Айтжан Әшірхан: «Көршілерім әкемді төбелеріне көтерсе екен дедім»

Oinet.kz 22-07-2017 959

Screenshot_9.jpg

Айтжан Әшірхан, жасөспірімдер арасында бокстан Азия біріншілігінің жеңімпазы

Күні кеше Филиппинде жасөспірімдер арасында әуесқой бокстан Азия біріншілігі өтті. Бұл біріншілікте біздің құраманың спортшылары топ жарды. Олар 6 алтын, 2 күміс және 2 қола алып, мерейлері тасыды. Әсіресе, осы біріншіліктегі ең басты қарсыластары – Өзбекстан боксшыларынан бірде-бір жекпе-жекте (барлығы 7 жекпе-жек) жеңілмеді. Көздерінде от ойнаған, бойларын жалын кернеген жасөспірімдерге қарап, Олимпиада жеңімпаздары - Бекзат Саттарханов, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиевтердің ізін жалғап, жаңа боксшылар шоғыры өсіп келе жатқанын байқадық.   

Біріншілікте 54 келі салмақта Айтжан Әшірхан есімді жігіт ерекше көзге түсті. Ол барлық кездесуде қарсыластарын айқым басымдықпен жеңіп, бұл жарысқа зор дайындықпен келгенін көрсетті. Біз жарыс біте сала Айтжанмен сөйлескен едік.

- Айтжан, жеңісің құтты болсын! Жалпы, жарыс қалай өтті? Қандай да бір қиындықтарды бастан кештің бе?

- Рақмет! Жарыс жоғары деңгейде өтті. Филиппин елі бізді қонақжайлықпен қарсы алып, емін-еркін жаттығуымызға жағдай жасады. Осыған дейін Азия біріншіліктерінде шетел спортшылары тамақ жағынан қиналып жататын. Мұндай қиындық биыл болмады. Филиппиндіктер өзге елдерден келгендерге бірыңғай ащы тағамдар ұсынбай, түрлі рецептерімен қуантты.

Жарыс 5 күнге созылды. Алғашқы күндері бойымда қорқыныш болды. Алғашқы жекпе-жекте-ақ жеңіліп қалмаймын ба деп те уайымдадым. «Жығылғанды жер көтереді» дейді ғой. Бірақ, мен сонау Филиппинге ат арылтып барып, еліме масқара болып оралғым келмеді. Кемі үшінші орын алсам екен деген ойлар да болды. Өз-өзімді қамшылап, шаршы алаңға шықтым. Міне, сол кезде бойымдағы бүкіл уайым жойылып, күдік сейіліп кетті. Осы ырғақпен бірінші орыннан көріндім. Финалда өзбек боксшынан жеңіліп қалу қаупі болды. Дегенмен, 3 раундта осал тұсын анықтап, оны ұттым.  

- Боксты таңдауыңа не себеп болды?  

- Мен боксқа осыдан 3 жыл бұрын келдім. Сол уақытта біздің Геннадий Головкин шаршы алаңға жиі шығып, қарсыластарын нокаутқа түсіріп жүрді. Барша қазақстандықтар Генаны құрметтеп, ол туралы тек жылы сөз айтатын. Көшеде құлдыраңдап жүгіріп жүрген ойын балалары «Мен Головкинмін», «Жоқ, мен Головкинмін» деп бір-бірімен керісіп қалатын. Үйде әкем де Генаның жекпе-жектерін тамашалап, оның жойқын соққыларына сүйсініп отырушы еді. Сол кезде мен «неге Головкиндей болмасқа?» деп ойладым. Менде сол боксшы секілді сүйіспеншілікке бөленгім келді. Әкем менімен мақтанса, көршілер әкемді «боксшының әкесі» деп төбелеріне көтерсе екен армандадым. Осы арман мені боксқа жетелеп алып келді. Ол кезде мен 13 жаста едім. Жаттықтырушым – Нұрсұлтан Төлеманов болды.

Содан аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда бағымды сынап жүрдім. Менің бойымдағы боксқа деген махаббатымды байқаған жаттықтырушым мені Алматыдағы «Шаңырақ» атты спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатына жіберді. Дәл қазір мен осында білім алып жатырмын. Бұған дейін мен өзімнің туған жерім – Шардара ауданы, Көксу ауылында оқыдым. 

Бүгінде жастар арасында жақсы тенденция қалыптасып келеді. Спортқа қатысы бар, қатысы жоқ қатарластарым да салауатты өмір салтын ұстанады. Ішімдік, алкогольді сусындардан бойын аулақ ұстайды. Бұрындары спортшылар зиянды әрекеттерге жақын еді. Қазір мұндай емес. Бұны оң үрдіс деп білемін.  

Cұхбаттасқан Абылай Есімбай

Зәуре Бекембайқызы: «Тойдан тапқан қаржыға костюм тіктіреміз»
Мақсат Айтжанов: «Ата-анамнан жылу көрген емеспін»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу