Түгел Бекімбетов не үшін сотталды?

Oinet.kz 02-11-2020 1421

Түркістандық тағы бір судьяға сот үкімі шықты. Бұл жолы  облыстық сотының азаматтық істер алқасының төрағасы қызметін атқарған Түгел Бекімбетов  бас бостандығынан айырылды. 

image.png

Алқа төрағасына пара алды деген айып тағылды. Алайда бұл жолғы пара алу ісінің басқа істерге қарағанда өте көп ерекшелігі бар. Ең қызығы,  антикорға пара сұрау дерегі бойынша алдын ала ешкім арызданбаған. Параны алушы да, беруші де сот залында қатар отырып, жаза алды. Бұрын-соңды мұндай жағдайдың болғанын өз басымыз естімеген екенбіз. Екі сотталушы да кінәларын бұлтарусыз толықтай мойындап, өздеріне айыппұл жазасын беруді өтінген. Алайда сот олардың өтінішін қанағаттандырмай, бас бостандығына айыру жазасын тағайындады. Бұл да әдеттен тыс жағдай.  

Бекімбетовке үкімді Шымкент қаласының Қаратау аудандық соты шығарды. Сотталушы 2015 жылдан бергі аралықта Оңтүстік Қазақстан, кейінірек Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасына  төрағалық еткен. Мұндай жағдайда бейтараптылықты қамтамасыз ету үшін оның ісі басқа өңірдің сотына берілетіні айтпаса да түсінікті. Бірақ мәселенің мәнісі мұнда емес. Түгел Бекімбетовке қатысты қылмыстық әрекеттер Шымкент қаласында болған. Оның ісін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері жүргізген, күдіктінің өзі Шымкент қаласында қолға түскен. 

 Пара беру, алу қылмысы жоғарыдағы департамент қызметкерлерінің  жасырын операциясы кезінде әшкерленген сияқты. Антикор алақа төрағасының басқан әр қадамын қалт жібермей бақылап, ұялы телефонын тыңдағаны, үйіне келіп-кеткен адамдарды аңдығаны байқалады. Т.Бекімбетовтың сотта берген жауабына қарағанда, ол пара беруші Ережеповты 2000 жылдан бері жақсы таныған. К.Ережеповтың иелігінде компаниясы болған. Наурыз айында осы компанияға қатысты Түркістан облысының ауданарлық экономикалық сотының ұйғарымы шыққан. Ережепов өзінің «жақын танысы» Бекімбетовке осы ұйғарымды апелляциялық алқада өзгеріссіз қалдырып беруді өтінген. Оның өтініші қанағаттандырылған. 

26 сәуірде Ережепов жоғарыдағы қызметі үшін Бекімбетовке 300 мың теңге параны, оның Шымкент қаласындағы үйіне апарып берген. Шамасы Бекімбетов қылмыс үстінде ұсталмаған сияқты. Өйткені ол алған ақшаның 46 000 теңгесін жаратып үлгерген. Төраға сол күні 15 сағат 45 минутта құрықталған.  Тінту барысында одан  қағазға оралған 220 000 теңге және әмиянынан 34 000 теңге шыққан. 

Пара беруші Ережеповты қайтар жолда полиция қызметкерлері тоқтатып, карантин талаптарын бұзғаны үшін Қаратау полиция басқармасына алып барған. Сол жерге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің қызметкерлері де келген. Олар Ережеповтың күні бойы ұстап, түнгі сағат екілердің шамасында босатқан. Кейінірек ол Бекімбетовке пара бергені туралы құзырлы органдарға ресми түрде хабарлаған. Алайда сот «К.Ережепов бұл әрекетті өз еркімен жасамаған» деп тапқан. 

Сот Ережеповті пара беру бабы бойынша кінәлі деп тауып, 2,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ал Бекімбетов пара алу бабы бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Т.Бекімбетов пен К.Ережепов жазаларын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтейтін болады. Сот үкімі әзірге күшіне енген жоқ.

«Nur Otan» депутаттардың тізімін қалай жасақтайды?
Баратбековтың отставкісі әділетті ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу