СҚО-да 5 жасар бала тірідей жанып кетті
Солтүстік Қазақстан облысында шыққан өрт салдарынан бес жасар бала қаза тауып, қылмыстық іс қозғалды. Оқиға 18 қаңтар күні Қызылжар ауданындағы Ольшанка ауылында орын алған.

Алдын ала мәлімет бойынша, 33 жастағы әйел мен 31 жастағы ер адам пешті жағып, қонаққа кеткен. Олар бес жасар қызды үйде жалғыз қалдырып, есікті сыртынан құлыптап кеткені анықталды. Аталған отбасы бұған дейін қолайсыз отбасы ретінде есепке алынған. Көршілердің айтуынша, бала жиі қараусыз қалдырылған.
СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен сәтте екі пәтерлі үй толықтай отқа оранып, шатыр конструкциялары опырылып түскен. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 35 адам мен 11 бірлік техника тартылған. Алдын ала болжам бойынша, өрт пешпен жылыту кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан шыққан.
Өртті сөндіру барысында үйінділер арасынан баланың күйіп кеткен мәйіті табылды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта полиция қаза тапқан баланың анасына қатысты қылмыстық жауапкершілік мәселесін қарастырып жатыр. Сонымен қатар өрт салдарынан екінші пәтерде тұрған көршілер де баспанасыз қалған.


