Күзен табына қандай аңдар жатады?

Oinet.kz 10-11-2017 1384

Күзен табына жататын толып жатқан аңдар бар. Олардың ішінде қазақ білетін тұқымдары: сасық күзен, сусар, кәмшет, қаншыр, борсық. Сасық күзен деп ат қойғаны: бұл таптағы аңдардың басын қорғар кезде шығаратын сасық иісі болады. Ол иіс өзінен күшті андарға істейтін қаруы. Жетіп ұстайын деген кезде иісін шығарса, жаман иісінен жеркеніп, жоламас деген әдісі.

Күзен табындағы аңдардың бәрі ет қоректі аңдар: тышқан аулайды, балық аулайды, құс аулайды. Тышқан аулаған жағы адамға өте пайдалы, күзен адамға пайдалы мақлұқ, бірақ күзенді адам аулағанда зияны көптігінен тұқымын құрту үшін ауламайды, терісі үшін аулайды. Күзен табындағы аңдардың ішінде кәмшет, сусар, сасық күзен жүндері қырылмайтын асыл болады. Сондықтан терілері қымбат болады.

Сусардың собол деген тұқымы бар, қаншырдың корнастай деген тұқымы бар, кәмшеттің теңіз кәмшеті деген тұқымы бар, Собол корнастай, теңіз кәмшеттерінің терісінен істелген киімдер қымбаттығынан адамдардың қолына түсе бермейді.

Біздің қазақ жерінде күзен табындағы андардың көбі жоқ. Сасық күзен, қаншыр, ақ тиін, борсық қана бар. Сасық күзен мен ақ тиінді аулап қазақтар терісін сатады, борсықтың терісін түрлі ауруларды емдеуге ұстайды. Борсық терісінен бүркітшілер бүркіт тұяғы өтпейді деп қолқап істейді.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының

Көп томдық шығармалар жинағынан

Мұхтар Әуезов. Жапония қараңғы, надан күйден қалай айықты?
Ахмет Байтұрсынұлы. Күріш туралы не білесің?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу