Мен қалай профессор атандым?

Oinet.kz 10-09-2020 717

Профессор.jpg

Ертеректе мақта  жинайтын комбайн жөндеп жатқандардың әңгімесін құлағым шалып қалған.

— Екі аппараттың арасын жақындатайық, сонда шашпай таза тереді, — деді біреуі.

Неге екенін, сол сөз жадымда сақталып қалыпты. Әйтпесе темір-терсектен мүлде хабарым жоқ адаммын ғой.

Қайбір күні егістік басында комбайн шұқылап жатқандардың жанынан өттім. Екі адам жөндей алмай әлекке түсіп жатыр екен. Қарап тұрмай:

— Екі аппараттың арасын жақындатыңдар, сонда таза тереді, — дей салдым. Жөндеп жатқандар маған аң-таң боп қарады.

— Рас айтасыз ба?

— Рас.

Рас екеніне өзімнің де күмәнім бола тұра солай дей салдым.

Біреуі азырақ ойланды да:

— Солай жасап көрейікші, бәлкім дұрысталып қалар...

Былай шыққан соң, тыныш тұрмай ақыл айтып кеткеніме өкіндім. Өздері әбіржіп жатқан адамдарды одан сайын әлекке салу не теңім десейші. Біреуге ақыл айтуды өзім онша жарата бермеймін, бірақ сол "жағымсыз әдеттің" өзімде де бар екенін ойлап, айналамда ешкім жоқ болса да қарадай ыңғайсыздандым.

Мақтамды аралап, сол жолмен кері қайттым. Жаңағы комбайн орнынан қозғалыпты, егістіктің ішінде жүзіп  жүр екен, демек жөнделген.  Соны көріп көңілім аздап орнына түсті. Манағы екеудің біреуі егістік жиегінде отыр екен, мені көріп бас бармағын шошайтты. "Ок" дегені шығар деп ұқтым. Онымен қанағаттанбады, алдымнан шықты.

— Ооо, профессор көке, сіздің айтқаныңыздай жасап ек, күшті теріп жатыр! — деді екі езуі құлағына жетіп.

— Жақсы ғой.

— Маладес! Мықты біледі екенсіз!

Енді бұл жерден қарамды батыруға асықтым. "Профессор" болмақ түгіл, комбайнның бір темірін бұраған адам емеспін, осы абыройыммен табанымды жалтыратқаным дұрыс шығар.  Өйткені сұрақты жаудырып жатқан ана бейтаныс адамның жанында тұра берсем, таяздығым білініп қалары күмәнсіз еді.

Осылай ойладым да, оның көптеген сұрақтарын жауапсыз қалдырып, "асығыс ем" деп ол жерден тайып тұрдым.

"Профессормен" тілдескеніне риза болды ма, ол қолын бұлғап, мәз боп қала берді.

Мықтыбек Бейімбет

Адамды бақытсыздыққа бастайтын екі ой
Жапонияда болған оқиға
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу