Қазақстанда 63 мыңнан астам шетелдік елден шықпай қалған
2025 жылы Қазақстанға келген шетел азаматтарының саны 15,9 миллионнан асты. Алайда олардың 63 мыңнан астамы елден кері шықпаған, деп жазады Оinet.kz.

Ресми мәліметке сәйкес, өткен жылы ел аумағына 15 956 571 шетелдік кірсе, 15 893 091 адам ғана шыққан. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда өскен.
Ішкі істер органдарының дерегінше, 2025 жылы көші-қон талаптарын бұзған 113 мыңнан астам шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Соның ішінде 18 872 адам Қазақстан аумағынан шығарылған. Ал бір жыл бұрын заң бұзғандар саны 97 мыңнан асып, 14 мыңнан астамы елден шығарылған еді.
Сонымен қатар, Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алған Ресей азаматтарының саны азайған. 2025 жылы мұндай мәртебеге 8148 адам ие болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 9761 болған.
Бұдан бөлек, 2025 жылы бұрын Ресей азаматы болған 1757 адам Қазақстан азаматтығын алған. Бұл да алдыңғы жылмен салыстырғанда төмен.


