Дина Исламбекова: ​«Жаным әділдікті қалайтындықтан бокс үйірмесіне жазылдым»

Oinet.kz 29-11-2017 875

Screenshot_7.jpg

Бұл апта тартысқа толы... Дәл қазір Үндістанда Гувахати қаласында U-18 дәрежесі бойынша боксшы қыздар арасында әлем біріншілігі өтуде. Біріншілік өз мәресіне апта соңында жетеді. Бұл біріншілікке Қазақстаннан бір топ боксшы артынып-тартынып кеткен болатын. Топ қатарына Оңтүстіктен Дина Исламбекова да қосылған еді. Көптеген турнирлерде жойқын соққыларымен көрермендерді тәнті етіп жүрген Дина әлем боксшылары жиналған дүбірлі додада ел сенімін ақтай ала ма? Ол бұл жарысқа қаншалықты дайын? Біз осы жөнінде Динамен біріншілік алдында сұхбаттасқан едік: 

– Мен XXI ғасыр енді басталған жылы сарша тамызда Ташкент қаласында дүниеге келіппін, - дейді Дина. – Содан болар, мені кей аға-әпкелерім жаңа ғасыр қызы деп атайды. Ес білген шағымнан бастап көбіне ер балалармен ойнап өсіппін. Қуыршақ секілді ойыншықтарды мүлдем менсінбей, мұрнымды шүйіре қараған екенмін. Әлімжеттікке жаным қас болды. Егер әлдекім әлсіз біреуге күш көрсетсе, мен жазықсыз зәбір көріп жатқан жанға жақтасып шыға келемін. Осы мінезіме сәйкес, біраз қатарластарыммен жұдырықтасып өстім. Нәтижесінде, жаным әділдікті қалайтындықтан 14 жасымда бокс үйірмесіне жазылдым. Әкем мені әрқашан қолдап-қолпаштап жүретін. Не істесем де қарсы болған емес. Ол менің өзіндік пікірі бар қыз болғанымды қалады және осыған сай тәрбиеледі. Сондықтан да, ол боксқа баруыма анау айтқандай қарсылық білдіре қоймады. Әйтсе де, анам мен әжем менің бұл ісімді құптамады. Бокс қыз баласына тән спорт емес екенін айтып, мені райымнан қайтаруға әрекеттенді. Бірақ, өз дегенімнен қайтпадым. Боксқа қатысатынымды естігенде мұғалімдерім таң қалды. Олар ешқандай пікір білдірмеді, бейтараптық танытты. Дегенмен, аз уақыт ішінде жоғары нәтижеге қол жеткізгесін, олар менің шешімім жай ғана қиял емес, шынайы екеніне көз жеткізді. Яғни, мен боксқа келе сала қала, облыстарды былай қойғанда, Қазақстан біріншілігінде топ жардым. Бүгінде ел біріншілігінің үш дүркін жеңімпазымын. «Бәлкім, ел ішінде қыздар жекпе-жегі әлі жоғары деңгейде дами қоймағандықтан, лайықты қарсылас табылмады» деп өз-өзімнен қуыстанып жүргенімді жасырмаймын. Дегенмен, 2015 жылы Әлем біріншілігінде күміс жүлдегер атануым, менің бойымдағы комплексті жойды. Бойымда өз-өзіме деген зор сенім және құрмет пайда болды. Әрине, көктен салбырап түсе салған жоқпын. Мені боксқа баулыған бапкерім – Алмас Қуатбековке айтар алғысым шексіз. Ол менің спортшы ретінде өсуіме көп еңбек сіңірді. 

Барлық саладағыдай, спортта өзіне тән спецификалық қызықтар болып тұрады. Осыдан бірер жыл бұрын Сербияда бір жарыс ұйымдастырылды. Үстімде көк форма болғасын, бапкерім, көмекшілерммен бірге көк бұрыштан шықтым. Қарсыласым қызыл бұрыштан шықты. Бірақ, төреші басын шайқап, бізді бұрышқа кері қайтарып жіберді. Сөйтсем мен қызыл бұрыштан, ал, қарсыласым көк бұрыштан шығыпты. Негізі, бұл бокста ірі қателікке жатады. Мен қызыл бұрыштан шыққасын, қарсыласым «ереже өзгерген шығар» деп ойлап, көк бұрышқа айналып барып тұра қалған ғой.  

Бүгінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «спорт және дене шынықтыру» факультетінде білім алып жатырмын. Мұнда спортпен емін-еркін айналысуыма барлық жағдайды жасаған. Бізге демеу көрсетіп отырған университет басшылығына алғысым шексіз. Әрине, армансыз адам болмайды. Менің дәл қазіргі арманым Үндістандағы Әлем біріншілігінде жеңімпаз атану. Ары қарай бәрі өз уақытымен. Мысалы, Пеле десе Бразилия, Зидан десе Франция еске түседі ғой. Яғни, спортшы – ел айнасы. Алдағы уақытта мен де өз елімнің айнасы болғым келеді. 

Сонымен қатар, бокс үйірмесінен бөлек, курстарға барып ағылшын тілін меңгеріп жүрмін. Егер болашақта спорттан кетіп жатсам, аудармашы болғым келеді. Немесе фотограф. Себебі, мен фото түсіруге ерекше қызығамын. Бос уақытымда әрбір көріністі шырт еткізіп түсіріп алып жатамын. Әрине, бұлар екінші кезектегі нәрселер. Қазіргі таңда елімізде спорт саласынының дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Егер жетістікке жеткің келсе шелектеп тер төгуің керек. Әрине, бұл үшін спортшыға ең бірінші айқын мақсат, содан кейін нақты еңбек қажет екенін бәрі біледі. Сонымен қатар, мен кез-келген спортшыға жігер, қайрат, төзім керек дер едім. Және жаттығу залында үйренгеніңді көшеде мүлдем көрсетпеу керек. Мұндай қылық адамды дегредацияға алып келеді. Мен шетел асқан сайын ең бірінші әжемді және әке-шешемді сағынамын. Сонда түсінгенім, отбасы – өмірдегі ең басты құндылығың, байлығың!

Сұхбаттасқан Абылай Есімбай

Еркін Рақышев, режиссер: «Арамызда тек көк бөріден емес, шибөріден де тарағандар бар»
Лаура Есенкелді: «Спортшыға ең бірінші керек қасиет - бірқалыптылық»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу