Тоқаев ішкі істер министрі Сәденовке бірқатар тапсырма берді

Oinet.kz 19-11-2025 37

Мемлекет басшысы ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады, - деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Screenshot_44.jpg

Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдегі криминоген ахуал, ішкі істер органдарына жүктелген міндеттердің орындалуы, соның ішінде "Заң және тәртіп" қағидатын орнықтыру жұмыстары жөнінде баяндалды.

Ержан Сәденов 10 айда елдегі қылмыс саны 5,3 мыңға азайғанын және қылмыстың ізін суытпай ашу деңгейі жақсарғанын жеткізді.

Отбасылық-тұрмыстық деңгейдегі құқықбұзушылықтармен күрес белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Алдын алу жұмыстарының нәтижесінде тұрмыстық сипаттағы қылмыс саны 8 пайызға, соның ішінде кісі өліміне әкеліп соғатын жағдайлар 26 пайызға азайды.

Президентке берілген мәліметке сәйкес іздеуде жүрген 1 391 адам ұсталған. Олардың 138-і шетелде қолға түсті. Жедел іс-шаралар барысында 30 тоннадан аса есірткінің, соның ішінде бір тоннадан аса синтетикалық заттардың айналымға түсуіне жол берілмеді.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл аясында ауыр және аса ауыр қылмысқа қатысы бар 185 қылмыстық топ ұсталды. Интернет алаяқтықпен күрес бағытында 12 колл-орталық жойылды. Оның жетеуі шетелде орналасқан. Шамамен 83 миллион фрод-қоңырау және 4 мың алаяқтықпен айналысқан сайт бұғатталды. Сондай-ақ, алаяқтардың 2,3 миллиард теңге қаражатты елден шығаруына тосқауыл қойылды.

Мемлекет басшысына жол қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер таныстырылды. Мәселен, дрондар көмегімен 6 мыңнан аса, орташа жылдамдықты өлшеу жүйелері арқылы 190 мыңнан аса жол жүру ережесін бұзу дерегі анықталды. Қабылданған шаралар нәтижесінде жол-көлік оқиғасы кезіндегі өлім-жітім саны 9,4 пайызға, соның ішінде мас күйінде көлік жүргізушілер кінәсінен болатын қайғылы жағдайлар 24 пайызға азайды.

Egov mobile және жетекші банктер қосымшаларына интеграцияланған "Заң және тәртіп" мобильді сервисі іске қосылғаннан бері азаматтардан 32 мыңнан аса өтініш түскен.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысына экстремизмге қарсы күрес пен көші-қонды бақылау шаралары жөнінде баяндалды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

54 «елес» студентті оқытқан колледж директоры ұсталды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу