Қазақстан мен Корея арасында мұнай келісімі аяқталуда
Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты Оңтүстік Корея балама энергия көздерін қарастырып, Қазақстаннан мұнай жеткізу туралы келісімге қол қоюға жақындап отыр. Бұл жөнінде елдің өнеркәсіп министрі Ким Чжон Кван мәлімдеді, деп жазады Оinet.kz.

Оның айтуынша, келіссөздер айтарлықтай ілгерілеген, сондықтан нақты көлемдер мен басқа да шарттар жақын күндері жария етілуі мүмкін. Министр бұл туралы KBS телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Бұған дейінКан Хун Сик Кимм бастаған делегация Қазақстанға арнайы барып, мұнай мен нафта жеткізілімін қамтамасыз ету мәселесін талқылаған. Бұл қадам Ормуз арқылы тасымалдауда туындаған тәуекелдермен байланысты қолға алынған.
Министрдің сөзінше, Қазақстан географиялық тұрғыдан алыс көрінгенімен, жеткізу мерзімі АҚШ тасымалмен шамалас — шамамен 50–60 күн. Сондықтан бұл бағыт ұзақ мерзімді перспективада жеткізілім арналарының тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Оңтүстік Корея энергия ресурстары импортына айтарлықтай тәуелді. Мұнайдың шамамен 70 пайызы Таяу Шығыс елдерінен жеткізіледі. Сонымен қатар, жуырда БАӘ елінен 24 млн баррель мұнай жеткізу туралы келісім жасалған.


