Жеке тұлғаның қалыптасуындағы ұлттық қолөнердің тәрбиелік мәні

Oinet.kz 08-10-2019 589

Жеке тұлғаның қалыптасуындағы ұлттық қолөнердің тәрбиелік мәні.

Егер біз адамгершілігі жоғары қоғам болғымыз келсе, ең бастысы ата - ананың балаларының алдындағы жауапкершілігін күшейтуге тиіспіз. (Н. Ә. Назарбаев)

Өскелең ұрпақтың қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуде рухани дүниесі бай, жан - жақты жетілген азамат болып өсуіне тәрбиенің қосар үлесі мол. Халық келер ұрпағын тәрбиелеуде өзіне дейінгі жақсы дәстүр атаулыны жинап пайдаланғанын ескерер болсақ, барлық демократияшыл бағыттағы педагог ғалымдардың көпшілікке ұсынған тәжірибесінен ғибрат алуға болады.

Я. Н. Каменский баланы жастайынан жақсы мінез - құлыққа тәрбиелеу жолдарын, швед педагогы И. Г. Пестолоций «Баланың дүниені түсінуі, отбасынан басталып, мектепте ары қарай жалғастыруы шарт», - деген қағиданы ұсынған, К. Д. Ушинский «Халық педагогикасының тәрбиелік мақсаты мен мазмұны сол халықтың сан ғасырлық тарихымен байланысты, тәрбие көзін халықтың жақсы дәстүрінен іздеу керектігін» айтқан болатын. Болашақ ұрпақтың келбетін айқындайтын біздің абыройлы қызметімізге үлкен міндет жүктелген.

Тәрбие дегеніміз – адамды қайда жүрсе де өз орнын таба алатын, өз мүмкіндігін көрсете білетін, ойын ашық айтып, тыңдай алатын, ықпал ету, көмек көрсету, жанашырлық таныту сияқты адами мүмкіндіктерге ғана қол жеткізу емес, сондай - ақ, өзі өмір сүрер ортада тұлға ретінде танылып, бақытты өмір сүретін адам дайындау. Сонымен қатар, тұлға – рухани адамгершілігі жоғары сезімдері дамыған, талғамы биік, өзінің іс - әрекеттеріне мақсат қоя білер адам - қоғамның ажырамас бөлігі.

Адамдар тұлға болып, өзіндік жеке бас ерекшеліктерімен бірден дүниеге келмейді, әрбір жеке тұлғаны қалыптастыру, тәрбиелеп жетілдіру осы заман ағымына лайықты азамат, білімді, ойлы, өмірге құштар болып өсуіне үлесімізді қосуымыз қажет.
Қай заманда болмасын, жас ұрпақтың өнеге тұтар өзіндік ұлттық тәлім - тәрбиесі, үлгі алатыны тарихи жеке тұлғалар екені белгілі. Әл - Фараби, Ж. Баласағұн, М. Қашқари секілді ғұламалар еңбектерінің, кемеңгерлік сөздерінің балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің тұлғасын қалыптастыруда мәні ерекше.

Дамыған қоғамдағы тұлғаны қалыптастыруда ұзақ мерзімді педагогикалық әсер туғызатын әдістер тиімділігі, тәрбиеші мен тәрбиеленушінің арасындағы адамгершілік қарым - қатынас өздігінен қалыптаспайтындығын кеңес дәуіріндегі педагогтар П. П. Блонский, Н. К. Крупская, А. В. Луначарский, А. С. Макаренко, В. А. Сухомлинский, К. Д. Ушинский т. б өз зерттеулерінде дәлелдеп берді.
Қазақстандық белгілі психолог - ғалымдар Ә. Алдамұратов, Қ. Б. Жарықбаев, М. Мұқанов, Т. Тәжібаев, А. Темірбеков, Г. А. Урунтаева, Х. Т. Шерьязданова зерттеулерінде оқыту үдерісіндегі жеке тұлғаның танымдық іс - әрекеті мен қабылдаудағы психологиялық ерекшеліктері туралы құнды ой - пікірлер айтылған.

Бүгінгі таңда жаңалыққа жаны құмар жас ұрпаққа заман талабына сай тәрбие мен білім беру, оны ұлттық құндылықтар арқылы жүзеге асыру көкейкесті мәселелердің бірі болып отыр. Ұлттық құндылықтарды құрмет тұтып, тәрбиенің қайнар көзі ретінде қарастыру қай заманда болса да маңызды мұқтаждық ретінде күн тәртібінде тұрары белгілі. Әсіресе, бүгінгі жаһандануға бет бұрып, әлемдік бәсекелестікке, оның талаптарына жауап беру жағдайында бұл мәселенің өзектілігі айшықталып отыр. Елбасының бұл жайлы «толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мәдениетімізді, өз тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн» деген сөзі баршамызға салмақты міндеттер жүктейді. Сондықтан бүгінгі таңда басты мақсат – жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани - мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып, тәрбиелеу болып отыр.

Жер бетіндегі өмір сүруші әрбір ұлт өз ұрпағының жан – жақты тәрбиелі және мәдениетті тұлға болуын армандайды. Бала бойына рухани мұраларды сіңіре тәрбиелеудің бірі – ұлттық тәрбие.
Ұлттық тәрбие – рухани уыз. Халық көптеген тәрбиелік дүниелер туғыза отырып, олар арқылы баланың жеті қырлы, бір сырлы болып қалыптасуын қамтамасыз еткен.

Әр халықтың болашағы жастарына тәуелді. Егер әр халық жас ұрпағын өзінің ұлттық рухымен тәрбиелемесе, онда ол елдің болашағы бұлыңғыр болмақтығын бүгінде ғалымдарымыз баспа беттерінде жиі жариялап келеді. Өйткені ұлттың барша мұрасы жастарға аманат етіледі. Ал жастар оны кейінгі буынға сол бай мұраны тапсырмаса, онда ұлттық атау біртіндеп жоғалары сөзсіз.

Жезқазған қаласындағы жалпы білім беретін
№10 орта мектебінің бейнелеу өнері және
технология пәні мұғалімі Шалмағамбетова Гаухар Мейрамовна

Реферат. Қазақ тілі - менің тілім
Реферат. Про наркотики
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу