Заида Елғондинова. «Анамның рухына шағыну…»

Oinet.kz 30-09-2018 1062

Бір жақындап, бір алыстап,

Көрінбейтін шырақ ұстап.

Дәтке қуат, дем бересің,

Жағдайымды сұрағыштап…


Созсам қолды күнге дәйім,

Көрем ылғи мұң Құдайын.

Жақындарым жат боп кетті,

Шегем, шеше, сұмдық уайым.


Еркін едім ержеткелі,

Жатыр олар тергеп мені.

Жүрегімді жаралайды,

Жанбағыстың жендеттері.


Шайқастарда сан қызды үнім,

Көрдім талай жан құзғынын.

Жақындардың ортасында,

Сезіледі жалғыздығым.

Танымалмын халыққа ептеп,

Жанарымды жарық кептеп,

Өкпелеме, анам, маған,

Ниетті қой алып кетпек…


Рухыңнан сенім көрдім,

Маған біраз өмір бергін.

Қалсам деймін көктемінде,

Мені сүйер көңілдердің.


Қанша жаннан қайыр күттім,

Анам, менің жайымды ұққың.

Азабын да тартып жүрмін,

Жан түсінбес шайырлықтың.

Заида Елғондинова. «Жазалаушым, жазалай бер, жазала»
Заида Елғондинова. «Өткен шақ»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу