Ерболат Баятұлы. «Тастағы жазу»

Oinet.kz 20-09-2018 867

photo_85653.jpg

Уа, Тәңірім!

Төбемізде Көк Аспан, табанымызда Қара Жер,

Сенің сөнбейтін нұрыңнан жаралғанбыз,

Алтайдан төрткүл дүниеге таралғанбыз,

Жұпар Ауадан, тұнық Судан нәр алғанбыз!

Көк бөріні көкке көтеріп тегім деп білгеміз,

Алақанымызды аспанға қаратып жайып, тілек тілеуді сенім деп білгеміз,

Ата- бабаның сүйегі қалған төбені жерім деп білгеміз!

Ала байрақты аспанға көтеріп, Аруағымызды шақырғанбыз!

Жау көрсе айбатқа мініп, атойлап арыстандай ақырғанбыз!

Қырандай биікте қалықтағанбыз,

Шартарапқа шарықтағанбыз!

Біз- Көк Түріктен, Он Оғыз, Тоғыз Оқтанбыз,

Түнде аш бөрідей жортқанбыз!

Басқалар жаяу жүргенде,

БІЗ күлікті таңдап мінгенбіз,

Ат тұяғы жетерде алып- алып басып, алшаңдап жүргенбіз!

Күміс шарамен қымыз ішіп, алтыннан шырағдан жаққанбыз,

Болат темірді қортып, сәйгіліктерімізге үзеңгі таққанбыз!

Басқалар әбүйрін жаба алмай жалаңбұт жүргенде,

Ақ тәнімізге түйежүн шекпен, бадана көзді сауыт кигеміз!

Жомарт жүректерге, көк өрім көңілдерге

Басымызды игенбіз,

Тәу етіп, киелі қасиетке сыйынып, Жаратқан Көк Тәңірін сүйгенбіз!

Санамызды қалыпқа салмағамыз,

Ар мен ұятымызды нарыққа салмағамыз,

Өтпейтін пышақты шарыққа салмағамыз!

Байлықты қолдың кірі деп,

судай сапырғанбыз,

Анталап жау келсе, әруағымызды шақырғанбыз,

Жауымызға жолбарыстай атылғанбыз,

Өкініш өзегімізді өртесе, өлердей аһ ұрғанбыз,

БІЗ- Ұмай Анадан, асылда текті жатырданбыз!

Айғырдай кісінегенбіз,

Бұқадай бұлқынғанбыз,

Бурадай жұлқынғанбыз,

Тереңге сүңгігенбіз,

Биікке ұмтылғанбыз,

Құндыздай қыз туғанбыз,

Бөрідей ұл туғанбыз!

Басқаға барып соқтығып, тимегенбіз,

Салтанат құрып сауықта билегенбіз,

Көңілімізді мұңлы әуенмен күйлегенбіз!

Жағамызды да алтындағамыз,

Сабатта салқындағамыз,

Жәй отындай жарқылдағанбыз!

Дүниені дүрліктіріп, дүркірегенбіз,

Нөсердей төгіліп сіркірегенбіз,

Күңіренсек Күндей күркірегенбіз!

Қарсы келгендерді майып еткенбіз,

Қасқыр азуымызмен іріп, сойып өткенбіз,

Қаптаған селдей болып шайып өткенбіз!

Соққан желдей болып есіп өткенбіз,

Кедергілерді кездігімізбен кесіп өткенбіз,

Алтайдан асып, Темір Қақпаны тесіп өткенбіз,

Байқалдан Балқанға қарай шұбырып көшіп өткенбіз!

Жалпақ дүниені төртке бөліп, төбесінен қарағанбыз,

Көзімізді Күнге қадап, басқадан бұрын Жұлдызды санағанбыз,

Жердің кіндігі болған Алып Алтайдан тарағанбыз!

Ғаділет пен адалдықты ту етіп, соны жөн көргенбіз,

Адамның баласын тегіне бөлмей өзімізбен тең көргенбіз,

Топалаң тигендей қылып ата жауымызды тоқтыдай өңгергенбіз,

Тұлпарға тұнықтан су ішкізіп, қолымыздан жем бергенбіз,

" Адам адам құл болмайды!"- деп, құлды да теңгергенбіз!

Қара тас та да қасиет бар деп білгеміз,

Қара сөзде де қасиет бар деп көнгенбіз,

Қара қазанды қастерлеп,

Қара шаңырақтағы қасиетке сенгенбіз!

Тексізді өзімізге әсте теңгермегенбіз,

Қандағы қасиетім жоғалады деп,

жеті атадан бері қыз бермегенбіз!

Қырық қабырғамыз қақырап,

отыз омыртқамыз опырылса да дыбысымызды шығармағанбыз,

Тектілік қаннан деп,

іргемізден туысымызды шығармағанбыз

Ұйыған сүттей болып, уысымыздан Ұлысымызды шығармағанбыз!

Сулы жер- нулы жер деп,

қайнарлы көзге тоқтағанбыз,

Тентектікті қотанға тышар деп,

тәртіп пен тезге тоқтағанбыз,

Жібек пен бөзге емес, алтынға емес,

Аталы Сөзге тоқтағанбыз!

Тауға қарап өстік, талпындық,

асқақ мұрат күшті дедік,

Жер табанмын қуырған жылқыда тұяқ күшті дедік,

Бәрінен де АР биік, Өлімнен де ҰЯТ күшті дедік!

Уа,Тәңірім!

Қорқақтың жүрегін берме,

Әлсіздің білегін берме,

Жауымның тілегін берме!

Дұшпанның табасын берме,

Жетімнің наласын берме,

Жаманның жаласын берме!

Қанағатсыздың көзін берме,

Ынжықтың сөзін берме,

Төпелесе де көне беретін төзім берме!

Есердің миын берме,

Жарлының күйін берме,

Арамның сыйын берме,

Келесіз жиын берме!

Асқақ арманымызға Таудың алыптығын сыйла!

Өлмейтін жанымызға Күннің жарықтығын сыйла!

Қарайған көңілімізге Айдың сүттей сәулесін сыйла!

Семсердей сертімізге бабамның сенімділігін сыйла!

Қайғы- мұңымызға, қапамызға желдің жеңілдігін сыйла!

Ар- ожданымызға ағын судың тазалығын сыйла!

Намысымызға найзағайдың шатырлағанын сыйла!

Санамызға Ұлы дәуірдің жаңғырығын сыйла,

Ұлысымыз бен ұрпағымызға ғұмырдың

Мәңгілігін сыйла!

Әруақ!!!

Ерболат Баятұлы. «БЕЙУАҚЫТ»
Ерболат Баятұлы. «Күзгі романс»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу