Ашаршылық жылдары қазақтар осындай қорлықтар көрді

Oinet.kz 04-11-2023 574

Ашаршылықтың белгісін ешкім сезбеді. Халық арасында көреген жан ғана болашақты болжап білді. Алдағы жылдарда аты- шулы зобалаң келе жатқанын көріп, алдын ала сақтық шараларын ойластырды.

6476c1156b8cf862111725.jpeg

Бірде шəй үстінде Əшірге бəйбішесі сыр қозғады.

- Отағасы, мен бір жаман түс көрдім. Елге аспаннан қара бұлт шүйлігіп, халықтың асыл азаматтарын жалмап жұтып жатыр екен. Төрт түлік малдың қаны қашып, тістері түсіп, қырылып қалыпты. Əр от басына қайғы орнайтыны оңғарылып тұр. Алдын ала сақтанбаса болмайды,- деді күрсіне.

- Не дейді?- деді Əшір.

- Иə, солай.

- Ойпірім-ай! Жұт жеті басты деуші еді. Енді не істейміз,- деді ойға шомып отырып.

- Отағасы, ертерек терең құдық қаздыр. Малдарды сойып, етін кептіріп, құдыққа сақтау керек,- деді толғана бəйбіше.

- Сақтансаң сақтайым деген рас-ақ.

- Иə, Аллатағала! Аманшылығын берсін.

Əшір ойланып қалды. Бəйбіше қою қатқан қаймақты шайын қайта сораптап:

- Отағасы, бір өзің тоқ болып, ел аш болып, босып жүрсе ішкенің іріңге татиды. Сондықтан, туыстарыңды жиып, бəріне осы ұсынысты жеткізген жөн. Көптің көзін жеткізу оңай шаруа емес қой. Ағайын ағасын тыңдамаса, абыройың болмайды. Жұттың алдын алмаса, артында ұрпақ қалмайды.

- Көңілі тоқ ел, көзі жетпеген істі мойындай қоя ма?- деді Əшір күмілжіп.

- Ел ерге тоқтайды, ел сақтанып отырса, жұт соқпайды. Жемі жеткілікті болса, өзегі талмайды. Адамның бəрі көреген болмайды,-деп тоқтады бəйбіше қою шайын іше отырып.

Əшір амалсыз көніп, басын изеді. Өзі қосағының бойындағы асыл қасиеті барын жақсы біледі. Сенбесіне амалы жоқ. Ертесіне ағайындары мен əкесі Есенқараға айтып Нұрбетті, Деріспекті, Иман, Тəніні де шақырып, жеңгелері айтқан əңгімені жайып салды. Олар селт етпестен тыңдады.

- О, Тəңірім, тіріге ғұмыр бере көр. Бабаларымыз көрген тағдыр құқайын ұрпақтарымызға көрсете көрме,- деді Деріспек күрсініп.

- Жұт жоқтың артын ашады. Берекені күлше шашады. Адам бəріне көнеді. Алдын алса, арықтың да белі ауырмайды. Зұлмат зарын ала келеді, аштық адамға өңешінен енеді. Сау басты жерге иеді. Ендеше, есіміз барда жылға жететін қор жинастырайық,- деді Нұрбет би.

- Келініңіздің терісі асыл, өнегесін айта жүрер талай ғасыр, - деп Дерісбек салқын жымиды.

- Алла артын қайырлы етсін. Жұт бəлекет, бізді айналып өтсін, - деп Əшір шекесін тыржитып:

- Уа, ағайындар, біздің əйелдің түсі-түңіліп тұр. Ол келе жатқан жұтты көріпті. Əулетіміздің амандығы үшін алдын алсақ, бауырымыз бүтін болар. Көрегеннің көзі он болады. Жамандық айтып келмейді, келсе тізгінін бермейді,- деп тоқтады.

Көп кешікпей ауыл түгел құлақтанып, жарыса құдық қаза бастады. Ішін қызыл жыңғылмен шетендеп, қабырғаларын түтінмен ыстап, əбден кептірді. Қоңды малдарды қораға қамап, кезекпен пышаққа ілді. Сойылған малдардың еттерін кептірді, қақтап, қанар қаптарға салып құдыққа арқан байлап, тереңге салбыратып салады. Əйелдер жағы ағарғаннан құрт жасап, кептіріп құдыққа басты.

Бейқамдық талайлардың төсін жалағанмен, жұт келіп қанша адамның шаңырағын ойрандап кетті. Жұт қолмен жасалды. Оның астарындағы жымысқы əрекеттің аяғын алған ұрпақ оның сырын ескеріп, Қызыл белсенділері елдің еңсе көтерер ерлеріне қасқырдай тиді. Қара қарғаша шулап, күн сайын құрығына іліп, қарсыласқанын оққа байлады.

Халықтың алдындағы малын айдап əкетіп, аузына ілінер осында қол салды. Ел ішін қайғы-мұң басты. Еркіндік қашты. Еркек - қорқақ, бала - жалтақ күйді бастан кешті. Талай асылдардың шаңырағының оты өшті. Емізулі бала да, ақ жаулықты ана да, еңкейген шал да жоқшылықтан жүдеп-жадап, жарық дүниеден озды. Не көп болса сол қадірсіз болады. Алғашқыда адамның өлі денесін көргенде, сескеніп, кеудесінде қуаты бары жерлеуге əрекет жасайтын келе-келе əркім қара басымен арпалысып, безіп кетті.

Есенқараның ағайындарының өзегі талмады. Аша тұяқтан айрылса да, ішім-жемі табылып, қара қазаны ошақтан түскен жоқ.

Заманның тарлығы пейілді бұзады. Мойындарына дорбасын салып, үй жағалаған жандарды көріп, жаны езіледі. Бəріне бірдей дəм ұсыну мүмкін де емес еді. Өзі іштей ойланып, көрегендік қасиеті бар келініне көңілі толып, шұкіршілік жасап, Тəңірге жалынады. Күннің жаманы да өтті. Ел еңсе көтеріп, халықтың бетіне күлкі жүгіре бастағанда, Иман жеңгесіне еркелеп:

- Айналайын, жеңеше етегіңіз ұрпаққа, баққаныңыз жайлауға толсын. Бір əулетті жұттан жұттатпай шығардыңыз.

Жеңгесі асылдың ауылында нəсір көбейеді,

Жеңгесі жаманның ауылында кесір көбейеді,-деп аталарымыз тегін айтпаған екен. Тектінің елшісі - бір əулеттің кеншісі.

Ақылдының қуаты - теңізден жүзіп өтуге жетеді.

Туласа атыңнан аударып кетеді.

Сендей серігі бар ағам қалай жарылса да жарасады,- деп Иман ақтарылды.

- Ой, қайыным, қанатың аман болсын. Маған қосақ, саған қорған ғой.

- Жеңеше-ай, ойыңыз асыл, күндегендер өзіңе масыл болсын.

- Қой, қайдағыны айтпа. Өзге де не шаруам бар. Ошағымнан от өшпесін.

- Уызын ішіне бүккен жұмыртқа секілдісіз ғой,- деді жымиып.

- Əй, жүгірмек, адамның тілін қышытасың. Ертеде əйгілі Əбу Насыр Əл-Фараби алымға тəлімгері келіп:

- Уа, ойы жүйрік алым, ұлы деген кім?- деп сұрапты. Сонда алым:

- Сауалың сауды сүріндіреді екен. Жауап айтпасам ұйқың қашар. Ұлы деген бастаған ісін екі рет бұзып, екі мəрте түзеп, жөнге келтірген адамды айтады,- дейді.

- Ұстазым, түндігімді түрсем де, санама сəуле түсер емес,- дейді тəлімгер.

- Егер өзі бұзған көпірді, өзі жөндеп қалпына келтіріп, ел алдында айыбын мойындап, қателігін түзулей білген азамат, ұлы емей немене,- деп жауап берген. Мен əулеттің амандығын ғана ойладым. Бесік бүлінбес үшін, есікті түзеу керек, қайыным,- деп күлді де үй шаруасына араласып кетті.

Ақпантай Əлиасқарұлы Байғұт,

Асан Тұрабаев, Ілесбек Байжанов.

Қазығұрт ауданы....

Итжеккенде қорлық көрген ақсақал
Біздің кластың қызы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу