Президент Жолдауы: «Таза Қазақстан» акциясы 10,4 млн-нан астам адамды игілікке ұйыстырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» ауқымды республикалық экологиялық акциясы өтуде. Бұл бастаманың мақсаты – еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту ғана емес, сонымен қатар азаматтардың экологиялық жауапкершілікті ойлауын қалыптастыру, сана мен ой тазалығын сақтау, отансүйгіштік, табиғатты аялау мәдениетін дамыту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қоғамның қатысуын арттыру.
Елімізде жүріп жатқан экологиялық акция барған сайын қоғам өмірінің саналы бөлігіне айналып келеді. Аулаларын, көшелерін, саябақтарын таза ұстап, ағаш отырғызуға, сенбіліктерге және қоршаған орта мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған басқа да іс-шараларға белсене қатысатын қазақстандықтар көбейіп келеді. Бастама іске қосылғалы бері 10,4 млн-нан астам адам экологиялық акцияға қатысты.
Мемлекеттік шаралар және заңнамалық өзгерістер
Үкімет қоғамдық бастамалармен қатар, Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын және өзге де тапсырмаларын жүзеге асыру аясында экологиялық саясатты жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде. Басым бағыттардың бірі – экологиялық бақылауды цифрландыру, озық табиғатты қорғау технологияларын енгізу, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мәселелерін реттейтін нормативтік-құқықтық базаны жаңарту.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында 2024 жылдың қазан айында «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы Үкімет қаулысы қабылданды. Бұл құжат қоғамда экологиялық құндылықтар қалыптастыру саласындағы мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағытын айқындайды.
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасының негізгі бағыттары
Тұжырымдама экологиялық мәдениетті қалыптастырудың кешенді тәсіліне бағытталған. Негізгі бағыттар арасында:
халықтың экологиялық санасы мен тәртібін дамыту;
экологиялық жауапкершілікке құрылған өмір салтына ынталандыру жүйесін құру;
экологиялық ағартушылық және білім беру;
экология мәселелерін ақпараттық тұрғыда кеңінен жариялау.
«Тұжырымдама азаматтардың табиғатқа деген құрметін қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын түсінуге және экологиялық мәселелерді шешуге белсенді қатысуға бағытталған», — деп атап өтті экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Мұндағы бизнес пен ірі кәсіпорындардың рөліне ерекше назар аударылып отыр – олар табиғатты қорғау бастамаларын жүзеге асыруда маңызды серіктестер ретінде қарастырылады. Қазақстандағы көптеген компаниялар қазірдің өзінде-ақ «Таза Қазақстан» аясындағы іс-шараларға қатысып, орнықты технологияларды енгізуде және өздері орналасқан өңірлердегі экожобаларды қолдауда.
Тұжырымдаманы іске асыру үшін аумақтарды көгалдандыру, эковолонтерлік қозғалысты дамыту, экологиялық конкурстар өткізу және орнықты даму мәселелері бойынша халықпен белсенді жұмыс істеу жөніндегі нақты іс-шараларды қамтитын іс-қимыл жоспары әзірленді. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар өңірлік жоспарларын бекітті, бұл бастаманы еліміздің әрбір өңірінің ерекшеліктеріне қарай бейімдеуге мүмкіндік береді.