FlyArystan қолжүк салмағын 7 кг-ға дейін ұлғайтты
1 наурыздан бастап FlyArystan әуекомпаниясының жолаушылары енді 5 кг орнына салмағы 7 кг-ға дейінгі қолжүгін алып жүре алады.

Әуекомпаниясының мәліметінше, норма 7 кг-ға дейін ұлғайтылғанымен, қолжүк өлшемдері өзгеріссіз (56×23×36 см) қалады.
"Бұл шешім жолаушылар сұранысының құрылымын, операциялық үдерістерді және әуе тасымалдаушылардың нарықтағы тәжірибесін қамтыған кешенді бизнес-талдау нәтижесінде қабылданды", - делінген хабарламада. Жаңа ережелер 2026 жылғы 1 наурыздан бастап күшіне енеді және осы күннен бастап орындалатын рейстерге рәсімделген барлық әуе билетіне, оларды сатып алу күніне қарамастан, қолданылады. Ал 2026 жылғы 28 ақпанға дейін (қоса алғанда) орындалатын рейстер бұрынғы талаптар бойынша, яғни бір жолаушыға 5 кг-ға дейінгі қолжүк нормасымен жүзеге асырылады.
"Сонымен қатар әуекомпаниясы one-piece concept қағидатын сақтайды: жолаушы өзімен бірге белгіленген салмақ пен өлшем талаптарына сәйкес келетін бір ғана қолжүк алып жүре алады. Әуекомпаниясының 2024-2025 жылдардағы деректеріне сәйкес, FlyArystan жолаушыларының шамамен төрттен үшеуі сапарға тек ең аз көлемдегі қолжүкпен шыққан", - делінген хабарламада.


