ел медицинасының болашағына қосқан үлесі екені сөзсіз. 

Еңбек ардагері кеңестік кезеңде медицина мекемелерінің заман талабына сай дамуына үлес қосты. Өз деңгейінде ұйымдастырлыған емдеу-профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде өлім-жітім кеміді, туберкулезге шалдыққандар саны күрт азайды. Әбдуәлі Тайбекұлы облыс медицинасына басшылық еткен тұста 30-дан астам емдеу-сауықтыру мекемелері ашылды. Соның 5-еуі орталық, 7-еуі  қалалық, 3-еуі облыстық аурухана. 

Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан азаматтың еңбегі ескерусіз қалмады. Ол 1973-1986 жылдар аралығында 5 рет халық депутаттары Советінің депутаты, Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің мүшесі болды. Екі мәрте Еңбек Қазыл Ту, Құрмет ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталды. Ұлттық ассоциациасының шешімімен «Алтын дәрігер» атанған Ә.Жақсыбеков Оңтүстік Қазақстан облысының, Шымкент қаласының, Түлкібас, Бәйдібек аудандарының Құрметті азаматы. 

Осылай талай қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткеріп, өңірдің өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген ақсақал Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жаппай жекелендіру тұсында қолында билігі бола тұрса да «өз күнімді өзім көремін, халықтың байлығы өзіне бұйырсын!» деп, бір дәріхананы да жекешелендіруді ойға алмапты. Бұл бүгінде орта буын дәрігерлері өздеріне ұстаз тұтып, әрбір жақсы ісін өнеге тұтқан азаматтың адалдығы екені анық.  

Адам жанының арашасы, медицина саласы ардақтысының артта қалған белесі де, көңілде қалған елесі де жарқын. Әрі нұрлы. Алтынқолды дәрігер қазақ медицинасының әр дәуірде де үздіксіз, жедел дамып жатқанына қуанады.

Марапат алғандар тізімі
«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазына» сыйақы беріледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу