Ана тілі туралы өлеңдер

Oinet.kz 12-12-2014 3974

image.png

Мұқағали Мақатаев

Қазақ тілі

Ғұндарға дағы,

сақтарға дағы,

ақ сүтін берген арман тіл,

атқанда дағы,

шапқанда дағы

қансырап аман қалған тіл.

 

Жоңғардың сұсы,

шүршіттің мысы

еңсесін баса алмаған,

жүрегін шоқып қырсықтың құсы

соңынан қалмай сарнаған.

 

Өрт шалған тудай жаралы тілім,

желбіреп желмен шалқыдың,

қақ жарып шығып

даланың түнін,

жусан мен қымыз аңқыдың.

 

Фарабилер мен Бейбарыстардың

өсиеті де өзіңде,

Махамбет сынды жолбарыстардың

қасиеті бар сөзіңде.

 

Бабалар өзі байытқан тілім:

«шұбарладың деп сен мені»,

бұйырар болдың айыпқа бүгін,

парықсыз біздей пендеңді.

 

Қайғыға қалай бауыр баспайын,

ертерек туып,

кеш қалсам

күлкімді мұңға айырбастаймын,

ана тілімді еске алсам.

 

«Құрыған тіл!» – деп табандағанның,

деймісің кетпес түгі де,

тілімді сонша жамандағанның

шоқ түсер әлі тіліне.

Ұлықбек Есдәулет

 ***

Қазақ тілі

Күш кеміді, айбынды ту құлады;

Кеше батыр – бүгін қорқақ, бұғады.

Ерлікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,

Қан суынған, жүрек солғын соғады.

 

Қыран құстың қос қанаты қырқылды,

Күндей күшті күркіреген ел тынды.

Асқар Алтай – алтын ана есте жоқ,

Батыр, хандар – асқан жандар ұмытылды!

 

Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың

Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың...

Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!

 

Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тілім,

Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.

Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа

Ақ қолыңмен тарта аларсың сен тілім!

М.Жұмабаев

 ***

Үш бақытым

Ең бірінші бақытым – Халқым менің,

Соған берем ойымның алтын кенін.

Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын;

Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

 

Ал, екінші бақытым – Тілім менің,

Тас жүректі тіліммен тілімдедім.

Кей-кейде дүниеден түңілсем де,

Қасиетті тілімнен түңілмедім.

 

Бақытым бар үшінші – Отан деген,

Құдай деген кім десе, Отан дер ем!

 ...Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?

Ойланбай-ақ кел-дағы от ал менен. 

 

Түтін түтет,

Өс, өрбі, көгере бер,

Немерелер көбейсін, шөберелер.

Жадыңда ұста,

Жақсылық күтпегейсің!

От емес, оқ сұрасаң менен егер!

 

Үш бірдей бақытым бар алақанда,

Мені мұндай бақытты жаратар ма!

Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,

Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!!

Мұқағали Мақатаев

 ***

Сүйемін туған тілді – анам тілін

Сүйемін туған тілді – анам тілін,

Бесікте жүргенде-ақ берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минутымнан

Құлағыма сіңірген таныс үнім.

 

Сол тілмен шешем мені әлдилеген,

Еркелеткен «құлыным, жаным» деген.

Сол тілменен бірінші  білгізілген,

«Апа» деген сүйгендік сөз әм менен.

 

Сол тілменен үйрендім нәрсе аттарын,

Сол тілменен дінді, әдетті мен жаттадым.

Ең бірінші сол тілмен сыртқа шықты,

Сүйгенім, жек көргенім, ұнатқаным.

 

Тілімде әдебиет, жаныма азық,

Әм болардай көңілге намыс – қазық.

Терең ойлар, дүниеге қарастар бар,

Қанекей сынап байқап, тапшы жазық.

Сұлтанмахмұт  Торайғыров

 ***

Ана Тілім Жүрегісің Анамның 

Ана тілім 

Ана тілім, 

Жүрегісің анамның. 

Жүрек-ана, 

Мен өзіңнен жаралдым. 

Сағат сайын саулығыңды тілеймін, 

Сенсіз мынау керегі не ғаламның! 


Сенің әр бір тынысыңмен күн кешем, 

Сен арқылы тіршілікпен тілдесем. 

Ел бетіне қалай түзу қараймын, 

Ана тілім, 

Егер сені білмесем. 


Сенің арқаң дүниеден сыр ұқсам, 

Сенің арқаң жүзіп ішсем тұнықтан. 

Туған анамды ұмытқаным емес пе, 

Туған тілім, 

Егер сені ұмытсам. 

Сенің арқаң өзімді өзім түсінсем, 

Ақыл-ойым, айбатым-сен, күшім-сен! 

Қойсын маған күннің нұры түспей-ақ, 

Ана тілім, 

Арыңа дақ түсірсем. 


Ағытатын тасқын ойдың тиегін, 

Өзің ғана сыйынатын киелім! 

Ризамын отқа жанып сен үшін, 

Күлге айналып кетсін мейлі сүйегім. 


Ана тілім, дана тілім, бақ тілім, 

Сенсіз бақыт дүниеден тапты кім? 

Сенсің менің қуанышым, шаттығым, 

Сенсің менің тазалығым, пәктігім. 


Ана тілім, 

Алтын ұям, құндағым, 

Ақ бесікте әлдиіңді тыңдадым. 

Сенің жырың, сенің әнің айтарым, 

Санам сөніп, байланғанша тіл-жағым!

Мінуар  Әкімханов 

***

Үйрен ана тіліңді

Өз тіліңсіз көрсең де өз күніңді,

Өз тіліңсіз болсаң да асқан білімді.

Өз халқыңа бола алмайсың азамат,

Білмей тұрып туған ана тіліңді.

 

Әлде қалай жоғалтса ана баласын,

Бала іздеп таппай ма өз анасын.

Өгей шеше секілді өзге тіл де өгей,

Өз тіліңмен ертерек тап жарасым.

 

Сенде айып жоқ, тілің де емес кінәлі,

Ешкімнің жоқ болса да оған күмәні.

Үйренбесең, өз тіліңді білмесең.

Жазықсыз-ақ жазғырып ел тұрады.

 

Қаның жаның, қазақы ұлттық түрің бар,

Сенен үлгі алар қызың, ұлың бар.

Перзентісің еркін, азат халықтың,

Тәуелсіз ел, мәртебелі тілің бар.

Оразақын Асқар


Жырлап өткен Ыбырай мен Абайлар 

Қымбат маған ана тілім, бал тілім,

Қымбат маған дана тілім, ар тілім.

Ақ сүтімен бірге сіңген бойыма,

Ана тілім ардақ тұтар алтыным.

 

Ана тілін жырлап өткен талайлар,

Жырлап өткен Ыбырай мен Абайлар.

Қасиетті менің ана тілімде,

Өшпес мәңгі алаулаған арай бар.

 

Өлең-жырмен арайланса, тау күліп,

Ардақтымды жырлап өтем ән қылып.

Мағжан, Қасым, Мұқағали жырларын,

Жалғастырып жаза берем мәңгілік.

Әкім Ысқақ

Қазақ тілі туралы қанатты сөздер
Сафуан Шаймерденов. Ғабит Мүсіреповке жазған хаты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу