Көріпкелдер 2021 жыл туралы не деген?

Oinet.kz 20-01-2021 2512

Әрбір жыл соңына қарай көріпкел, сәуегейлердің алдағы жылға болжамдар жасайтыны, сондай-ақ тарихта бұрын-соңды өткен осындай ерекше қасиет иелерінің жорамалдары еске алына бастайтыны белгілі. Жұрттың қызығушылығын ескере отырып, сондай бірқатар болжамдар туралы айта кетуді ұйғардық.

maxresdefault-757x470.jpg

Үндістандық бала айтыпты

Өткен, 2019 жылдан бері үндістандық Абхигья Ананд деген жасөспірімнің атағы шығып тұрғаны белгілі. Абхигьяның әлеуметтік желілерде өз арналары бар, сол арқылы ол өзінің болжамдарымен бөлісіп тұрады. Ол ежелгі үнді ілімін меңгерген көрінеді, болжамдарын соған қарап айтады екен. А.Ананд адамдарды табиғатқа қамқорлықпен қарауға шақырады, айтуынша, әлемде орын алып жатқан түрлі апаттардың бәрі адамдардың табиғатқа тек тұтынушылық көзқараспен қарауы, оны ластауы, бүлдіруі салдарынан, соған жауап ретінде болып жатыр.

Осы бала «Ковид-19» індетінің пайда болып, әлемге таралатынын, алдымен одан Қытайдың зардап шегетінін 2019 жылдың жазында, алдын-ала болжаған екен. Ол індет бетінің 2020 жылдың сәуір айына қарай біртіндеп саябырситынын да дәл айтыпты. Абхигья бұған қатысты болжамдарын ас­трологиялық құбылыстарға, Ай тұтылуына және 2019 жылғы «Ғаламшарлар шеруіне» қарай отырып жасапты. Оның бұл болжамдары тура шыққан.

Ол 2020 жыл соңына қарай да жалпы адамзат үшін қолайсыз құбылыстар орын алатынын айтыпты. 21-желтоқсанда, яғни күннің қысқы тоқырауында Юпитер және Сатурн ғаламшарларының Суқұйғыш жұлдыздар шоғырында түйісетінін де ол алдын-ала айтқан. Соңғы рет мұндай құбылыс осыдан 240 жыл бұрын болған екен. Абхигья бұл астрономиялық құбылыс салдарынан әлем экономикасына көп шығын келетінін болжаған.

Оның болжамынша, 2021 жылы әлемде су басуы, алапат дауыл сияқты табиғи құбылыстар жиілейді. Сондай-ақ кей елдерде аштық орын алады. Табиғи апаттардың шарықтау шегі алдағы жылдың наурыз айына тура келмек.

Дегенмен Абхигьяның болжамдарының бәрі бірдей қорқынышты емес. Ол адамзаттың дағдарыстан аман өтетінін айтып отыр. Адамзатқа бұл жолда табиғи азыққа көшу, тұрмыстық химиядан бас тарту, табиғатты таза ұстау, адамдардың өзін физикалық және рухани жағынан жетілдіруі жәрдемші болмақ.

Глобаға құлақ түрсек…

Ал әйгілі астролог Павел Глобаның айтуынша, 2021 жылы әлемді көптеген өзгерістер күтіп тұр, олардың басым бөлігі адамдар үшін жайсыз тимек. Адамдар сырын бірден түсініп болмайтын ауқымды өзгерістер қаңтар-ақпан айларында-ақ біліне бастайды. Олар негізінен саясаттан басқа салаларды қамтиды. П.Глобаның да болжамынша, 2021 жылы адам әрекетінің салдарынан болатын табиғи апаттар жиілейді.

П.Глоба 2021 жылға қатысты өз болжамдарында Ресейге кеңірек тоқталыпты. Ол бұл мемлекет ұзаққа созылған дағдарыстан шығады, 2021 жыл Ресей үшін қалпына келу мен өрлеу жылы болады деп отыр. Оның болжамынша, Ресейдің бұрын КСРО құрамында болған елдермен ара қатынасы жақсара түспек, онда қандай да бір географиялық өзгеріс орын алуы да ғажап емес.

Ал Қытайда жағдай қиындай түседі. Экономикаға қатысты жайсыздықтар орын алып, оның саяси салаға салқыны тиетін болады.

П.Глобаның болжамынша, АҚШ-тың да жағдайы біраз шатқаяқтайтын сияқты. Онда да экономиканың өсімі тежеледі, түрлі проблемалар көбейеді. Астролог АҚШ-та жаңа Президент бастаған биліктің абырой-беделі төмендейтінін, оның экономикаға зияны тиетінін айтады.

Нострадамус не депті?

Орта ғасырларда ғұмыр кешкен әйгілі француз сәуегейі Мишель Нострадамус та 2021 жылдан бастап Ресейдің жағдайы жақсара бастайтынын болжаған көрінеді. Яғни Нострадамус солтүстіктегі көршіміздің экономикасы көтеріледі деп болжаған деседі. Бұл елде демографиялық ахуал оңалып, туу көрсеткіші артады деген болжам айтылыпты.

Нострадамустың болжамынша, 2021 жылы Еуропаның көп бөлігінде басқа жылдардағыдан әлдеқайда көп ылғал түседі, жаңбыр шелектеп жауады. Солтүстік Американы, Азияны, Оңтүстік Еуропаны табиғи апаттар әбіржітетін болады. Кей зерттеушілер тіпті оның бір катренінде (болжам айтылған төрттаған өлең) 2021 жылы діни себеппен Үшінші Дүниежүзілік соғыс басталады деген болжам айтылған деп те жүр. Яғни ол Ислам дінінің таралуы тың қарқын алып, оны тоқтату қиынға соғады деп болжаған көрінеді. Осы кездері әлемде қандай да бір табиғи емес күш пайда болып, соғысты сол бастайды деп айтыпты деседі.

Зерттеушілердің пайымынша, Нострадамус 2021 жылдан ары қарай Ресей мен Қытай арасында сауда-экономикалық қатынастар дами түсетінін, ал АҚШ негізінен өзінің ішкі проблемаларымен әуре болатынын болжапты. Сондай-ақ зерттеушілердің түсіндіруінше, Нострадамус 2021 жылы жаңа дін пайда болады, ол адамдардың Құдайға, табиғатқа деген сеніміне түбегейлі өзгеріс енгізеді деп те айтқан көрінеді.

Ванга айтыпты деседі

Атақты болгар сәуегейі Ванга да Ресейдің 2021 жылдан нығая бастайтынын айтқан көрінеді. Ол Ресей 2023 жылы әлемдегі ең басты мемлекет болады депті. Бірақ ол бұл елде демографиялық ахуалдың нашарлайтынын, тұрғын халықтың азая түсетінін болжапты.

Әйгілі сәуегейдің болжамынша, 2021 жыл Еуропаға жайсыз тиеді, онда діни алауыздықтар күшейіп, осыған қатысты әскери қақтығыстар орын алуы да мүмкін. Оған Еуропаға өз жерлеріндегі соғыстан қашып барып қоныстанған мигранттар себепкер болатын сияқты.

Ванганың болжамдарына қарағанда, АҚШ пен Қытай арасындағы «Сауда соғысы» 2021 жылы да жалғасын табатынға ұқсайды. Қытай әлемдік державаға айналады. Ал АҚШ-тың ішкі саяси ахуалы нашарлай түспек.

Ванга 2021 жылы Жер орбитасының аздап өзгеретінін, Юпитердің тарту күші біршама артатынын, соның салдарынан әсіресе Америка құрлығында және Жапонияда жер сілкінулері мен жанартау атқылаулары жиілейтінін де болжапты.

Ванга өз болжамдарының бірінде 2021 жылы адамзат қатерлі ісікті жеңеді деп те айтыпты. Яғни осы жылы рактың емі табылатынын болжапты.

Вольф Мессингтің болжамы

Атақты көріпкел Вольф Мессинг 2021 жылдан Ресей мен Украина арасында жылымық орнай бас­тайтынын болжаған деседі. Ол Беларусь елінің де жағдайы осы жылдан бастап түзеледі деген көрінеді. Ал АҚШ, оның болжамынша, өзінің әлемдегі беделінен айырыла бастайды. Бұған оның ішкі саяси жағдайы себепкер болмақ.

В.Мессинг бұл жылы Шығыста Қытайдың, Жапония мен Солтүстік Кореяның қатысуымен халықаралық жағдайдың қатты шиеленісетінін болжапты. Бұл шиеленіс ядролық соғыс қаупін, Үшінші Дүниежүзілік соғыс қаупін туғызбақ. Мессинг оған Ресей араласып, араағайындық етпесе, қатер күшейе түседі деп болжаған көрінеді.

…Міне, тарихта бұрынғы-соңғы өткен көріпкелдердің осындай болжамдары бар екен. Қазіргі көзі тірі кей көріпкелдер Ресейде ішкі саяси ахуал нашарлайды, Азамат соғысының қаупі туады, Ресейдің көрші елдермен қатынасы ушығады деп те айтып жатыр. Әрине, алда не болмағын бір Құдайдың өзі біледі. Әйтеуір жамандықтың беті аулақ, ал құлаққа жағымды естілетін, көңілге үміт ұялататын болжамдар өмір шындығына айнала бергей дейміз.

Р. ҚАЛТАЙ,

Замана газеті

​Неміс патриотизмінің он өсиеті
Түнде жүрген жеткіншектің тәрбиесі қандай?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу