Астана әуежайында бір топ ер адам ана мен балаға арналған бөлмеде намаз оқыған
Әлеуметтік желілерде Астана әуежайында болған жағдайға байланысты дау туындады. Жолаушылардың бірі екі айлық сәбиімен ана мен балаға арналған бөлмеге кіре алмай қалғанын айтып шағымданды, деп жазады Оinet.kz тілшісі.

Оның сөзінше, бөлмені намаз оқыған ер адамдар пайдаланып, бірнеше қолында сәбиі бар аналарды дәлізде шамамен 15 минут бойы күтуге мәжбүр еткен.
Әйелдің айтуынша, әуежайда ресми намаз бөлмесі бар, алайда ер адамдар дәл ана мен балаға арналған бөлмені таңдаған. Намаздан кейін олар бөлмеден шығуға асықпаған. Диванға жайғасып, біраз уақыт телефондарын шұқылап отырған. Жолаушының айтуынша олар сыртта күтіп тұрған аналарды елемеген.
Шағымданған келіншек дінге құрметпен қарайтынын атап өтті, бірақ арнайы бөлмелерді өз мақсатынан тыс пайдалану, әсіресе аналарды қиын жағдайға қалдыру дұрыс емес екенін мәлімдеді.


