Қадыр Мырза Әли. «Жұбату»

Oinet.kz 16-09-2018 1168

Мен отырмын сөзіңе құлақ түріп,

Ал сен болсаң бөркіңді лақтырып,

"Үш ұлың бар,

Сен мені түсінбейсің!

Түсінбейсің!" - дейсің, дос,

Жылап тұрып.

Түсінемін,

Түгелдей ғалам көшіп,

Бара жатқан сияқты қараң да өшіп.

Тұяқсыздың халін мен жақсы білем,

Жақсы білем,

Әйткенмен амал нешік!

Бастағалы көп болды осы әніңді,

Бекерге сен қажайсың қосағыңды.

Бұзасың ба сол үшін жылы ұяңды?

Таптайсың ба сол үшін ошағыңды?!

Көрінбеші бомба боп жарылғансып,

Отырған жоқ, меніңше, жарың қаңсып.

Жұласың ба сол үшін шашын талдап?

Қыласың ба сол үшін бәрін мансұқ?!

Мен, әрине, түсінем, күйіңді бұл.

Махаббатқа қашан да сиынды гүл.

Перзент дейсің,

Жылайсың,

Егілесің,

Бірдеңе деу өзіңе қиын бүгін.

Перзент,

Перзент,

Алдымен ана күткен,

Әке күткен,

Ел күткен,

Дала күткен.

Жоқтығы оның қасірет,

Күйік делік,..

Бақыт па екен бірақ та бала біткен?!

Табар болсам күйіктің егер емін,

Деп ойлайды біреулер көгеремін.

"Бұл баланың барынан жоғы жақсы!"

Деп жылаған әкеге не дер едің?!

Қандай пайда кей ұлдан -

Қара күштен -

Қатарынан бөлектеу дара пішкен?!

Әкесі жоқ,

Бес-он сом шешесінің

Пенсиясын тартып ап арақ ішкен!

Ұл дейміз бе залымды,

Арамды да?!

Тыныш қоймас түбекті,

Аралды да!?

Ұл дейміз бе кәззәпті,

Қанішерді

Тап беретін біреуге қараңғыда?!

Келе жатқан қасиет әлімсақтан -

Жігіт түгіл,шықпайды шалың саптан.

Ұл дейміз бе қашқынды,

Опасызды -

Отан сатқан,

Жер сатқан,

Елін сатқан?!

Ал сен болсаң бөркіңді лақтырып,

Қасіретіңді айтасың жылап тұрып.

"Мұндай ұлдың барынан жоғы жақсы!"

Дегендерге көрші бір құлақ түріп.

Түсінбейін мен неге?!

Түсінемін!

Сен мен үшін бейтарап кісі ме едің?!

Сен жыладың -

Жылқы боп шұрқырадың,

Мен жұбатып өзімше кісінедім.

Түсінбейін мен неге?! Түсінемін!!!

Қадыр Мырза Әли. «Іргетас»
Қадыр Мырза Әли. «Ауылдастар арасында»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу