Ресейдегі төбелес: Ұсталғандардың арасында қазақстандықтар болуы мүмкін
Әлеуметтік желілерде Ресейдің Ленинград облысында болған жанжалдың видеолары кеңінен таралуда. Кейбір деректерге сүйенсек, жаппай төбелеске қатысқандардың арасында Қазақстан азаматтары болуы мүмкін.

Осыған байланысты Санкт-Петербургтегі Қазақстанның Бас консулдығы Усть-Луга кентінде орын алған оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.
Министрліктің хабарлауынша, жанжал 2026 жылғы 26 наурызда “Велестрой” компаниясының нысанында болған. Алдын ала ақпарат бойынша, оқиғаға қатысы бар адамдарды Ресейдің құқық қорғау органдары тексеру үшін ұстаған.
Қазіргі таңда қазақстандық дипломаттар Ресейдің құзырлы органдарымен және компания басшылығымен байланыс орнатып, ресми сауалдар жолдаған. Сондай-ақ Санкт-Петербург қаласы мен Ленинград облысы бойынша ІІМ бас басқармасымен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатыр.
Негізгі мақсат – жанжалға қатысқан Қазақстан азаматтарының нақты санын және олардың құқықтық мәртебесін анықтау.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы, соның ішінде төбелестің себептері мен ұсталғандар саны нақтылануда. Аталған мәселе ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше бақылауында.


