"Абай өлеңдерін оқу" челленджі зиялы қауым арасында да өз жалғастығын табуда
Қазақстанда ұлы ойшыл, кемеңгер Абайдың 180 жылдығына арналған "Абай өлеңдерін оқу" челленджі Қазақстанның көзі қарақы қауымы арасында өз жалғастығын табуда, деп хабарлайды Zakon.kz.
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры да челленжде көш бастап, эстафетаны "Қазақстан камератасы" мемлекеттiк классикалық музыка ансамблiне жолдады. Бұл орайда Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Талғат Күзембаев ақынның "Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы" атты өлеңін оқыды.
"Абай – біздің ұлттық санамыздың темірқазығы, рухани биігі. Оның сөзі менойы уақыт өткен сайын тереңдеп, жаңаша үн қатуда. Ұлы кемеңгердің аманатынаадал болып, оның мұрасын келешек ұрпаққа лайықты жеткізу – бәрімізге ортақміндет. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театр ұжымы үшін бұлмерейтойдың орны тіптен бөлек. Себебі театр тұлғаның есімін иеленіп қана қоймай,оның мұрасын сахна арқылы дәріптеп отыр", - дейді театрдағылар.
Бүгін қазақ өнерінің абыз тұлғасы Асанәлі Әшімов Ұлы ақын Абайдың жауһар жыры - "Құлақтан кіріп бойды алар" өлеңін оқыды. Абайдың әр жолы – жүрекке жететін үн, ал Асанәлі Әшімовтің орындауында бұл өлең тыңдарманын терең ойға жетеледі.
Асанәлі ағамыздың эстафетасын Қазақстанның Халық әртісі, танымал эстрада әншісі Роза Рымбаева қабыл алды. Әнші Абайдың "Есіңде бар ма жас күнің" атты өлеңін оқыды.
Еліміздің белгілі актрисасы Жанна Қуанышева, Қайрат Байбосынұлы мен Қайрат Айтбаевтан челленджді қабылдап, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының "Будь разборчив в пути своем" атты өлеңін жүрекпен оқыды.
Ал Жанна Қуанышевадан эстафетаны қабыл алған актриса Гүлнара Досматова, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының жүрекке жылы, сыршыл "Тихой ночью" атты өлеңін оқыды.⠀Бұл — түн тыныштығында айтылған ой, адам жанының тереңінен шыққан сыр.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай өтетін салтанатты іс-шараға қатысушыларға өз құттықтауын жолдағаны хабарланған. Елордада бір мезетте 5 мыңға жуық оқушы Абайдың "Желсіз түнде жарық ай" әнін орындады. Алматыда қазақтың бас ақыны, ойшыл және ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған салтанатты рәсім өтті. Абай алаңындағы іс-шара мерекелік бағдарламаның басты оқиғасына айналып, оған 5000-нан астам қатысушы жиналды.