Ертегі. Аяз би

Oinet.kz 05-10-2019 6666

Әдебиет. Аяз би» ертегісі туралы қысқаша түсінік. - YouTube

Ертеде Мадан деген хан болыпты. Оның ақылы, тапқырлығы өзінің заманындағы көп хандардан артық екен. Ханның қырық уәзірі бар екен. Бір күні хан уәзірлерімен мәжілістес болып отырып: - Уәзірлерім! Сендер қырқың да асып туған ақылды, данышпан едіңдер. Мен сендерді бір жұмысқа жұмсайын, сендер маған дүниедегі адамның жаманын, құстың жаманын және шөптің жаманын тауып әкеліңдер. Он бір ай уақыт беремін. Сол он бір айдың ішінде тауып әкелмесеңдер, жазалы боласыңдар, - депті.

Хан бұйырған соң, амал жоқ, уәзірлері өзара ақылдасып, іздеуге кіріседі.

Көп іздеп, азап шегіп, шеңгел деген шөпті тауып: «Өзі – тікен, арасынан жүрсе киім жыртады, мал жемейді екен, шөптің жаманы осығой» деп шеңгелді алады. Қырғауыл деген құсты тауып: «Үстінде жүні жоқ, ұсқыны келіссіз, құстың жаманы осы екен» деп қырғауылды атып алады. Енді адамның жаманын таба алмай, қырық уәзір келе жатырса, таудың етегінде үстінде жыртық тоны, басында тері тымағы бар, ұсқынсыз бір адам бес-он қойды бағып жүр екен. Уәзірлер таңырқап: «Адамның жаманы, сірә, осы болар-ау» деп тұрғанда, әлгі адам: - Уа, мырзалар, неге таңырқайсыңдар? – депті.

Уәзірлер ханның сондай бір жұмысқа жұмсағанын, шөптің, құстың жаманын тауып, енді адамның жаманын таба алмай, ол адамның ұсқынын көріп таңданып: «Адамның жаманы осы болар» деп таңырқап тұрғандарын айтыпты.

Жаман тұрып: - Болды, адамның жаманы керек болса, мен боламын. Ханға мені алып барсаңыз, сіздердің жұмысыңыз бітеді, дейді.

Уәзірлер: - Олай болса, жарайды, - деп Жаманды аттың артына мінгестіріп алып, ханға жөнеледі. Ханға келе жатып Жаман: - Адамның жаманын тауып алдыңыздар, бірақ шөптің, құстың жаманын таба алмаған екенсіздер. Шөптің жаманы – қара қоға, құстың жаманы – сауысқан еді, - деп уәзірлерге қырғауыл мен шеңгелді тастатып, олардың орнына қара қоға мен сауысқанды алдырады. Уәзірлер мәнісін сұрайын деп еді, ол: - Хан алдында айтамын, - деп сөйлемеді. Уәзірлер келген соң хан әкелген адамның ұсқынына қарап: - Әкелген адамың жарайды. Мұнан жаман кісі дүниеде жоқ шығар. Қазір аспазшыға апарыңдар, көже мен нан берсін, сыйласын. Ертең ортаға алып, тамаша етеміз, - деп Жаманды ас үйге жіберді. 

Бірақ құстың жаманы мен шөптің жаманын таба алмаған екенсіңдер. Құстың жаманы – қырғауыл, шөптің жаманы шеңгел еді. Осыны көре тұра бұларды әкелулеріңнің не мәні бар еді?! – деп хан уәзірлеріне қатулана бастады.

Сонда уәзірлер: - Тақсыр, айтқаныңыз дұрыс. Біз шөп жаманы деп шеңгелді, құс жаманы деп қырғауылды алып едік. Бірақ жолшыбай әлгі Жаман: «Шөптің жаманы – қара қоға, құстың жаманы - сауысқан» деп, бізге оларды тастатып, қара қоға мен сауысқанды алдырды, - деп жауап берді.

Хан аз кідіріп: - Е, Жаманның не білгені бар екен. Шөптің жаманы – қара қоға, құстың жаманы сауысқан екенін қайдан білді? Алып кел, сұралық, - деп бұйрық етті. Жаманды ханға алып келді.

Хан Жаманның бетіне қарап: - Мен құстың жаманы – қырғауыл, шөптің жаманы шеңгел деп ойлаушы едім, сен оларды уәзірлерге тастатыпсың. Сен шөптің жаманы – қара қоға, құстың жаманы сауысқан екенін қайдан білдің? – деді. - Тақсыр хан, елу жасқа келіп жаман болған жоқпын, жасымнан-ақ жаман едім. Өмірімде отын-су тасып, еткенім кісінің құлшылығы болды. Сол уақытта шеңгелді әкеліп отқа жақсам, кешке жаққан отым ертеңге дейін сексеуілдің шоғындай жайнап жататын еді. Сол уақытта «Киім жыртып, мал жемейтін шеңгел отын ретінде пайдаға асады екен-ау» деп ойлаған едім. Ал енді қара қоғаны алып отқа жақсам, отқа жанбайтын еді, үрлесем, жалыны мен шоғы бірге сөніп, күлі бұрқырап, үйдің ішін алып кететін еді. Отқа жанбаған соң, апарып малға салсам, мал жаманы сиыр екеш сиыр да мұрнын шүйіріп жемейтін. Сонан соң қара қоға тіпті пайдаға аспайтын шөп қой деп ойлаушы едім. Қара қоғаның жаманын содан білдім, - деді Жаман. - Сауысқанның жаман екенін қайдан білдің? – деді хан. - Қырғауылдың жүні жоқ болса да, қанаты бар, адамның пайдасына жарайтын адам құс. Біреудің сиықсыз болуы – тәңірдің ісі. Қырғауылдың айыбы – тек сиықсыздығы. Ал сауысқанның жүні ала болғаны сияқты, өзі де ала, бірлігі жоқ. Екеуі бірігіп ұшпаған, екеуі бірігіп қонбаған, адам пайдасына аспайтын арам құс еді. Сондықтан құс жаманы сауысқан деймін. 

 Хош, сауысқан мен қара қоғаның жамандығын білдің. Енді өзіңнің жамандығыңды қалай білдің? – деді хан. - Уа, тақсыр! Менің жасым елуге келді. Мен қатарлылар әйел алып, бала көрді, келін жұмсап, қызық көріп отыр. Мен қайда болса сонда, әлі күнге дейін әркімнің артына мінгесіп, басқа біреудің құлшылығында жүрмін. Енді мен жаман емей, жақсымын ба? – деп Жаман ханға қарады. Хан басын шайқап: - Апыр-ай, сен жаман болсаң жарар еді... Құстың, шөптің, өзіңнің жамандығыңа дәлел айттың, жарайды. Енді менің бір тұлпарым бар, соны сынап бересің бе? – деді. - Жақсы, сынап берейін.

Тұлпарды алып келген соң, Жаман тұлпардың алды-артына қарап: - Тұлпарыңыздың сипатына мін таба алмадым. Енді мініп қарар едім, - деп ханнан рұқсат сұрап, тұлпарға мініп, есік алдындағы өзеннен әрі-бері өтеді де, қайтып келіп: - Тақсыр тұлпарыңыздан басқа мін таба алмадым. Тұлпарыңыз тек сиырға шатыс екен, - деді.

Хан таңданып: - Апыр-ай, залым, оны қайдан білдің, айтқаның рас. Менің Ақша деген құдам бар еді. Соның тұлпар табатын бір буаз биесін қалап алдырған едім. Бие күні жетіп, құлынды туа алмай, өлер болған соң: «Бие өлсе де құлын қалсын» деп биенің ішін жарып, құлынды алғанмын. Сол құлын осы еді. Әбден отығып кеткенше, сиырдың сүтімен асырап едім. Ал енді сен мұның сиырға шатыс екенін қайдан білдің? – деді хан. - Тұлпардың одан басқа мінін таба алмадым. Бірақ тұлпарыңыз судан әрі-бері өткенде аузын суға малып, аяғын артқа сілкіп өтті. Сиырды күніне қырық суарсам да, судан айдағанда, аузын суға малмай, артқы аяғын сілікпей өтпеуші еді. Тұлпардың сиырға шатыс екенін содан білдім, - деді.

Отырған жұрт таңғалып, бір-біріне қарасты.

Хан біраз ойланып отырып: - Енді менің бір гауһар тасым бар. Сол тасымның қандай қасиеті бар екенін тап, - деп қазынасындағы тасты алдырып берді.

Жаман тасты қолына алып салмақтап, шайқап отырды да: - Сіздің тасыңыз, рас, қасиетті тас екен. Бірақ екі жылдан соң қасиеті бітеді. «Адам тілі тас жарар, тас жармаса, бас жарар» деген. Тастың ішінде көз тиіп түскен екі қара бас құрт бар. Тасыңыздың пышақ сыртындай ғана қалыңдығы қалыпты. Сол құрт екі жылдан соң тесіп шығады. Тесіп шыққан соң тасыңыз пайдаға аспайды, - деді.

Бірсыпыра жұрт не дерін білмей: «Бәрібір екі жылдан соң пайдаға аспайтын болса, тасты жаралық» десті. Бірсыпырсы: «Жаманның сөзіне бола тастан айырылмайық» десті. Ақырында тасты жармақшы болды. Тасты жарып қараса, ішін екі қара бас құрт кеулеп, тесуге жақындап қалған. - Тастың ішінде құрт бар екенін қайдан білдің? – деді хан. - Тастың өз қасиетіндей салмағы болу керек. Тас жеңілдеген екен. Құрт бар екенін содан білдім, - деп Жаман жауап берді. - Апырым-ай, сен жаман болмадың ғой, тіпті бір данышпан болып жүрме. Ал сен менің өзімді сынашы. Мен неше атамнан бері хан екенмін, - деді хан. Жаман: - Жақсы, - деп таққа отырған ханның алды-артына шығып, алдына келіп, ханның бетіне тіке тұрып қарап: - Жоқ, тақсыр, сіздің басыңыздан басқа тегіңізде хандық жоқ екен, хандық қара басыңда екен. Қарадан туып хан болғансың, атаңда хандық жоқ екен, - деді. Жаманның сөзін бітірмей, хан оның сөзін бөліп: - Жоқ, қате айтасың, мен жеті атамнан бері ханмын. Өзімді қойғанда да алты адамды қайда жібересің, - деп Жаманға зекірді. Жаман саспады. - Жоқ, тақсыр, сөзің қара басыңыздан басқа тегіңізда хандық жоқ. Сіз нағыз наубайдың баласысыз, - деді.

Хан не дерін білмей қалып, халыққа қарап: - Апырым-ау, мына Жаман не дейді?! Халқым, мен хан баласымын деп жүр еді, шақырыңдар анамды, - деді. – Ақиретке біреудің қанын жүктеп барып, тәңірі алдында қара бет болмасын, не де болса шынын айтсын. Әйтпесе ашумен мына Жаманның басын кесермін, - деді. 

Шешесі келген соң, хан шешесіне Жаманның сөзін айтты. Шешесі терең күрсініп, сөзге кірісті: - Е, шырағым, жасым сексенге келгенде, біреудің қанын жүктеп не қылайын. Бір сыр бар еді, оны тәңіріңнің өзі ғана білетін еді, мен білетін едім. Мынау Жаманың біліпті, енді айтайын: атаң сенің Зәрлі хан еді. Менен бұрын 19 әйел алып, кілең қыз тапқаны үшін бәрінің де ішін жарып өлтірген екен. Соның үшін де «Зәрлі хан» деп, халық ат қойып еді. Жиырмасыншы әйелге мені алды. Мен де екіқабат болған соң, жалғыз жанымнан қорқып, тәуіптерге қаралып едім: «Сенің ішіңдегі қыз» деді. «Қыз тапсам мені де өлтіреді ғой» деп көп қайғы жедім. Сол күндерде бас аспазшы-наубайдың әйелі де екіқабат екен. Оның да тамырын ұстатып қаратып едім: «Мұның ішіндегі ұл» деді. Жалғыз жаным үшін сол жерде маған ой келді. Әйелді оңаша шақырып алып, барлық мұңымды айтып, қазынадан табақтап алтын беріп: «Ақиреттік дос болайық, ұл тапсаң, ұлыңды маған бер, менің қызымды ал. Бірақ бұл сырды ешкім білмесін» деп жалындым. Әйел табақтап алтын алып, бір жағынан мені аяп, сол жерде уәдесін берді. Туар кезімізде Зәрлі хан аңда еді, екеуміздің толғағымыз бір күнде келіп, бір мезетте босандық. Сырды ешкім білмесін деп, басқа біреуді де жолатпай, біріміздің баламыздың кіндігін біріміз кесіп, сол қолыммен қызымды беріп, оң қолыммен сені алған едім, шырағым... Енді бұл күнде мына Жаманың соны біліпті. Сыр ашылуға тәңірі жазса, не шарам бар, - деп сөзін аяқтай алмай, шешесі жылап жіберді. - Сөз тапқанға қолқа жоқ! Олай болса, мен таққа лайық емес екенмін, осы оқиғаны оймен білген сіз лайықты екенсіз, - деп хан тағынан түсіп, тақты Жаманға береді.

Жаман: - Жоқ, тақсыр, кешегі күні «Жаман кісі керек» дегенде ат артына салып келген Жаман едім, бүгін таққа отырмаймын. Сіздің көлеңкеңізде жүрсем де жарар. Тағыңызда өзіңіз отырыңыз, - деп болмайды.

Хан таққа отырып: - Апырым-ай, менің наубайдың баласы екенімді қайдан білдіңіз? – деді.

Сонда Жаман: - Мен жаман-жақсы болсамда, үйіңізге келген қонақ едім. Хандардың ішер асы – жал мен жая аузыңызға түспей, нан, көже түсіп, келісімен аспазшыға жібердіңіз. Салтыңызға тарттыңыз. Сіздің аталы хан емес екеніңізді содан байқадым, - деді.

Жиылған жұрт таң қалды.

Сол күйінше хан тағы да хандық құрды. Жаман оған жақсы уәзір болды. Жаман ханға ақылымен, тапқырлығымен жақты. Содан былай қарай қырық уәзір елеусіз боп шеттеп қалды.

Күндердің бір күні Жаман сыртқа шығып тұрса, қаланың ортасында алты қанат ақ боз үй тігулі тұр екен. Төңірегінде қаптаған кісі, үйге кіруге кезек күтіп тұр. Жаман қайтадан үйге кіріп, ханнан: - Бұл не жиын? – деп сұрады. Хан сонда: - Қалада қара болса да, байлығымен елдегі хан пара-пар Уәлі дейтін бай бар. Сол Уәлі байдың Меңді дейтін қызы жиырма жылдай отырды, қазір отыз бесте. Осы күнге дейін қыздың өзінен асып, ешкім оған күйеу бола алған жоқ. Бәрі де барып, қызға жауап қайтара алмай, қайтып кетеді. Ол жиын – қызды жеңіп аламыз деп жүрген бай, мырзалардың жиыны, - деді.

Жаман: «Мен де барып көрсем қайтеді» деп ойлап, кешке жұрт орынға отырған соң, жайлап қыздың үйіне барады. Есікті қағып еді, бір әсем келіншек шығып: - Не жұмысыңыз бар? – деп сұрады. - Менің жұмысым сенде емес, қызда. Бар қызға айт! – деді. Келіншек күліп қызға барып: - Бикеш-ау, күйеу таңдаймын деп, сен де жұртты басындырып болдың-ау! Адам көргісіз бір жаман кісі сенде жұмысым бар дейді. Сенен ол дәме етіп келген білем! – деп қалжыңдады. Қыз жымиып күліп: - Ол түрге жаман болғанмен, қандай кісі екенін қайдан білесің? Мынаны алып барып бер, - деп жеңгесінен гауһар, пышақ, тәрелке және қайрақ тас беріп жібереді. Жеңгесі ол заттарды апарып берген соң, Жаман қолына алып қарап тұрды да: - Бар, мұның құралын әкел, - деді.

Ойбай, әлгі Жаманың: «Мұның құралын әкел» дейді, - деп жеңгесі қызға қайтып барады.

Қыз: - Жарайды, деп жеңгесіне балға мен төс берді. Жаман балға мен төсті алған соң қайрақты төске қойып, балғамен ортасынан бөлді, тәрелкені уатты, пышақты жетесінен сырдынды, гауһар тасты қақ жарды да: - Мә, бикешке алып бар! – деп келіншектің қолына берді. Сынған заттарды көрген соң, қыз ұшып тұрып: - Сол адам – шайтан болмай адам болса, менің тап баратын кісім. Шақыр мұнда! – деді. Жеңгесі не дерін білмей, Жаманды шақырып келді. Қыз оны құрметтеп қарсы алды.

Бұрын да талай бай балалары, хан балалары келеді екен. Бәріне де қыз манағы заттарды береді екен. Бәрі де: «Менің үйімде пышағым жоқ па, болмаса қазынамда гауһар тасым жоқ па, я тіпті қайрақ таба алмай жүрмін бе?» деп ашуланып, қайтып кетеді екен.

Тап сол күні қыздың ағалары ақылдасып: «Бұл қалай болды? Осы қыз отыз беске келді. Күйеу таңдап әлі біреуге тиген жоқ. Сірә, оның басқа бір сүйгені бар шығар. Ондай адам болса ұстап алсын» деп қарауылшы қойыпты. Таң атқан соң, Жаман қыздың үйінен шығып кетіп бара жатса, қарауылшылар оны ұстап, байдың балаларының қолына апарып береді. Бай балалары Жаманды дірдектетіп ханға апарып: - Мына уәзірді ұстап алдық. Бізді келмей жатып басынды! – дейді. Хан Жаманды оңаша алып сұрайды. - Қыздың үйіне бардың ба? - Жоқ. - Мыналар: «Ұстап алдық» деді ғой? - Олар өтірік айтып, бәле жауып жүр, мені даладан ұстап алды. - Мен сенің ақылыңды сыйлап, астымдағы тағымды да беріп едім. Тақты өзің алмаған соң, ең жақын уәзірім қылып едім. Уәлі бай маған олардан қымбат емес. Шыныңды айт. Қызды алып берем, - десе де, Жаман ханға тіпті шынын айтар болмады. Хан ашуланып, жендеттерге Жаманды дарға асуға әмір қылды.

Жендеттер хан бұйырған соң, Жаманды дарға апарып, мойнына тұзақ салып, дардың жібін тартып, жоғары көтерді. Жаман иманын айтып, қырылдап, енді демі бітуге айналғанда көпті жарып, ақ боз атты, ақ киімді, бетіне перде жапқан бір кісі келіп, қылышпен дардың жібін кесіп жіберді де, сұлап жатқан Жаманның көкірегіне қылышын көлденең тастап, жайына кетті. Жаман біраз қырылдап жатып, есін жиған соң, жендеттер тағы да дарға тартайын деп ыңғайланғанда: - Мені ханға апарыңдар, - деп өтінді ол.

Жендеттер ханға Жаманды қайтып әкелген соң, хан: - Осы уақытқа дейін неге өлтірмедіңдер? Менің бұйрығымды неге екі етесіңдер?! – деп ақырды.

Жендеттер тұрып, оқиғаны айтып беріп, ас десе, әлде де дарға асуға әзір екенін білдірді.

Енді хан Жаманға: - Маған барам деп неге айттың? Әлде манағы айтпаған шындығыңды айтайын деп келдің бе? – деді. - Е, тақсыр, шынымды айтайын деп келдім. - Онда Уәлі байдың қызының үйіне барғаның рас па? - Рас еді. - Алам деп уәде беріп пе едің? - Беріп едім. - Ендеше мана неге айтпадың? - Тақсыр, мана айтпаған себебім мынау еді:

Мен барып, Уәлі байдың қызына сырттан хабарласқанда, ол маған бір тәрелке, бір қайрақ, бір пышақ, бір гауһар тас беріп жіберді. Онысы: «Қайрақтай болып үгітілгенше, тәрелкедей болып уатылғанша, пышақтай болып басы кесілгенше сыр айтпайтын кісі мына гауһар тастай мені жарып алады» дегені еді. Сол сырды: «Пышақтай болып басым кесілгенше айтпаспын!» деп пышақты жетесінен сындырып, «қайрақтай үгітілгенше» деп қайрақты уатып, «тәрелкедей уатылғанша» деп тәрелкені қиратып, сыр шашпаймын, «гауһар тастай сені жарып алам» деп гауһар тасты қақ бөліп уәде беріп едім. Сол себепті мана шынымды айтпап едім. Қыздың озі мені аяп, ақ боз атқа мініп, бетіне перде жауып келіп, дардың жібін қиып, көкірегіме қылышын тастап кеткені: «Мен үшін кінәсіз өлме, ерлігіңді көрдім. Қылыш үстінде серт жүрмейді деуші еді, антыңды қайтып ал» дегені еді. Өзі рұқсат берген соң, шынымды айтып отырмын, - деп Жаман сөзін аяқтады.  

Хан Жаманның сөзінің шындығына көз жетіп, ел жинап отыз күн ойын, қырық күн тойын қылып, қызды Жаманға алып берді. Жаман тапқырлығымен ханға жағып, екеуі дос болыпты.

Бір күні қырық уәзір кеңесіп отырып: - Бұл Жаман біздің жаман кісі іздегенде ат артына мінгестіріп алып келген жаманымыз еді. Бұл күндері хан оны өзіне жақын дос қылды. Қыз да әперді, бізді есепке алмай тастады. Қой, бүйтіп жүріп болмас! Біз бұл екеуін араздастырайық. Ханға Жаманның әйелін мақтайық, үйіне қонаққа апарып көрсетелік. Сөйтіп, екеуінің арасына от жағалық деседі. Уәделері бойынша Жаманның әйелін ханға мақтайды. - Тақсыр, шынында, ол әйел – сізге лайық әйел! – деп ханды азғырады.

Хан Жаманның үйіне барып, өз көзімен әйелді, оның тәрбиесін көрсен соң: «Шынында, маған лайық әйел екен» деп ойлап, үйге қайтып келіп, қырық уәзірмен кеңеседі. - Ойда жоқта ой салған сендер едіңдер. Енді сол әйелді алуға маған қандай айла тауып бересіңдер? – дейді. Уәзірлері кеңесіп: - Жақсы, тақсыр! Жаманды шақыр. Біз оны «Барсакелмеске» жұмсайық. Сонда ол өлер, ол өлген соң бос әйелді сіз алмай, кім алар дейсіз, - дейді.

Жаманды шақыруға хан бір жігітті жібереді. Жіберген жігіті барып, үйден сығалап қараса, төрде төсек үйтінде Жаман жатыр. Әйел төрдегі айнаға қарап, өз көркіне таңғалып отыр екен... Әйел Жаманның сөзіне күліп, артына қарағанда есіктен кіріп келе жатқан жігіт әйелдің жүзін көріп есінен танып, құлап қалыпты. Сол жерде бетіне су бүркіп, жігітті тұрғызып алып, жұмысын сұрайды. Жігіт келген жұмысын айтып, ханға қайтып келген соң, хан: - Сен кеткелі көп уақыт болды, мұнда жұртты сен неге иіріп, отырғызып кеттің? – деді.

Жігіт басынан өткен оқиғасын айтқан соң, әйелге ғашық хан онан сайын ынтық бола түсті.

Жігіт кеткен соң Жаман: 

- Ханға барайын ба? – деп әйеліне ақылдасты. Әйелі: - Бар, сені «Барсакелмеске» жұмсарын көптен-ақ сенгенмін. Разы бол, бірақ жолға жұлқынған жүйрік, жылжыған жорға мінбе, жылқыдағы ең семізін мін. Қырық уәзір сені үш күншілік жерге шығарып салар. Олардың қарасы үзілген соң, сен де қайт. Орман ішіне апарып, атыңды сой да, етін алып кел. Соны қорек қылып, жата береміз, - дейді.

Жаман ханға келген соң, хан сөз бастайды: - Мен сені бір ұзақ сапарға жұмсаймын, жұмсағанда сенің ерлігіңнен үміт етпеймін, ақылыңнан үміт етемін. Барсаң, айтамын, - деді. - Жақсы, барайын, - деп Жаман разылығын білдіреді. - «Барсакелмес» дейтін жерде «інжілі қой» дейтін қой бар деп айтады. «Бір түгі – алтын, бір түгі – күміс, сойса, терісі – бір адамға тон» дейді. Соның терісін үстіме кигім келеді. «Інжілі үйрек» деген үйрек бар, «қанаты – күміс, басқа жері - алтын» дейді. Соны тәж қылып кигім келеді. «Дәудің інжілі қара арғымағы бар, бір шапқанда жүз шақырым жабады» дейді. Соны мінгім келеді. Міне, осы жұмыстарға барасың, - деп Жаманды кілең өтірікке жұмсайды.

Жаман ханның жылқысынан бір семіз атты таңдап мініп, жолға шығады. Қырық уәзір үш күншілік жолға шығарып салып қайтады. Уәзірлердің артынша Жаман да кейін қайтып, «Қараторғай» дейтін орманға апарып атын сойып, үйінен көлік әкеліп, етті тасып, тұздап алады. Төсегінің астынан қол бойы жер қазып, күндіз сонда, түнде әйелінің қасына жата береді. Ай өтеді, жыл өтеді. Бір күні Жаманның үйіне, жеңгесіне көңіл хош айтуға хан келеді. Қонақасы жеп болған соң, хан сөзін бастайды: - Адамның, шөптің, құстың жаманын әкел дегенде, уәзірлерімнің алып келген жаманы еді. Жаман болса да, ақылына разы болып, тағымды да ұсынып едім. Ақылының арқасында сені де алып еді. Сол ақылынан үміт етіп, бір жұмысқа жұмсай қойып едім, келер уақыты өтіп кетті. Құдайдың әмірі болды ма деймін... Сені қор қылып, жалғыз тастамаспын, «Аға өлсе, іні - мұра» деген, қолыма алып бағармын, - деп үгіт айтады.

Әйел отырып: - Е, құдайдың әмірі болса, не шара?! Ол келгенде, сенің қолыңда бір қадірлі тас бар еді, соның тілімен сен ол тасты жарып едің, жарылған соң ол тас пайдаға аспады ғой. Сол секілді әр заттың пайдалы уақыты бар еді. Кешегі қыз күнімде болса, бірсірә, енді мен жарылған тас сияқтымын. Саған қызмет етіп жаға алмаспын, әуре болма! – дейді.

Хан әйелден жеңіліп, үйіне қайтады. Хан шығып кеткен соң, әйел күйеуін шығарып алып: - Бар, енді ханның жауабын өзің бер, - деп қоя береді.

Хан да барып тағына отырып еді, Жаман да сәлем беріп кіріп келді. Хан сасып қалып: - Уа, қашан келіп қалдың? Ал әңгімеңді айта бер, - деді.

Жаман тұрып: - Әңгіме ұзақ емес. Уәзірлер шығарып салған соң, бір аш арыстан соңымнан қалмады. Мен: «Барсакелмеске» барып, жауды мұқатқанша мына жауды мұқатайын! Деп қылышымды суырып алып, қуып кеттім. Өз ауылыма келіп, қамап едім, онан шығып кетті. Осы сіздің ордаға кірді ме деп отырмын, - дейді.

Хан не дерін білмейді, бір қызарды, бір бозарды, жерге кіріп кеткендей болды ақырында: - Мен айыптымын, менен бір қате болды, шайтанның азғырғанына ердім, оған себеп – мына уәзірлер. Бұлар енді я саған, я маған бір қатер қылар. Сен енді іргеңді көтер, бөтен елге көш, - дейді. Жаман разы болып, көшетін болды. Хан бірнеше түйеге жасау, асыл зат арттырып, Жаманды Ақша ханның еліне көшіріп салады. Жаман Ақша ханның елінде бір қадірлі адам болып тұра береді.

Күндердің күнінде хан Жаманның сөзі көкейінен кетпей, шалқасынан шаңыраққа қарап ойланып жатыр еді, қырық уәзір кіріп келді. Хан басын көтеріп алып: - Жау шапты, ел бүлінді, апат соқты. Осыны айлап табыңдар. Болмаса, жазалаймын, - деді. Уәзірлер ақылдасып, өздері таба алмайтын болған соң, Жаманды іздеп барып, оған ханның айтқанын айтады. 

Жаман қырық уәзірді құрмет етіп болған соң: - Жақсы, мен жауап берейін. Хан мені ойлап, қапаланып жатқан шығар, қай-қайдағы есіне түскен шығар, сендерге де өкпесі болса керек. Сөйтіп жатқанда ханның ордасының күлдіреуішінің бір басы шыққан болар. «Жаман болса, осыған бір нәрсе айтар еді!» деп, сендерді сынайын деп айтқан ғой. Барып күлдіреуішінің басын салып берсеңдер, ханның қызметі тәмам болады, - деп кеңес береді.

Уәзірлер ханға келіп: - Тақсыр, мына күлдіреуішіңіздің басы шығып кетіпті, соны салып берейік, - деп рұқсат сұрады.

Хан рұқсат берген соң, күлдіреуішінің басын салып берді. Хан күліп: - Мұны кім үйретті сендерге? – деп сұрады. Уәзірлер шынын айтты, хан уәзірлеріне: - Ол Жаман болса да, қысылғанда айла табатын ақылды, данышпан еді. Әркімнің пайдасына жарайтын еді. Сендер күндеп, ақырынды екеумізді айырдыңдар. Егер де ол сендерге ақыл таппаса, сендер өлетін едіңдер. «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» деген мақал бар, - деді.

Қырық уәзір ханға жағамыз деп, ханның көңілін аулап, күнде ойын-тойын жасап жатса да, ханның көңілі сергімеді. Жаманды сағынды. Бәрі де Жамандай бола алмайды. Бір күні хан ерігіп, уәзірлерімен аңға шықты. Аң іздеп келе жатып, таудың етегінде қой жайып жүрген бір шалға кездесіп, сәлем беріп: - Уа, ата, мына таудың басын қырау шалғалы неше жыл болды? – деп сұрады. - Бір жиырма жыл болған шығар, - деді шал. - Бұл таудың етегін қырау шалғалы неше жол болды? - Он бес жыл болды. - Бұл таудың басынан бұлақ аққалы неше жыл болды? - Оған да бір он жыл болған шығар.

Хан ойланып тұрып, тағы да: - Ата, өзіңіз нешеусіз? – деді. - Ой, шырағым-ай, жатқанда екеуміз, тұрғанда төртеуміз. - Баба, менің қырық асыранды қазым бар, соны білдірмей жүнін жұлып, күйдірмей пісіріп, қан шығармай сойып беретін кісі бар ма? – деп сұрады хан. Сонда шал: - Адамына тап босаң, айтқаныңнан да артық етер, - деді.

Хан шалдың сөзін қанағат етіп, атының басын бұрып, үйге қайтты. Хан үйіне келген соң, уәзірлеріне: - Мен не дедім, шал не деді? Соны айт, оны айыруға он бір айт уақыт беремін. Айыра алмасаң, қырқың да өлесіңдер, - деді.

Уәзірлер сасып, өздері таба алмайтын болған соң, бәрі де баяғы Жаманға барып, ханның айтқанын айтты. Сонда Жаман: - Бұл оңай жұмыс емес. Бастарың өлімге байланған екен. Жақсы, енді болмас, тағы да амал табайын. Сендер бір ат қалдырып, басқа аттарыңды сойыңдар, киімдеріңді өртеп, сонымен бір аттың етін пісіріңдер, мен мына қалған атқа мініп, сендерді ханға жалаңаш айдап барам. Егер де сендер арланып, қастық етпейтін болсаңдар, мен сендерді хан алдында құтқарып аламын, - деді.

Уәзірлер бірауыздан: - Ойбай, тақсыр, арланбаймыз! Жанымыз қалса болды, ханымыз бірге мықтап өкпелеп жүр, - деп разы болып, сол жерде отыз тоғыз атты сойып, бір атты қалдырып, сойған аттырының біреуінің етін, өздерінің киімін жағып пісіріп, жеп алады. Етті жеп болған соң, соймай қалдырған ала шолақ атқа Жаман мінеді. Қолына құрық алып, жалаң аяқ, жалаң бас уәзірлерді ханға айдап жөнеледі.

Жаман келе жатыр дегенді естіп, хан қырық жігіт ертіп, жібек кілем, жібек шатыр алып, түстік жерден алдынан шығып, Жаманды жер бастырмай құрметтеп, жібек кілемге түсіріп алады. Хан уәзірлерді ұмытып кетті. Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап жата берді.

Бір күні уәзірлердің арасында: - Бұл хан өз қызығы өзінде жата берді. Түнеугі сөзін ұмытып кетті білем, - деген күңкіл шықты.

Елі отыз күн ойын, қырық күн тойын қылып, Жаманды ақ киізге салып, хан көтерді. Жаман Ақша ханның еліндегі үйін көшіріп алды. Жаман таққа мінген соң, соғыспай, ақылмен бес хандықты өзіне қаратты дейді.

Әр ханның адамдары өз елінен әділдік таппаса, бұған келіп теңдік тауып кетіп жүріпті. Сол уақыттан бастап, әділдігі үшін бес ханның елі Жаманға «Аяз би» деп ат қойып, сол аты өле-өлгенше қалыпты. Аяз би әділ болды. Тура билік ететін еді. Нашарларға қарасты. Баяғы өзінің жыртық тоны мен жаман тымағын ордасының маңдайшасына шегелеп қойды. Кейде хандықпен көңілі ауытқып, тура жолдан таяйын десе, шегелеулі тымағы мен тонына қарап: «Әй, Аяз, баймын деп аспа, ханмын деп таспа! Аяз әліңді біл, құмырсқа, жолыңды біл!» деп көңілін басушы еді.

Эссе: Білікті маман – қоғам сұранысы
Эссе: Абайдың «Он тоғызыншы қара сөзінен» қандай ой түйдім?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу