Уәлибек Әбдірайымов: «Өзің асыраған иттің өзіңді қапқаны қапаландырады»

Oinet.kz 25-12-2009 1587

d078b957733861b4a3c101b8acb63bca.jpg

Ескі жылға екі сауал:

1.     Сиыр жылындағы есте қалар ең қуанышты оқиға

2.     Өткен жылда орын алған өкінішті жайт

«Фестивальдің ақшасын дағдарыс «жеп» қойды»

Керімбек Ниязбай, «Жебе» баспа үйінің бас директоры:

1.     Әуелі өкінішті жайттан бастайын. Биыл бюджетте тұрған қаржымызды дағдарыс «жеп» кетіп, екі жылда бір рет өткізуді жоспарлаған анимациялық фестивальді өткізе алмай қалдық. Бұл фестиваль туралы дүние жүзінің менмін деген анимация мамандарына ескертіліп, есімдері үлкен әріптермен жазылатын қонақтар шақырылып қойған еді. Әрине, олар тарапынан орынды реніш те болды. Бұл біздің ғана емес, Қазақстанның имиджі үшін кері әсер еткен жайсыз оқиға болды. О баста бұл мақсат үшін 20 миллион теңге қаралған еді, кейін 12 миллионға дейін кесілді. Аяғында бұл қаржыға да қол жеткізе алмай қалдық. Бірақ, бұл кемшіліктің орны биыл толтырылады деген үміттеміз.

2.      Шағын да болса жер үйімді бітіріп, кірдім. 12 соттық жерімнің тең жартысына өз қолыммен бау-бақша егіп, одан алған екі жарым тонна өнімнің рахатын бала-шағамызбен бірге көріп отырмыз. Ендігі меже – өнім көлемін 6 тоннаға жеткізіп, оның рахатын достарыммен бірге бөлісу. Тағы бір қуанышты жайт – ойда жүрген фильмді аяқтап,  көрермендерге жол тартуға әзірлену үстінде.

 

           «Тың бастамамызды пираттар пайдаланып кетті»    

Иса Омар, «Замана» баспа үйінің директоры:

1.     Тарих қойнауына тапсырылғалы тұрған жылда «Замана» баспа үйінде осы күнге дейін шығып келген газет, кітап, оның қосымшалары секілді баспа өнімдерімен қатар «Заманауи бейнебаяндар» деген атаумен жаңа, тың жоба өмірге келді. Ол – «Заманафильм» студиясының өмірдің өзінен, оқиға ортасынан алынған ерекше тақырыптағы, бейнебаян түріндегі туындылары. Осы мақсатта әрқайсысында 10 фильмнен топтастырылған екі дискі шығарып, өзіміздің өнім ретінде оқырмандарымызға ұсындық. Көпшілік бұл жаңалығымызды жақсы қабылдады, пікірлері дұрыс, ризашылықтарын да білдіріп жатты. Алайда... Осы жерден екінші сауалдың жауабына өтуге тура келіп тұр

2.     Сатылымға шығарылған күннің ертеңіне-ақ өнімдеріміздің пираттық көшірмелері сауда-саттық орындарында қаптап кетті. Тіпті, Алматыдағы барлық дерлік сауда нүктелерінен мұндай ұрлықы дүниелерді өз көзімізбен көрдік. Бұл жерде, әрине, қуантарлық та, өкіндірерлік те жайттар бар. Қуантатыны – фильмдерге деген сұраныстың бар екендігі, ал өкініштісі біздің еңбегімізді өзгелердің оп-оңай-ақ пайдаланып кетуі. Бұл енді біз үшін экономикалық жағынан тиімсіз болды. Бұл мәселе жөнінде тиісті құзырлы органдарға шағымдандық. Нәтижесінде қолға түскендер де болды. Алайда, мұнымен ұрлық тыйылған жоқ. Дегенмен, көпшілік қолдауына ие болған бұл жобаны жарты жолдан тоқтату ойда жоқ, тек басқа механизмін ойлап табуға әрекет жасаймыз. Міне, біздің қоғамда осы секілді капитализмнің жабайы жұрнақтары әлі де кездесетіні өкіндіреді.

      «Ауыз су шығарып бере алғаным абырой болды»

Нұралы Әбішев, облыстық мәслихаттың депутаты:

1.     Мен басқаратын «Комбистрой» ЖШС-ның Мақтаарал ауданындағы Әбибулла ауылында ішуге жарамды су шығарғаны қуанышты жайт болды. Алғашында маған дұрыс жоба берілмегендіктен, қазған ұңғымыздан ішуге жарамсыз су шыға берді. Жергілікті тұрғындар да мені дұрыс істемей жатыр деп ойлады. Кейінгі ұңғыны өз қаражатыма қазып, дегеніме жеттім. Дұрыс жоба берілмесе де халыққа таза су жеткізгеніме қуанамын.

2.     Әрине, бұл өмір заңдылығынан ешкім қашып құтыла алмаса да әр жылды шығарып салған сайын жасымның ұлғайып, жастық шағымның алыстай бастағанына өкінемін. Басқа айтарлықтай өзекті өртейтін оқиға орын алған жоқ.

 

«Өзің асыраған иттің өзіңді қапқаны қапаландырады»

Уәлибек Әбдірайымов, «Шаншар»  әзіл-сықақ театрының директоры:

1.     Қуанышты жағдай көбірек болды. Бірақ, ең басты қуаныш - пәтерлі болатындығым. Пәтерге деп бірталай ақша құйған компаниямыздың басшысы ақшаны қалтаға басып, шетелге қашып кетіпті. Содан «ақшамыз кетті-ау, енді бізге үкімет қараушы ма еді» деп жүргенімде «ақшамыз күйдіге кетпей, пәтер беретін болыпты» деген хабарды осы қазір ғана есітіп, «үкімет те бізге қарады-ау» деп қатты қуанып тұрмын.

2.     Өзіңнің асыраған итің өзіңді қапқан жаман болады екен. Еткен еңбегіңді бағаламай кеткеннен асқан қорлық жоқ. Өзім тәрбиелеген қыз-жігіттердің аяқ жақта шапалақтап, шетқақпайлап кеткені мені қапаландырды. Көкейде адамға деген сенімсіздік ұялап қалды. Басқа нәрсені түзеуге болады, бірақ мына мәселе түзеуге келмейді. «Шаншардан» кеткен әртістердің орнын басқандар кеше жаңа қойылым қойды, қайта қуандым. Сөз етіп отырған жігіттердің бірі қылмыстық оқиғаға шатылды дегеннен хабардармын, бірақ ешқандай да байланыс болған жоқ. Бірақ маған біреу телефон шалып, «Шаншар» театрының әртістері осындай жағдайға кез болды деп айтты. Олардың театрдан кетіп қалса да «Шаншардың» атына кір келтіріп жүргеніне тағы да өкіндім.

 

«Отбасымның аман-саулығы – басты қуанышым»

Лесбек Тәшімов, А.Ясауи атындағы ХҚТУ президенті:

1.     Биыл  Үкіметтің қаулысымен екі үлкен ғимарат салуға қол жеткіздік. Бірі 1850 орындық оқу ғимараты болса, екіншісі 500 орындық жатақхана. Түркия тарапынан кітапхана салынатын болды. Мұның құрылыстары 2010 жылы басталмақ. Шынын айтқанда дағдарыс жағдайында мұндай мүмкіндіктерге қол жеткізудің өзі не тұрады? Ал жеке отбасымда барлығымыздың аман-саулығымыз мен үшін басты қуаныш деп есептеймін.         

2.     Медициналық академиядан ауысқан студенттерге толық жағдай жасай алмай қалдым-ау деген өкініш бар. Дәлірек айтқанда, студенттерді қазіргі талапқа сай соңғы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етсем деген ойымды іске асыруға уақыт жеткіліксіздеу болды. Бірақ, бұл кемшіліктің орны болашақта міндетті түрде толығатын болады. Дегенмен, 800-дей студентті Түркістанға тегін алып барып, екі аптадай жатын орынмен, арзандатылған тамақпен қамтамасыз етіп, өте жақсы жабдықталған клиникада дәріс алуына қол жеткіздім. Бірақ, бұл да мен үшін әлі жеткіліксіз болып тұр.

         «Жазықсыз жандардың қаза болғанына өзегім өртенді»

Евгений Дробязко,  «КТК» телеарнасының меншікті тілшісі:

1.     Биыл республикалық Журналистер Одағының «Телевизиялық жұмыс» номинациясы мен сыйлығын иелененіп, еңбегімнің еленгені қуантты.

2.     Бірнеше жанның өмірін өлімге соқтырған Арыстағы жарылыс пен Түркістандағы қырым қанды безгегіне қатысты қайғылы оқиғаларды таспаға алу барысындағы олардың туыстарымен кездесу, көрермендерге жеткізу өте қиынға соқты. Орын алған оқиға өзекті өртейді.    

  Сауалнаманы жүргізген Шадияр Молдабек

Айтахановтың айтқаны айдалада қалған секілді
Туберкулездің азаюына үлес қос!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу