Тәрбиенің бас құралы – балалар фильмі

Oinet.kz 30-05-2023 285

Шымкент қаласындағы «Сақ» киностудиясының туындылары отандық мультипликация қоржынын толтырып келеді. Ұлттық анимациямыздың ұстынын биік көтеруде тер төгіп жүргендер баршылық. Соның бірі, «Сақ» киностудияның шығармашылық директоры Батырхан Дәуренбековпен әңгімелестік.

Screenshot_18.jpg

- Балалар қазір не көріп жатыр? Оларға шын мәнінде қандай контент керек?

-  Бала тәрбиесі бесіктен басталады. Қазіргінің бесігі – теледидар, компьютер, гаджет, телефондар. Осы арқылы бала тәрбие алуда. Ұлтымыздың даңқты перзенті Бауыржан Момышұлы «Бесік жырын айта алмайтын аналардан, ертегі алмайтын әжелерлен қорқамын» дейді. Бүгінде бесік жыры мен ертегі айтпайтын аналар жиі кездеседі. Себебін уақыттың жар бермеуіне әкеп тіреп қояды. Баланың тыныш отыруы үшін телефонға телміртеді. Не көріп, не тыңдап жатқанынан бейхабар. Біз қоржынымызды балаларға арналған тәрбиелік мәні бар фильмдермен толтыруымыз қажет. Балалар көретіндей, қызығатындай анимациялық фильмдер керек-ақ. Әйтпесе, оның орнын шет елдік мультфильмдер, фильмдер басып алады. Балаларға бүгін не көрсетеміз, қандай контент ұсынамыз ертең соның жемісін өзіміз көреміз. 

Шүкіршілік, елімізде бейбіт заман орнағаны қашан. Тәуелсіз мемлекетпіз. Кейбір елдерде келеңсіз оқиғалар болып жатыр. Тіпті, соғысып жатқан мемлекеттер де бар. Егер, басымызға күн туса жастарымыз елді қорғай ала ма? Қорғайтындай патриоттық сезімдері бар ма? Осы жағын ойланайық. Ресейдің кейбір азаматтары ел-елді, жер-жерді кезіп, қашып кетуде. Олардың орнына жалдамы әскерлер жүр. Бұл бізге сабақ болуы керек. Біз балалардың бойында патриоттық сезімін ояту үшін бар күш-қайратымызды жұмсауымыз керек. Елін сүйетін, жерін қорғайтын батырларды өсіру үшін тәрбиені балалар фильмінен, мульт сериалдардан бастауымыз керек. Жаңа Қазақстанды жасайтындар енді ғана өсіп келе жатқан жастар екенін ұмытпайық. Идеологияның бір қаруы – ол балалар фильмі. Мәселен орыстар «Три богатырясын» тоқтаусыз шығарып жатыр. Ал бізде, Алпамыс, Қобыландының біреуі шыққан жоқ. Өзіміздің халық ертегілерімізді әлі шығара алмай жатырмыз.  Елді, жерді қорғайтын батырларды өсіру үшін мұның маңызы зор екенін әлі де дұрыс түсінбей отырмыз. Шын мәнінде керек контент – халық ертегілері. 

- Балапан телеарнасының маңызы қандай? Ол телеарнадағы контентті түрлендіру, сапасын жақсарту бойынша не ұсыныс айтар едіңіз?

- Балаларды тәрбиелеуге бір ғана «Балапан» жеткіліксіз. Тағы да сондай екі-үш телеарна болса, сапа күшейер еді. Бәсекелес болғанда ғана алға жылжу болады. Нарықтың заңы солай. Мұнымен телеарнаның жүйелі жұмыстарын жоққа шығарып отырғаным жоқ. Көңілім толады. Дегенмен, теледидарға балаларға арналған арнаны тағы да қосу керек. 

Біздің Шымкент – анимацияның орталығы бола алады. Себебі, «Сақ» киностудиясын Астана да, Алматы да, сіз айтып отырған «Балапан» телеарнасы да мойындаған. Марқұм Сатыбалды Нарымбетов ағамыз «Қазақфильмнің жиналыстарында «Сақ» киностудиясын көп айтады. Кіп-кішкентай ғимаратта отырып сапалы киноларды бере алады. Біз оларды үлгі етуіміз керек» деп айтатын дейтін. Мемлекет көп қаражатты балалар киносына жұмсаса бүгінгіден де сапалы киноларды түсіруге болар еді. Тәрбиенің бас құралы – балалар фильмі екенін түсінуіміз керек. 

Аида Өтеп

Дені сау ана - дені сау баланы дүниеге әкеледі
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамның дерті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу