Әбілдә Аймақ: «Әдеби ортаның Алматыда немесе Астанада болуы шарт емес»

Oinet.kz 18-05-2014 1008

- Осыдан үш-төрт жыл жыл бұрын белгілі ақын Бақытжан Алдияр  ізін басып келе жатқан ақын-жазушылардың аздығын алға тартып,  «Артыма қарасам қорқамын» деген мақаласын «Рейтинг»  газетінде жариялаған еді.  Алпысқа келіп жатқан сізді осындай бір ой мазаламай ма?

- Жоқ. Жалпы, адам баласы ешқашан да түңілмеуі тиіс. Бір жағы Бақытжаның айтқан сөзінің де жаны бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары  кітапханалар жабылды. Рухани тоқырау басталды. Екі мыңыншы жылдарға дейін әдебиетте үңірейген бір жыраның болғаны рас. Бірақ өтпелі кезең артта қалды ғой. Кейінгі жас ақындардың қадамына өз басым ризамын. Олар: Сәрсенхан, Әлімжан, Дәурен. Қытайдан келген Бақбер деген жігіт бар. Қазақтың қара өлеңі жаңаша сипатта өріліп жатыр. Құдайға шүкір дейік, енді қорқатын түк те жоқ.

Screenshot_13.jpg

- Сол тоқсаныншы жылдарға дейін кітапқұмар қауымның қарасы қалың болды. Қазір сирексіп қалғаны рас. Халықтың бойындағы сол кітапқұмарлық қасиеттің қайта оралатынына сенесіз бе?

- Сенемін, бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысында 200-ге  тарта басылым бар екен. Бұған жан-жақтан келіп жатқан газет-журналды қосыңыз. Жастардың көпшілігі ақпаратты интернет арқылы алады. Қарап отырсаңыз, келіп жатқан ақпараттың тасқыны сұмдық. Осылардың арасында уақыт тауып кітап оқитын жастарға рахмет айту қажет.  Алла тағала адамзатқа төрт кітап жіберген: Тәурат, Зәбур, Інжіл, Құран.  Менің ұғымымда, кітаппен басталған өмір кітаппен мәңгі қалады.

- Сіз, сіздің замандастарыңыз кімдерге еліктеп өсті. Қазіргі жастар кімге еліктейді деп ойлайсыз?

- Менің сегіз сыныптық білімім ғана бар (жоғары білімді бертінде сырттай оқып алғанмын). Ауылда жүріп трактор айдадық, сушы болдық, қой бақтық. Қысқасы, жас кезімде менің көз алдымда еліктейтіндей тірі ақын болған жоқ. Кітаптарын жастығымының басына қойып, етігімнің қонышына қыстырып жүріп оқитын ақындарым Мұхтар Шаханов пен Мұқағали еді. 

Жастайымнан жетім қалдым. Шешем 4 жасымда қайтыс болды. «Қадірлі ана, мен сені танымаймын» деп жазғаным да содан. Әкем ауру еді. Ол кісі мүлдем қара танымайтын. Үшінші сыныпта оқып жүргенімде  отырғызып қойып маған кітап оқытатын. Қиссаға қатты құмар еді. Әкеме батыларын жырын, «Мың бір түн», «Көрғұлы» сияқты кітаптарды оқып беремін. Оқи-оқи ауыл кітапханасындағы бар кітапты  тауысып, аудан орталығы Темірланның кітапханасына барған кездерім де болды. Қисса оқудың өз тәртібі бар. Оны құран оқығандай ерекше мәнерге салу қажет. Қазір ойлап отырсам, ұйқас дегеніңіз менің миыма сол кезде-ақ құйылып қалған екен. Мендегі ұйқастардың мықты базасы осы қиссалардан құралды. 

Қазіргі жас ақындардың барлығы ауыз әдебиетінің осындай бай мұрасын бойына сіңіріп өсті дей алмайсың. Бүгінгілер интернетке еліктегіш. Тіпті интернеттің ақындары, жазба ақындар болып бөлініп те алған сияқтымыз. Бірақ еліктейміз деп, түсініксіз дүниелерді жазатындар да кездеседі. Түсініксіз сөздерді тықпалайды. Түсініксіздіктен қашу қажет. Кейбір жас ақындардың жырларында  логика жоқ. Шабыттың буымен астамшылдыққа бой ұрады. Жалпы, ақындардың көпшілігі өмір бойы ештеңеге жарымай өтеді. Бұл сол астамшылдықтың, Құдайға тіл тигізгеннің салдары. Бұл енді менің жеке пікірім. 

- Ал, сіз өлеңдеріңізбен Құдайға тіл тигізгеніңіз жоқ па? 

- Тигізген жоқпын деп ойлаймын. Дін дегеніңіз адамға тәрбиемен сіңеді. Әкем бес уақыт намазын қаза қылмаған. Жастайымыздан осыны көріп, «Алла жалғыз, пайғамбар хақ, Құран шын» деген ұғыммен өстік. Бертінде Аллаға, пайғамбарға арнаған мадақ өлеңдерімді де жаздым.  

- Егер Шымкенттің шеңберінде қалмай, Алматыға кеткенімде деңгейім бұдан да жоғары болар еді деген ойға берілмейсіз ба? Қанша дегенмен Алматыдағы әдеби ортаның ауқымы кең ғой.

- Жоқ. Әдеби орта Абайдың ауылында да болған. «Абай жолын» оқып отырсаңыз, Абай мен оның қасында жүрген ақындар өлеңдерін бір-біріне сынатып отырған. Міне, бізге осындай әдеби орта қажет. Оның Алматыда немесе Астанада болуы шарт емес. Жақында белгілі ақын Біржан Байтуов жаңадан ашылған «Отырар» кітапханасында «Шамшырақ» деп аталатын әдеби бірлестік ашты. Ақын-жазушылар бас қосып, керемет пікірталас өткіздік. Әдеби ортаны Шымкентте де жасауға болады. 

- Алпысқа келген бүгінгі буын кеңестің кезең мен тәуелсіздіктің арасын жалғады. Қатарластарыңыздың біразы жаңа заманға бейімделіп, әжептәуір тірліктерді жасады. Ал сіз өзіңізді еңбекқормын, жаңа өмірге бейімделген адаммын деп есептейсіз бе?

- Бейнетқорлығым шығар, Жазушылар одағының облыстық филиалын 20 жыл бойы басқарып келемін. Отбасымда сегіз перзентім бар. Оларды бағып-қағып, киімін тауып бергенім еңбекқорлығымның арқасы деп ойлаймын. 17 кітабымды жарыққа шығардым. Табыс осы кітаптарды сатудан түсті. Бұдан бөлек менің қолжазбаларды өңдейтін редакторлығым да бар. Талай кітаптарды баспаға дайындадым. Кейбіреулердің «Әбілда, байларға еріп үреді» дейтіні де содан.

- Шыныңызды айтыңызшы, байлардың өлеңін жазып берген кезіңіз болды ма?

- Жазып бергенім жоқ. Мен тек өңдеймін.   

- Жиырма жыл Жазушылар одағының облыстық филиалын басқару оңай емес. Бұл ұйымның келешегі қалай болады деп ойлайсыз?

- Кеңес одағы жазушыларды қол астына жинады, солардың еңбегін пайдаланды. Жасыратыны жоқ, ол кездері Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов елдегі ең бай азаматтардың бірі болды ғой. Мемлекет кітап шығаруға қыруар қаржы бөлді, қаламақы жақсы төленді. Енді оның бәрі өткен шақ. Қазір Жазушылар одағы қоғамдық ұйым ғана. Мемлекет қоғамдық ұйымдардың жұмысына араласа алмайды. 

Жақында мен Қырғызстанға, Шыңғыс Айтматовтың мерейтойына барып қайттым. Қырғызстандағы Жазушылар үйіне арнайы бас сұқтым. Ғимараттың сыртына «Жазушылар үйі» деп жазып қойыпты. Бірақ ішінде жазу-сызу емес сауда-саттық. Коммерциялық мекемелерге арендаға беріліп кеткен. Бұрынғы кеңес одағы елдерінің ішінде Жазушылар одағын сақтап қалған жалғыз Қазақстан. Жазушылар одағының қазіргі тіршілігі де менің тіршілігім сияқты. Әупірімдеп күн көреді, елдің рухани өміріне қызмет етеді. Алдағы уақытта мемлекет Жазушылар одағына көңіл бөлуі тиіс. 800 жазушы дегеніңіз үлкен армия емес пе? Олар елдің идеологиясына қызмет етіп жатса, одан ешкім ұтылмайды деп ойлаймын. 

- Осы жұрт сіз туралы әңгіме қозғағанда екі әйеліңіздің барын, екеуімен де бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқаныңызға тоқталады... 

- Иә, шаңырағымыз да, қазанымыз да ортақ...Бірде ағам, белгілі сазгер Сүгірәлі Сапарбаев үй салатын болып, екеуіміз кірпіш құйдық. Мен сол жерде жүріп Ресейден көшіп келген Лида есімді қызбен таныстым. Ұзамай отау құрдық. Одан Серік есімді ұл бар. Бірақ дәм-тұзымыз жараспай, ажырасып кеттік. Бұл 1972 жылы. Содан 12 жыл бойдақ жүріп Өзипамен бас қостым. Одан бес қызым бар.  1994 жылы Жазушылар Одағында істеп жүргенімде Марал есімді қызды хатшылыққа жұмысқа алдық... Үйдегі екінші әйелім осы Марал. Одан екі қызым бар. Екеуіміз таза махабатпен бас қостық. Адам нағыз махаббатқа басы шатылса қиын болады екен.  Үйленер кезде біраз шу болды. Ақырында Өзипа бәрін түсіністікпен қабылдады. Ол өзі өте кең пейілді. Шаңырағымызды тату-тәтті етіп ұстап отырған да сол.

Қазір Өзипа зейнеткерлікте. Қыздардың алдын ұзатып жатырмыз. Баяғы Лидадан туған Серік ұлыммен де табысқанмын. Оны үйлендірдім, қазір екі немерем бар. Ұлымды да, одан туған немерелерімді де өз тегіме өткізіп алғанмын. 

- Бір отбасыда екі әйелді ұстап отыруға болатын шығар. Ал екі әйелден, тіпті үш әйелден туған перзенттеріңіздің арасы қалай?  Ұрысып қалатын кездер болады ма? 

- Өмір болған соң кездеседі ғой. Мен өзі басым шаңырақтағы ұрыс-керіске онша көп көңіл бөле бермеймін. Ұсақ-түйектің бәрін тізіп отыра берсең, ештеңе де болмайды. 

- Әңгімеңізге рахмет, Асқаралы алпыс жас мерейтойыңызбен «Рейтинг» газетінің оқырмандары атынан құттықтап, сізге шығармашылық табыс тілейміз.

Әңгімелескен Бақытжан Әбдірашұлы  

Жұмабай Шаштайұлы: «Әдебиетті тағдыр жасайды»
Жанболат Найзабеков: «Пародия жасау үшін рұқсатын аламыз»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу