Мұқағали Мақатаев. «Аласарып Ай батқан»

Oinet.kz 28-08-2019 903

1450429369_3a4a2274e8d7a715dc31bd6a5e55551f.a1762bf7cb196e15ffcd4a1b4e9173c413989.jpg

Аласарып Ай батқан,

Ай батқанда, аймаққа,

Жұлдыз шоғын жайнатқан.

Аумайды бір құс жолы,

Ақтарылған қаймақтан.

Көкжиекте таулардың,

Көтерілсе түңлігі,

Баурайдың да, бар маңның

Көрінеді кіндігі.

Бастарында Мұзарттың,

Ағараңдар сәлдесі.

Түнгі сапар ұзақ тым,

Бір құдайдың әуресі.

Көзіңе ұйқы байланып,

Қалғытады бір демде.

Түні бойы айналып,

Жүргендейсің бір жерде.

«Шәйі орамал бір байлап...»

Шыдамадым, өн салдым.

Жұлдызды аспан тұр жайнап,

Кеудесіндей маршалдың.

Абай Құнанбайұлы. Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да
Абай Құнанбайұлы. Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу