Тесік құмыра туралы аңыз

Oinet.kz 30-11-2019 1102

Баяғы заманда бір әйел болыпты. Оның екі құмырасы бар екен. Сол екеуін иығындағы иін ағашқа іліп, су тасиды екен. Бір құмыраның тесігі болыпты. Ал, екіншісі бүтін, суды тамызбай тасуға ыңғайлы екен. Өзеннен үйге дейінгі ұзақ аралықта тесік құмыраның суы орталанып кете береді. Екі жыл бойы осы жағдай күнбе-күн қайталанып отырады. Әйел үйіне тек бір жарым құмыра су әкеліп жүреді. Бүтін құмыра өзінің сау болғанына әбден риза еді. Ал, тесігі бар құмыра осындай ғаріп күйіне қатты ыңғайсызданады. Кемшілігінен судың жартысын ғана жеткізуге жарайтынына мейлінше ұялатын. Екі жылдан кейін құмыра өзінің жарамсыздығын мойындап, әйелге былай дейді: «Тесік құмыра болғаным үшін айыптымын. Менің кесірімнен өзеннен үйіңе дейін су сыздықтайды да тұрады». Әйел бұл сөзге миығынан күліп қарайды: «Сені ілетін иығым жағында гүлдер өсіп тұрғанын байқамадың ба? Сен суғарсын деп жолдың бір шетіне гүл еккенмін. Қарсы бетінде гүл жоқ. Сенің тесік екеніңде білген соң осылай жасадым. Үйге жеткенше сен гүл суғарып келесің. Екі жыл бойы әдемі гүлдер үйімнің сәнін кіргізіп тұрды. Егер сен тесік болмасаң, гүл егу санама келер ме еді? Бұл сұлулық қазір менің дастарханыма көрік берер ме еді?» депті.

Сол сияқты әр адамның өзіндік ерекшелігі мен кемшілігі бар. Кей өзгешелік пен сызаттарымыз өмірімізді қызықты әрі лайықты деңгейге жеткізеді. Тек әр адамның сол ерекшелігін көріп, соны жақсылыққа бағыттай білу керек екен!

САЙЫН МҰРАТБЕКОВ. Күз бен қыс. ("Жабайы алма" повесінен үзінді)
Сағаттардың шығу тарихы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу