Қазақстан АЭС салу үшін Ресейден қарыз алмақ
Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу үшін Ресейден мемлекетаралық несие тарту мүмкіндігі қарастырылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Оinet.kz.

Оның айтуынша, жобаны қаржыландыруда күрделі мәселе жоқ. Қазіргі таңда екі ел несие беру тетіктерін нақтылап жатыр. Жоспарға сәйкес, қаржының 85 пайызы Ресей тарапынан қарыз ретінде ұсынылса, қалған 15 пайызын Қазақстан үкіметі қамтамасыз етеді.
— Бірінші келісім станция құрылысына қатысты болса, екіншісі – ресейлік тараптың қаржыландыруы жөнінде. Бұл құжаттар негізінен дайын, — деді Сәтқалиев.
Жобаның нақты құны жобалау кезеңі аяқталғаннан кейін белгілі болады. Әзірге қуаттылығы 1200 мегаватт болатын екі энергоблоктың жалпы бағасы шамамен 15 млрд доллар көлемінде бағаланып отыр.
Агенттік басшысы алғашқы АЭС жобасы белгіленген кестеден кешікпей жүзеге асып жатқанын атап өтті. Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылында жобалау жұмыстары толық аяқталған. Оның сөзінше, жобаны әзірлеу 7 жылға дейін созылуы мүмкін, ал құрылысқа шамамен 15 жыл қажет болады.
Сонымен қатар Қазақстанда барлық атом электр станцияларын біріктіретін ұлттық атом холдингін құру жоспарланып отыр. Бұл құрылым нысандарды басқарумен қатар, отандық мамандардың үлесін арттыруға жауапты болады.
Еске салайық, бұған дейін үкімет АЭС салынуы ықтимал келесі өңір ретінде Қостанай облысын қарастырып жатқанын хабарлаған еді.


