Патша және суретші

Oinet.kz 10-09-2020 870

Патша.jpg

Баяғыда бір патша, қараған кезде адам жанын жадыратар, жүрекке тыныштық берер сурет салдырғысы келеді. Ол суретке қараған әрбір адамның жаны жай тауып, жеңілдеп қалуы керек еді. Сөйтіп патша, мұндай суретті сала білген суретшіге бір қап алтын уәде етеді.

Бұл жарлықты естіген көптеген суретшілер қалам-бояуларын дайындап іске кірісіп кетеді. Барлық суреттер салынып біткенде патша оларды көріп, ішінен екеуін таңдап алады.

Бірінші суретте бір тып-тыныш көл салынған екен. Көл, айна секілді жағасында тұрған тауды және аппақ бұлттар жүзіп жүрген көгілдір аспанды шағылыстырып көрсетіп тұр. Көл жағасында, үстінде неше түрлі әдемі көбелектер ұшып жүрген әр түрлі әсем гүлдер өсіп тұр. Бұл суретке қараған әр адам, нағыз тыныштық осы суретте бейнеленген деп шешетін.

Екінші суретте өткір шыңды мұнар таулар салынған болатын. Жоғарыда қалың бұлтты қап-қара аспан, құйып тұрған жаңбыр, ойнап жатқан найзағай. Жартас бетінен көбігі бұрқырап жатқан сарқырама. Бұл сурет бір қарағанда ешқандай мүлгіген тыныштықты көрсетпейтіндей еді. Бірақ, суретке анықтап үңілген патша, сарқырама астында, тас өсіндісі астында, тас жарығынан өсіп тұрған кішкентай бұтаны, және онда ұя салып жатқан құсты байқайды. Сол күркіреп құлап жатқан сарқырама суы астында, ештеңеге мән берместен балапандарын басып құс отыр.

Патша дәл осы суретті таңдады.

Мораль: Тыныштық деген айқай-шуы жоқ, тып-тыныш жер емес. Ол керісінше, қаншама айқай-шуы болса да жүрегіңізде тыныштық сақтайтын сәт!

​Ол үшін дұға жаса!
Мейірімді кептер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу