Алматылықтардың неден «уланып» жатқаны белгілі болды
Алматыда алғаш рет PM2.5 ұсақ бөлшектерінің химиялық құрамы зерттеліп, мегаполистегі қара түтіннің негізгі көздері анықталды. Бұл туралы Almaty Air Initiative қоры хабарлады.

Зерттеуді қазақстандық және халықаралық ғалымдар бірлесіп жүргізген. Ауа сынамалары 2022 жылдың тамыз айынан 2023 жылдың шілдесіне дейін жиналып, кешенді талдаудан өткен.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қаладағы ауа ластануының 54 пайызы жану процестеріне байланысты. Бұған жылу электр орталықтарының шығарындылары, жеке сектордағы отын жағу және атмосферада түзілетін қосалқы аэрозольдар кіреді.
Атап айтқанда, көмір мен биомассаны жағу жалпы ластанудың 34 пайызын құрайды. Оның ішінде ЖЭО мен қазандықтардың үлесі – 18 пайыз, ал жеке үйлерді жылыту – 16 пайыз. Мамандардың айтуынша, қыс мезгілінде ауа айналымының әлсіреуі бұл факторлардың әсерін күшейтіп, тұрғындар денсаулығына қауіп төндіреді.
Сонымен қатар ластаушы заттардың атмосферада жиналып қалуы 20 пайыз үлеске ие. Алматының географиялық ерекшеліктеріне байланысты зиянды бөлшектер ауада ұзақ уақыт сақталып, химиялық реакциялар арқылы уыттылығы арта түседі.
Жолдағы шаң да маңызды факторлардың бірі — оның үлесі 32 пайызды құрайды. Көлік қозғалысы, құрылыс жұмыстары және жол жамылғысының тозуы нәтижесінде пайда болатын ұсақ бөлшектер үнемі ауаға көтеріліп тұрады. Әсіресе, магистральды көшелерде бұл көрсеткіш жоғары. Зерттеу бойынша, ең қауіпті бөлшектердің қатарында асфальт пен резеңкенің үйкелуінен пайда болатын тозаң бар.
Ал автокөлік шығарындыларының үлесі 14 пайызды құрайды. Қозғалтқышта жанармай жануынан бөлінетін газдар да ауаның сапасына кері әсер етеді.
Мамандардың пікірінше, Алматыдағы қара түтін бір ғана себептен емес, бірнеше фактордың қосындысынан туындайды. Сондықтан мәселені шешу үшін кешенді шаралар қажет. Атап айтқанда, көмір жағуды азайту, жолдағы шаңды төмендету және көлік шығарындыларын бақылауды күшейту маңызды.
Almaty Air Initiative қорының басшысы Жұлдыз Сәулебекованың айтуынша, ауа сапасын жақсарту үшін инфрақұрылымды дамыту мен бақылау жүйесін жетілдіру де басты бағыттардың бірі болуы тиіс.


