Өткен жылы Қазақстанда жол апатынан 2,3 мың адам қаза тапқан
Қазақстанда жол-көлік апаттарының саны өсіп келеді. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, өткен жылы елде 36,1 мың жол апаты тіркелген. Бұл — бір жылда 14,4%-ға, ал соңғы он жылда екі есеге артқан деп жазады ranking.kz-ке сілтеме жасаған Оinet.kz порталы.

Елімізде 2015–2019 жылдары автокөлік көбейгеніне қарамастан, апат саны азайған. Алайда 2021 жылдан бастап кері үрдіс байқалып, 2024 жылы жол апаттары бірден екі есе көбейген. Бұл деңгей 2025 жылы да сақталған.
Статистикалық деректерге сүйенсек жол апаты ең көп орын алатын өңір Алматы қаласы (бір жылда 7,6 мың жағдай). Астанада соңғы он жылда апат саны үш есеге артқан. Сондай-ақ Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында көрсеткіш бірнеше есеге өскен.
Өткен жылы жол апаттарынан 51,6 мың адам зардап шеккен. Оның 49,2 мыңы жарақат алған, 2,3 мың адам қаза тапқан. Қайтыс болғандар саны азайғанымен, жыл сайын жолда 2 мыңнан астам адам көз жұмады.
Апаттардың 83%-дан астамы елді мекендер ішінде болғанымен, адам өлімі көбіне қала сыртындағы жолдарда тіркеледі. Халықаралық маңыздағы трассаларда апат саны азайса, аудандық жолдарда жол апаты үш есеге артқан.
Сонымен қатар жолдың сапасыздығына байланысты 5,9 мың апат тіркеліп, салдарынан 8,1 мың адам зардап шеккен. Негізгі себептер — тайғақ жол, шұңқырлар, жарықтың жеткіліксіздігі, тротуар мен жол белгілерінің жоқтығы. Осы факторлардан 356 адам қаза тапқан.


