Мәми мен Мыңбаевты не байланыстырады?

Oinet.kz 11-01-2021 1024

Тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай 10 қаңтар, сайлау күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда, сондай-ақ Шымкент қаласында митингі ұйымдастырмақ. Қазір партия жетекшісі өзінің фейсбуктегі парақшасында жұртшылықты осы митингіге келіп қатысуға шақырып жатыр. 

Сауат Мыңбаев Қайрат Мәми.jpg

Алайда бұдан не шығады? Не өзгереді? Әйтеуір «жартасқа бардым, күнде айқай салдымның» кері болмай ма? Бірақ қалай десек те, саяси науқанға Мамайдың алдын ала біраз дайындалып кіргені байқалады. Ол жуырда фейсбуктегі жеке парақшасында Қазақстанның саяси элитасы немесе соларға қатысы бар тұлғалардың қалай байығаны, меншігінде жасырған қандай бизнестерінің бары туралы мәліметтерді жариялай бастады. 

1 қаңтарда Мамай жеке парақшасында Қазақстанның бұрынғы бас прокуроры, Жоғарғы Соттың екі мәрте басқарған, одан кейін Сенат төрағасы, ал қазіргі уақытта Конституциялық Кеңеске төрағалық етіп отырған Қайрат Мәмидің бизнесіне қатысты видео жариялады. Видеода Абзал Достияров деген азамат бас-аяғы бірнеше минутта Мәми туралы біраз мәліметтерді баяндап шығады. 

А.Достияров ә дегеннен Мәмиді Елбасының ең жақын туысы ретінде таныстырады. Алайда Қ.Мәмидің Н.Назарбаевқа нақты қандай туыс екендігі жұмбақ күйінде қалған. Одан әрі «қой аузынан шөп алмайтын, ең елеусіз шенеунік» Қайрат Мәмидің жалғыз ұлы Мирас Мәмидің Англияда бірнеше кәсіпорны және Лондонның өңшең байлар қоныстанған ауданында құны 3-4 миллион фунт стерлинг тұратын үйі бар айтылады. Бірақ бұл баспана Айгүл Саймасаева деген азаматшаның атына тіркеліпті. Ал Айгүл Саймасаеваның Алматыда жылжымайтын мүлік қоры, бизнес орталықтары бар көрінеді. Бұл мүлік бизнесінде қазіргі уақытта Қазақстан темір жолы Ұлттық компаниясына жетекшілік етіп отырған Сауат Мыңбаевтың жақындарының үлесі барға ұқсайды. Абзал Достияров осыдан кейін Мәми мен Мыңбаевтың бизнесте өзара әріптес екендіктерін алға тартады.

 Сондай-ақ Жанболат Мамай осы аптада фейсбуктегі парақшасында Елбасының кіші қызы Әлия Назарбаеваның бизнесі туралы өте тың мәліметтерді келтірді. Оның айтуынша, Әлия Нұрсұлтанқызының компаниясы үш жылда 1 миллиард доллар пайда тапқан көрінеді. 

Бұл мәліметтерге сенуге бола ма? Кім біледі? Бірақ дәл сайлау науқанының алдында жарияланған деректердің арғы жағында күдік-күмәннің қылтиятынын жасыруға болмайды.  Жанболат Мамай мен Абзал Достияров жоғарыдағы деректердің қайдан алынғаны туралы ләм-мим демейді. Көзі қарақты, көкірегі ояу оқырманның назарына ешқандай құжат ұсынбайды. Бәрі тек құрғақ ауыз сөз. Оның жалған мәлімет еместігіне кім кепілдік бере алады?! Егер Әлия Назарбаеваның компаниясы үш жылда миллиард доллар пайда тапқан болса, оның есімі неге Forbes Қазақстан журналының «Қазақстанның ең бай елу бизнесменінің» тізіміне енбеген. Әлия Назарбаеваның аты миллиардер түгілі миллионерлердің тізімінде де жоқ емес пе? Сонда бұл жұмбақтың сырын кім түсіндіріп бере алады?

Мұның бәрі де Жанболат Мамай қазіргі уақытта халықтың қышыған жерін дәл басатын әдіс-тәсілдерге жүгініп жатқанын білдіретін сияқты. Ол биліктен  несиелік рақымшылық жасауды талап етуде.   Бұдан қандай нәтиже шығар екен? 

"Рейтинг" газеті

Мырзахметовтың жобасы қаңтарылып қалуы мүмкін
«ADAL» партиясы спектакль ойнап шықты ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу