Мақсат – адал, білімді әрі отаншыл ұрпақ тәрбиелеу
Шымкент қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов қалалық ҚХА жанындағы этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен және қоғамдық құрылымдардың жетекшілерімен кездесті.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ашып жүргізген жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХIV сессиясы мен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында межеленген міндеттер айтылып, саяси құжатта жүктеген тапсырмаларды іске асыруда Ассамблея белсенділерінің әлеуетін ұтымды жұмылдыру жайы сөз болды.
Еліміздің тұрақты дамуы үшін ішкі бірлікті бекемдеу, этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтау әрбір азаматтың мерейлі міндеті екені қалалық ҚХА мүшелерінің назарына жеткізілді.
Емін-еркін өткен жиында Марат Алмасұлы қалалық этномәдени бірлестік төрағаларын ашық пікір алмасуға шақырды. Өтініш, бұйымтай, сын болса, құлақ асып тыңдауға дайын екенін жеткізді.
– Осыған дейін өткен түрлі жиындар мен кездесулерде, басқосуларда үнемі мен сөйлеп келемін. Бүгін Шымкентке ат басын бұрып, сіздерді тыңдап, пікір алмасу үшін келіп отырмын. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне, іске асырып жатқан жобаларына қатысты ойларыңыз, ұсыныстарыңыз болса, айтыңыздар, – деді Марат Алмасұлы.
Жиында қалалық М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті «Тарих және этнология» ғылыми орталығының басшысы, «Қазақтану» журналының жауапты редакторы Шолпан Торғаутова, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің департамент директоры, қалалық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың жетекшісі Қайрат Анарбаев, қалалық ҚХА жанындағы Этномедиация кеңесінің төрайымы Дана Кенжеқұлова, қалалық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Латипша Асанов, қалалық ҚХА төрағасының орынбасары, қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Юрий Пан, қалалық ҚХА төрағасының орынбасары, қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаев, қалалық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Батырбек Жалмұрзаев сөз сөйлеп, ҚХА институтының қызметі, атқарылған жұмыстары мен жобалары туралы пікірлерін айтты.
Кездесу соңында қалалық «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығының» төрағасы Рамазан Матаев пен қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Шухрат Рузметовке Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» медалі, Жұмабек Тәшенев университетінің ректоры Қанат Байболов пен Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаеваға және қалалық әзірбайжан этномәдени орталығының мүшесі Адиль Алиевке Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хаты табысталды.
Ашық жүздесуді қорытындылаған ҚХА төрағасының орынбасары пікірлердің назарға алынатынын айтты.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның жанындағы қоғамдық құрылымдарға артылған ауқымды міндеттің түпкі мақсаты – елдің ертеңі үшін адал, білімді әрі отаншыл ұрпақ тәрбиелеу, – деді Марат Әзілханов.
Жиын соңында ҚХА төрағасының орынбасары кездесуге келген этнос өкілдеріне алғыс айтып, Достық үйіндегі қалалық этномәдени бірлестіктердің жұмыс кабинеттерін аралап көрді.