СІМ: 467 қазақстандық елге қайтарылады
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі құзыретті органдармен бірлесіп, шиеленіс аймағынан азаматтарды эвакуациялау бойынша алғашқы рейстерді ұйымдастырды, деп жазады Оinet.kz.

Алматы – Масқат – Алматы бағыты бойынша екі рейс жоспарланған.
Сейсенбі күні таңертең 278 қазақстандық Дубай қаласындағы ҚР Бас консулдығы қызметкерлерімен бірге жерүсті көлігімен
Масқатқа жолға шықты. Біріккен Араб Әмірліктері мен Оман шекарасында азаматтардың шекаралық рәсімдерден жедел өтуі үшін консулдық қолдау көрсетілді.
Кейін осы бағыт бойынша 189 қазақстандықтан тұратын екінші топтың ұшуы жоспарланған. Осылайша, жалпы саны 467 Қазақстан азаматы елге оралады.
Әуе рейстерінен бөлек, эвакуация жерүсті бағыттары арқылы да жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Қазақстанның Тегеран, Ашхабад және Горган қалаларындағы мекемелері Иран–Түрікменстан шекарасындағы «Инчебурун» өткізу пункті арқылы 15 ҚР азаматының қауіпсіз өтуін қамтамасыз етті. Оларға әрі қарай Ақтау қаласына жетуіне қажетті қолдау көрсетілді.
Сондай-ақ, Тегеран және Ереван қалаларындағы дипломаттар Иран аумағынан «Заркух» компаниясының 35 қызметкерінің Иран–Армения шекарасы арқылы автобуспен шығуына жәрдемдесті.
Өңірдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері эвакуация толық аяқталғанға дейін жұмыстарды үйлестіруді жалғастырып, азаматтармен тұрақты байланыста.


