Үстіне ағаш құлаған баланың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды

Oinet.kz 13-02-2026

Шымкент қаласында көпқабатты үйдің ауласында болған қайғылы жағдайдан кейін қылмыстық іс қозғалды, деп жазады Оinet.kz порталы.

image.png

Полицияның хабарлауынша, 11 ақпанда аулада ағаш құлап, бала жарақат алғаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына жеткен қызметкерлер ағаштың 10 жастағы баланың үстіне құлағанын анықтаған. Бала алған жарақатынан сол жерде көз жұмды.

– Адам өліміне әкеліп соқтырған қызметтік міндеттерге салғырт қарау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлады Шымкент қалалық Полиция департаменті.

Алдын ала деректерге қарағанда, бала ойын кезінде бұтақтарына қалың қар жиналған ағашты өзіне қарай тартып көрген. Сол сәтте жиналған қар сырғып түсіп, артынан ағаш құлаған.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүріп жатыр. Қала әкімдігінде де қызметтік тексеріс басталып, арнайы комиссия құрылған.

Ресми органдар қаза тапқан баланың отбасына көңіл айтып, қажетті көмек көрсетілетінін хабарлады.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, сол күні синоптиктер қатты жауын-шашын, көктайғақ, боран, тұман және желдің күшеюі туралы ескерту жасаған. «112» желісіне түскен шақыртуларға байланысты құтқарушылар ағаш құлау оқиғаларына 11 рет шығып, салдарын жоюға 41 қызметкер мен 11 техника жұмылдырған.

Референдумға 20,8 млрд теңге жұмсалмақ
Омбыдағы балабақшада ұл бала қазақ болғаны үшін мазаққа ұшыраған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу