Енді медиктер 5 жыл сайын лицензия алуы тиіс

Oinet.kz 21-01-2026 44

Қазақстанда медициналық қызметке берілетін лицензиялардың «мәңгілік дәуірі» аяқталуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдарға лицензияны бес жылдық мерзіммен беру тетігін кезең-кезеңімен енгізуді қарастырып жатыр. 

image.png

Министрліктің мәліметінше, 2026 жылға бекітілген Іс-шаралар жоспары аясында медициналық қызметке берілетін мерзімсіз лицензиядан бас тарту көзделіп отыр. Оның орнына әр бес жыл сайын медициналық ұйымдардың белгіленген стандарттарға сәйкестігі қайта бағаланатын болады.

Ресми түсіндірмеге сәйкес, бұл қадам медициналық мекемелердің кадрлық әлеуетін, материалдық-техникалық базасын және көрсетілетін қызметтің сапасын тұрақты бақылауда ұстауға бағытталған. Яғни, бір рет лицензия алып, жылдар бойы еш тексерусіз жұмыс істеу тәжірибесіне тосқауыл қойылмақ.

Сонымен қатар, 2026 жылдың қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласындағы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты бұрынғы жеңілдік жойылады. Бұған дейін олар мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін алғашқы үш жыл бойы тексерілмейтін. Енді бұл шектеу алынып тасталады.

Министрліктің айтуынша, бұл шешім бақылау жүйесіндегі теңсіздікті жойып, медициналық ұйымдардың жұмысының бастапқы кезеңінде-ақ жүйелі заңбұзушылықтардың жиналып қалуына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі Қаржылық мониторинг агенттігімен және өзге де уәкілетті органдармен бірлесіп, МӘМС пен ТМККК аясында қызмет көрсететін жекеменшік медициналық ұйымдарға кешенді ревизия жүргізіп жатыр. Тексеру барысында бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы басты назарда.

Қазіргі таңда Қазақстанда медициналық қызметке лицензиясы бар 22 905 денсаулық сақтау субъектісі тіркелген. Оның ішінде 8 803-і – мемлекеттік, 14 102-сі – жекеменшік медициналық ұйым.

Нұрайдың ағасы Президентке алғыс айтты
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу