Қаза тапқан соң сүйегі «қолды» болғандар
Тіршілігінде таппаған тыныштығын, жерге түскесін таба алмайтындар бар. Әсіресе танымал адамдар бұл жағдайға көп ұшырап жатады. Тарих беттерін парақтап отырып, әйгілі тұлғалардың денесін ұрлау жағдаяттарына тап боласыз. Алайда олардың денесін ұрлау себептері әрқалай болуы мүмкін. Ұрланған дененің сол күйі ізім-қайым ғайып болуы да ғажап емес. Біз бүгін осындай бірнеше оқиғаға тоқталмақпыз.
Сүйегі ғасырлар өткен соң табылған
Із-түзсіз жоғалып кеткен сүйегі бірнеше ғасыр өткен соң ғана табылғандардың бірі – даңқы төрткүл дүниеге түгел тараған «Құдіретті комедияның» авторы Данте Алигьери болатын. 1265 жылы туған ортағасырлық мәдениеттің беделді өкілі Дантенің шығармашылығынан бөлек, өмірі де аңызға айналып үлгергелі қашан.
Ол көзі тірісінде «жаңашыл» деп танылып, саяси көзқарастары үшін өлім жазасынан Флоренциядан қуылып қана жан сақтады. 1321 жылдың ортасында Данте Равенна билеушісінің елшісі ретінде Венецияға барып, Әулие Марк Республикасымен бейбіт одақ құрды. Қайтып оралғанда тез дендеген безгек ауруы 1321 жылы әйгілі ақынды ажалға жығып берді.
Қуғында жүріп қайтыс болғандықтан Дание Равеннадағы шіркеулердің біріне жерленген болатын. Өлгеннен кейін қадірі асатын көп ұлылардың тағдыры секілді, Дантенің де даңқы биіктеген кез еді. Сол кезде ұлы ойшылды салтанатты түрде туған жеріне жерлеуді ұйғарып, бұрын қойылған жеріндегі табытын ашқанда дене ізім-ғайым жоқ болады. Қайта жерлеушілер әбден абдырап, рәсім кейінге қалдырылады. Сол кезде Рим Папасы Лео X-ға Дантенің өзі қайтып келіп, денесін алып кеткені туралы хабарланған.
Әлемді дүр сілкіндірген бұл оқиғаның бетін жылдар түгілі ғасырлар қымтап болғанда, ХІХ ғасырда Дантенің 600 жылдығын тойланатын болады. Сол мерейтой аясында Равеннадағы шіркеуді қалпына келтіру туралы шешім қабылданды. Құрылысшылар қабырғалардың бірін бұзып жатып, ойып жазылған жазуы бар ағаш жәшікке тап болады. Онда «Дантенің сүйектерін 1677 жылы Антонио Санти осында қойған» деп жазылған екен. Бүгінде Дантенің сүйектері сол Равеннадағы кесенеде сақталған.
Жазушының басы қайда?
Көзі тірісінде-ақ мистикалық шығармаларымен танылған, орыс әдебиетнің өкілі Николай Гогольдің өмірі туралы түрлі алып-қашпа әңгіме, тылсым, жұмбақтар көп. Алайда жазушы өлгеннен соң да артынан шешуге келмейтін жұмбақ қалдырып кетті. «Вий» повесі мен «Өлі жандар» сияқты мистикалық шығармаларды өмірге әкелген жазушы ғұмырының соңында «Өлі жандардың» екінші кітабын өртеп жіберген көрінеді. Алайда бұл әрекет өзгеден гөрі, өзін қатты өкіндіреді. Томын өртеп жіберген соң Гоголь нәр татпай, ішқұса боп жатып қалады. Ақырында 1852 жылы 21 ақпанда Николай Васильевич Гоголь қаза тауып, «Свято-Данилова» ғибадатханасының зиратына жерленеді. 1931 жылы кәмелетке толмағандарға арналған түрме салынуы үшін дәл сол аумақтағы зираттар қайта қазылады. Гогольдің қабірін ашқанда бас сүйегі ізім-қайым жоғалған. Осылайша оны Новодевичье зиратына бассыз жерлеген.
Жазушының табынушыларының бірі Сталин болған. Гогольдің бас сүйегінің жоқ екенін диктаторға хабарлағанда, Сталин ұрыларды тез арада тауып жазалауды тапсырған. Оның үстіне Сталин үш жылдан соң КСРО көлемінде Гогольдің мерейтойын атап өтпекші еді. Сүйікті жазушысының басы жоқ болып шығуы оған жай оғындай тиген.
Көп ұзамай қылмыскер табылды. Бірақ ол бұл өмірден өтіп кеткен болып шығып, Сталиннің темір тырнағына ілікпеді. Қылмыскер барлық сырды (бас сүйектің қайда екендігін) өзімен бірге қабіріне алып кетті. Тергеудің құпиялары әлі де ФҚҰ (ФСБ) мұрағаттарында сақтаулы.
Гоголь қоғам өзіне есінен ауыстыра санамай тұрып, өлімінен 6 жыл бұрын «Есімнен танбай және ақылымнан адаспай тұрған кезімде, соңғы өтінішімді ертерек жазып кетуді жөн санадым. Мүрдем иістене бастамайынша, менің тәнімді жер қойнына тапсырмаңыздар. Мұны естеріңізге салып отырған себебім, ауруым ұстағанда өмірлік белгілерім жоғалып, жүрегім мен тамырымның тоқтап қалған кездері болған» деп жазады.
Шынында да Гогольдің бірнеше күн тұрмай ұйықтап қалатын ауруы болған. Жазушы өмірінің соңғы төрт жылын Мәскеуде Никитск бульварындағы үйінде өткізген. Қоғамға өкпелеп жүрген жазушыны ескі ауруы соңғы уақытта қайта-қайта мазалаған. Бір күні жұманың сенбіге қараған түнінде (8-9 ақпан) ол қатты ұйықтап біртүрлі дыбыстарды естіген. Ертеңіне шіркеудегі әулие әкейді шақырып, болған жайды баяндайды. Шіркеу қызметкері оның шаршап жүргенін, көбірек азықтану керектігін айтып, тамақ бермек болады. Бірақ жазушынының ештеңеге зауқы соқпаған. 17 ақпан дүйсенбі күні ұйқыға жатқан Гоголь қайта оянбаған. Сол уақытта, Мәскеуде Гогольдің ауру екені туралы сөздер желдей есіп жүрді. 19 ақпан күні дәрігер Тарасенков жазушыны көруге келгенде оның үйі оқырмандарына толы болған. Сонымен жазушыны қайта оянбағасын 21 ақпан күні таңғы сағат сегіздер шамасында қайтыс болды деп жариялайды. Мұны жазып отырғанымыз жазушының мүрдесі бассыз жатқанынан да басқа, сұмдық әңгімелер желдей еседі.
1931 жылы жазушының сүйегін Новодевичье зиратына қайта жерлеу туралы ұйғарым жасалады. Гогольдің сүйегіне көртергеу (эксгумация) жасау барысында кебіні жыртылып, табыты тырналып тасталынғаны және марқұмның бүк түсіп жатқаны анықталады. Осыдан соң «Гоголь тірідей жерленіп кеткен екен» деген қауесет қаулап, тағы бір жұмбақ пайда болады.
Massaget.kz сайтында Гогольдың басын ұрлау операциясы туралы мынадай дерек жарияланыпты: «Лидиннің айтуына қарағанда, 1909 жылы меценат, театр мұражайының негізін қалаушы Алексей Александрович Бахрушин (ресейлік саудагер, өндіріс-кеңесші, филантроп, театрлық антикалық коллекционер, жеке әдеби және театр мұражайының авторы) көр қазушыларға қомақты қаржы беріп, үгіттеп Гогольдің басын алып келуге көндірген. Ондағы мақсаты Театр мұражайында қайталанбас көрме ұйымдастыру болған.
Шынында да оның мұражайына үш бас сүйек алып келінген. Оның бірі актер Щепкин, екіншісі Гоголь, үшіншісі белгісіз бір бас сүйек болған. Осыдан соң Бахрушиннің жұмысы жүрмей қойған. Бас сүйектер бақытсыздық әкелді деп есептеген меценат оларды таратып жіберген. Ал Гогольдің басын немерелеріне қайтып берген деген де мәлімет бар. Кейбір деректерде коллекционерде 40 бас сүйек болғаны айтылады. Оның бәрін коллекционер Ресей Ғылым Академиясына тапсырған екен. Ал Гогольдің басын алып қалып, сырты қымбат былғарымен тысталған, жиегі піл сүйегімен безендірілген арнайы қобдишада сақтапты. Мұның рас-өтірігін ешкім білмейді. Себебі Бахрушин құпияны 1929 жылы өзімен бірге қабірге алып кетті.
Михаил Булгаков кейінірек «Мастер және Маргарита» романында басқарма төрағасы Массолит Берлиоз табытынан басының ұрланғаны, оның басын Патриархтың тоғанындағы трамвай дөңгелектерімен кесілгенін жазып, Гогольдің басы ұрланғаны туралы параллельді түрде тұспалдап айтып кетті. Бұл туралы «Гогольдің басы» атты роман жазған жазушы Анатолий Королев та атап өтті».
Гогольдың өмірдегі оғаштау қылықтары, мистикалық туындылары оны сиқырмен айналысқан деген қауесеттің де шығуына себеп болды. Ежелгі наным-сенімде адамның рухы қайта сол тәнге кірмеу үшін марқұмның денесін бөлек-бөлек жерлеген екен. Ең бастысы, басы бөлек болуы керек болған. Сиқыршылар осыған қатты сенге деседі. Осылайша Гогольдың қайта тіріліп кетуінен қорыққан сиқыршылар басын әдейі кесіп алып кеткен деген де әңгіме бар.
Күлін ұрламақ болған
Психоаналитиканың негізін қалаған, адамның мінез-құлқына анықтама берген философ Зигмунд Фрейд те қаза тапқан соң осы тақылеттес жағдайға тап болады. 1939 жылы ойшыл қаза тапқан соң, мәйіті эксгумацияланады. 2013 жылы жаңа жыл қарсаңында белгісіз біреулер Фрейдтің мәйітінен қалған күлін ұрламақ болып, Лондон крематорийіне басып кірген. Алайда шабуылшылар діттегеніне жете алмай, соңғы сәтте әлденеден сескеніп, қаша жөнелген.
«Үнсіз комедияның атасы» ақша үшін ұрланған
Әзілкеш образдарымен көрермен жүрегінде мәңгіге қалған Англияның әйгілі киноактеры, режиссері, сценарийшісі, композиторы әрі продюсері Чарльз Чаплин, қайтыс болғаннан кейін де мазаққа ұшырағандай болады. 1977 жылдың 25 желтоқсанында, 88 жасқа келіп дүниеден өткен Чаплиннің денесі Швейцария, Корсье-сюр-Веве ауылындағы зиратқа жерленеді.
1978 жылы 1 наурызда екі адам Чарли Чаплиннің мәйітін ұрлап, жесір қалған әйелінен 650 мың доллар кепілге талап еткен. Жұбайы: «Чарли мұны күлкілі деп табар еді» деп, мәйіт үшін ақша төлеу мағынасыз деп тауып, бас тартқан. Алайда Польша мен Болгариядан келген иммигрант екі ұры тез арада қолға түседі. Қызығы «үнсіз комедияның атасы» атанған актердің сүйегі бастапқы орнынан 15 шақырым жерден табылды. Содан соң қайта «қолды» болып кетпес үшін бетондалды.