Шымкентте коммуналдық қызмет заманауи стандартқа өтті
Шымкент қаласында тұрғын үй-коммуналдық салада цифрлық технологияларды енгізу арқылы қызмет көрсету сапасын арттыру мен тұрғындарға ыңғайлы ортаны қалыптастыру бағытында бірқатар жобалар іске асырылып жатыр. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлының айтуынша, бұл жүйелер тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге және коммуналдық қызметтердің тиімділігін арттыруға көмектеседі.
Жылу желілерін тексеруді жеңілдету үшін пилоттық режимде 7 мекенжайда «Art code» жүйесі іске қосылды. Бұл жүйе жасанды интеллект технологиясын қолдана отырып, құбыр ішін сканерлейді және ақауларды анықтайды. Нәтижесінде жөндеу жұмыстарын дер кезінде жүргізу, жылу мен энергияны үнемдеу мүмкіндігі артады.
Ритуалдық қызметтерді онлайн тапсырыс арқылы жеңілдету мақсатында «Jerleu» жүйесі енгізілді. Енді тұрғындар бір жерден қажетті қызметті таңдап, тапсырыс бере алады. Бұл әкімшілік рәсімдерді қысқартуға, уақыт үнемдеуге және қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Энергия тиімділігін арттыру мен ресурстарды басқаруды автоматтандыру үшін Нұрсат шағынауданындағы №158 тұрғын үй пилоттық нысан ретінде алынған. Мұнда «АСУЭ» жүйесі және «ақылды» есептегіштер орнатылып, олардың жай-күйі мен жұмыс тиімділігі зерттелуде. Жүйе энергия шығынын бақылап, коммуналдық қызметтерді тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, экологиялық жағдайды бақылау үшін Тұран және Еңбекші аудандарында бес мекенжайда мониторинг жүйесі орнатылған. Қазіргі уақытта уәкілетті органдармен бірге ауа сапасын және экологиялық элементтерді сараптау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жүйе қаладағы экологиялық ахуалды нақты бақылауға және қажет шараларды дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді.
Шымкент қаласында тұрғын үй-коммуналдық саладағы цифрлық жобалар тұрғындарға сапалы, тиімді және қауіпсіз қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Жасанды интеллект, «ақылды» есептегіштер мен онлайн қызметтер тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп, қаланы заманауи стандарттарға сай басқаруға жағдай жасайды. Жоба аясында қызмет көрсету уақыты қысқартып, тұрғындардың шағымдары азайтылды. Сонымен қатар, цифрлық жүйелер қаланың инфрақұрылымын кешенді түрде бақылауға мүмкіндік беріп. Шымкенттегі жаңа технологиялар тұрғындарға ыңғайлы, экологиялық таза және тиімді коммуналдық қызмет көрсетуге жол ашып отыр. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, қала өмірін одан әрі жақсартуға бағытталады.