Меңдіқұлов жауаптан жалтарып кетті

Oinet.kz 19-11-2025 71

e9b965e9-ba90-495b-b2cd-1b7a7e6636a4.jpg

Шымкентте 800-ден астам жұмысшысы бар «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнына жетекшілік етіп отырған басшының дипломы жалған болып шықты. «Рейтинг» газетінде осы жөнінде жарияланған материал оқырман арасында қызу пікірталас тудырып жатыр.

Масқара болғанда «Қуатжылуорталық-3» директорының міндетін атқарушы Асқар Булешовтің 2009 жылы алды деген дипломының түпнұсқасы оқу орнының мұрағатынан табылмаған (бұл жөнінде арнайы хат бар). Ал биыл жазда  антикордың жүргізген тексеруі кезінде тіптен сорақы жағдай әшкереленеді. Булешов университетке түсті деген 2004 жылы түрмеде отырған болып шықты. Қысқасы, 2003-2006 жылдары бас бостандығынан айыру жазасымен Қарағанды облысындағы түзету мекемесінде жазасын өтеп жүрген азамат 2004 жылы Шымкенттегі  университетке түсіп, кейін диплом алған. Өткен аптада осы жағдай Шымкент қаласының Қоғамдық кеңесінде талқыланды.

Кеңестің белсенді мүшесі Өмір Шыныбекұлы жалған дипломға қатысты сауалды «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорны тікелей бағынатын  қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұловқа қойды. Басқарма басшысы осындай жағдайдың болғанын жоққа шығарған жоқ. Ол  Булешовтің жұмысқа 2017 жылы қабылданғанын, сондықтан жалған дипломға қатысты сұрақты сол кездегі басшылардан сұрау қажеттігін алға тартты. Яғни, Меңдіқұлов жауаптан жалтарып кетті десек болады. Неге дейсіздер ме?

Булешовтің үстінен арызданып жүрген «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнының бұрынғы қызметкері Ерғали Рүстембековтің бізге айтқан мәліметтеріне қарағанда, Асқар Булешов жұмысқа 2013-2014 жылдардың шамасында қарапайым жүргізуші болып кірген. Ол кезде жұмысқа жаңа келген адамның дипломын кім тексерді дейсіз?! Алайда кейін ол кәсіпорындағы ең майлы, ақшалы орын саналатын бөлімге басшылық еткен. Соңғы жылдары «Қуатжылуорталық-3» мекемесінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер ашылып, басшылар сотталып кетеді. Осы кездері мекемеге Рзабек Меңдіқұлов директор болған. Екі жыл бұрын Меңдіқұлов  басқарма басшысы қызметіне ауысып, орнына бөлім басшысы Асқар Булешовті тағайындаған (дәлірегі директордың міндетін атқарушы етіп). Яғни,  бұдан қызмет барысында Булешовке қамқорлық жасап, оны өсірген Меңдіқұловтың өзі екендігін байқауға болады.

– Басқарма басшысы Меңдіқұлов басқаны білмесе де Булешовтің бірнеше рет сотталып шыққанын жақсы білген. Біз сол кезде оған осы жөнінде арыздар жазғанбыз. Жиырма шақты жігіт Меңдіқұловтың қабылдауына екі мәрте барғанбыз. Бірақ басқама басшысы бізді  қабылдамай қойған еді. Енді міне, ештеңе білмейтін адам болып шыға қалды,– дейді Е.Рүстембеков. 

Дегенмен «Рейтинг» газетіндегі мақалада жазылғандай, қарамағындағы қызметкерінің дипломының жалған болып шыққаны үшін  Меңдіқұловты жазғырып отырған ешкім жоқ. Мәселе басқада. Арызданушының айтуынша, Меңдіқұлов Булешовтің дипломының жалған екендігі анықталған соң, 16 қазанда оны өз еркімен берген арызы негізінде жұмыстан босатып жіберген. Ал жалған диплом жасау, оны пайдалану жауапкершілікке алып келеді. Меңдіқұлов осыны біле тұра Булешовке қатысты  ешқандай тәртіптік шара қолданбаған.  Не үшін? Оған күні ертең қызметке қайта оралуына жағдай жасап беру үшін бе? Осындай жағдай жасап берген Меңдіқұловтың өзі де жауапқа тартылуы тиіс емес пе?!

Қоғамдық кеңестің төрағасы Б.Парманов  қазір жалған дипломға қатысты факті бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өңірлік департаменті тексеру жүргізіп жатқанын мәлім етті. Ал, Ерғали Рүстембековтің айтуынша, қазіргі уақытта «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнында қазандықтарды жөндеуге бөлінген 300 миллион теңгенің игерілуіне қатысты тексеруді Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізіп жатыр.  Не де болса тексерулердің қорытындысын күтіп көрейік.

«Рейтинг» газеті, 19 қараша, 2025 жыл.  

 


Әкім Саитовқа Әдеп кеңесі ойыншық па?
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу