Төлебиде әке аманатымен мешіт салынды

Oinet.kz 22-03-2019 1129

Screenshot_14.jpg

Аллаға шүкір, мешітке ескіліктің қалдығы деп қарап, оны бұздырған немесе колхоздың қоймасына айналдырған заман өтті. Тәуелсіздіктің жиырма жылында жер-жерде  салынған сәулеті мен сәні келіскен имандылық үйлерін көріп сүйсініп қаласың. Осы мешіт құрылысына бюджеттен соқыр тиын да бөлініп жатқан жоқ. Барлығын салып жатқан қалталы азаматтар. Бірақ қалталы, дүниесі шалқыған азаматтардың бәрі бірдей мешіт салып жатыр десеңіз де қателесіз.

...Марқұм Бахадүр Мырзатаев Төлеби ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген. Әкесі Мырзатай соғысқа аттанған кезде бұл әлі бір жасқа да толмаған бала екен. Мырзатай майдан даласында шейіт болды. Бахһадүр  ет тірлігінің, білімінің арқасында жетілді. Ұстаздық жолды таңдады. Осы қызметін Созақ ауданында жалғастырған ол мектеп директоры, ауылдық кеңестің төрағасы болды. Кейіннен туған жерге қайта оралды.

Төлеби ауданындағы Майбұлақ орта мектебінде қарапайым ауыл мұғалімі болып істеген Бахадүр Мырзатаев кейіннен осы мектептің директоры қызметін он бес жылға жуық уақыт атқарды. Шәкірт тәрбиелеудегі еткен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Көптеген марапаттарды алды, ауданның құрметті азаматы атанды. Зейнеткерлік жасқа шыққаннан кейін де ол игі істердің ортасынан табылды. Мақтан тұтарлық ұл-қыз тәрбиеледі.  Бахадүрдің ұлдары Серік пен Нұрлан әке жолын қуып, ұстаздық жолды таңдады. Бүгінде мектеп директоры. Ерұлан салық органдарында, Нұрбол қаржы полициясында қызмет етеді... Әттең-ай, бейнеттің зейнетін көрер шақта Баһадүр Мырзатайұлы мен жұбайы Үрзада Шайланқызы мезгілісіз бақилық болды.

Баһадүрдың арманы көп еді. Көзі тірісінде Ұлы отан соғысына қатысқан майдангерлер мен боздақтарға арнап ескерткіш орнатсам дейтін. Ақыры әкенің сол тілегін ұлдары орындады. Ауыл мектебінің алдынан осы өңірден соғысқа аттанған барлық майдангердің аты-жөні жазылған ескерткіш бой көтерді.

--Әкеміз көзі тірісінде ауылдағы мешіттің ескілігін айтып, жаңа мешіт салып беруміз керек деген еді. Кейіннен әкеміз дүние салған соң, осы айтқаны көңілімізге аманаттай түйілді,--дейді Бахадүрдің үлкен ұлы Нұрлан. Рас, ауылдағы мешіт тоқсаныншы жылдардың басында асар әдісімен салынған. Осы заманға сай жаңа бір мешіттің қажеттігі байқалатын.

Әке аманатына адал ұлдар мешіт құрылысын екі айдың ішінде аяқтап, қасиетті Рамазан айы басталар кезде пайдалануға берді. Оның ашылуына Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесiнiң төрағасы, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлi арнайы қатысып, мешітке Құран Кәрімді тарту етті. «Аманат» деген атау берілген мешіттің ашылуына келген ел-жұрттың қуанышында шек болған жоқ. Жиылған халайық «әке аманатына адалдық деген осы шығар» десті. Мешіт салу сауап іс саналады. Осындай сауап тірлікті ұрпағына аманат етудің өзі де сауап емес пе?! 

Темірхан Қожамұратұлы.

ауыл ақсалы.

26.08.2012 ж

Түзету мекемелерінен 11 миллион теңге, 10 мың ұялы телефон, 11 тонна ішімдік «табылды»
Атыраудың әкімі Бергей Рысқалиев «жаңалық ашты»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу