Өмірім бұлай болар деп ойламап едім...

Oinet.kz 04-05-2021 1852

Адамның тағдырын бір ғана жағдай күрт өзгертеді екен. Ешқашан да өмірім бұлай қалыптасады деп ойламап едім. Бір ғана қателесу адамның өмірін мүлдем басқа бағытқа бұрып жібереді екен.

image.png

Мектепті өте жақсы оқыдым. Одан кейін өз күшіммен ЖОО-ға түстім. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушысы мамандығын алып шықтым. Бір жылдай жұмыс істеп, кішкене бой-сойыма қарап, әке-шешеме нанымды жегізіп жүре тұрайын сосын тұрмысқа шығамын деп ойлап жүрген едім. Кездесіп жүрген жігітім де бар болатын. Ол да «кішкене ақша жинап алайын, ең болмаса тойымыздың шығынының жартысын өзіміз көтеретіндей ақша жинайын» деп жүрген.  Сондай күндердің бірінде мектептен сабағымды беріп болып, үйге қарай шыққан жерімнен көрші ауылдың жігіті алып қашты.

Көнбей әбден арпалыстым. Жылай-жылай жасым да таусылғандай болды. Көрші-көлем, туған туыс, барлығы жабылып жүріп істемегені қалмады. Біресе орамалды басыма жаппақшы болып ұмтылады. Біресе сыртымнан қамап кетеді, ұялы телефонымды тартып алды, шығам деп сыртқа ұмтылсам иығымнан басып, итеріп арпалысады. Ақыр соңында мұндай арпалыс бітер болмаған соң, қалуға келісімімді бердім. Мен келісімімді берген соң ғана үйге кешірімге адамдар кетті. Менің тұтастай өміріме әсер ететін қателік дәл осы кезден басталған секілді. Балалығым ба білмеймін, бәрібір қайтып барғанда осы қылығымды барлық адам бетіме басатындай, ата-анам ұрсатындай көрініп, көніп қала бердім.

Тойымыз болмады. Келесі күні аулада шағындап, келін түсіру, бет ашу рәсімін жасады. Жолдасым жұмысы жоқ, үйдегі санаулы малдың жағдайын жасайды екен. Бұрын мүлдем танымайтын адамыма осылай қала бердім. «Бәрібір тигенде де тиетінім осындай күйеу ғой, тағдырдың жазғаны осы шығар» деп бәріне көндігуге тырыстым. Жұмысымды осы ауылға ауыстырдым. «Ата-енем жаз шыға құдалық жасаймыз, сол кезде құдалармен араласамыз» деп, кейін әке-шешемнен «кешірім» алып алғаннан кейін бәрін жылы жауып қойды. Той туралы сөз де қозғалмады. Сүйіп қосылмаған адамым болмаған соң, мен де ақ көйлек киіп, жолдасымның қасында тұрып, тойды қызықтауға құмартпадым. Әрине, ақ көйлек кию барлық қыздың арманы ғой, мен де армандайтынмын. Бірақ бәрі сүйіспеншілікпен болмаған соң, тойға да қолымды бір сілтедім. Шыны керек, сүйіп қосылмаған соң, қасына да жатқым келмейтін. Қасына бармауға тырысып, ыдыс-аяқ жуып, ас үйде күйбеңдеп жүре беруші едім. Солай күнім өте берді.

Бар ойлағаным «құлағым тыныш болса болды» еді. Бірақ ықтиярсыз алғандарына қарамастан, уақыт өте келген жерім, басыма әңгіртаяқ ойната бастады. Енем жолдасымды болмашы нәрсеге бола маған айдап салатын. Ал жолдасым соны сылтауратып таяқтың астына алатын. Ал атам өзімен өзі алдына тамағын қойсаң, ішіп-жеп алады да, теледидар алдында жата береді. Ауыл үйдің шақырған той-томалағына барып келеді.

Талай рет өз өзіме қол жұмсағым келсе де, өзімді ұстадым. Қайтып баруға әке-шешемнен қорықтым. Сөйтіп жүріп аяғым ауырлағанын білдім. Енді бар тілегім баланың үстінде болды. Бәлкім балам өмірге келсе бәрі дұрысталар деген де үмітім болды. Жоқ керсінше енем әрнәрсені сылтауратып тиісе беретін. Енеме не істесем де жақпадым. Ал күйеуім қора мен үйдің екі ортасын ғана білетін. Сосын әке-шешесінің зейнетақысын ішіп-жеп жата беретін. Мектепті ғана бітірген, диплом алып мамандану туралы ойламаған да. Менің әке-шешеммен де сол күйі қатыспады. Сосын әке-шешем өздері шақырып, салт-дәстүрдің жолымен қолдарынан келгенін жасады. Уақыты келіп, өмірге ұл бала әкелдім. Балажан екенмін, оның әрбір қылығы көрген бар-қиындығымды ұмыттыратын.

Бір күні күн жылынған соң үйді тазалап алайын, баланың тыныс алуына да кедергі деп, үйді далаға шығарып тастап тазаладым. Енем жақтырмай әр затымды лақтырып, кіріп шығып жүрген. Бір кезде даладан кірген жолдасым, «әке-шешем сенің ыбылжыған жүрісіңе қарап тамақ-шай ішпей отыра бере ме» деп, тағы таяқтың астына алды. Сөз қайтармай, ішке кіріп, баламды орап алып, көрші үйдің ауласы арқылы қашып шығып, төркініме кетіп қалдым. Содан бері үш жылдай уақыт өтті. Артымнан енем мен жолдасым бір рет келіп еді. «Бармаймын» дедім. Балам жақында төртке толады. Өзім жұмысымды істеп жүріп жатырмын. Әке-шешемнен бөлек кетіп, үй алатын ойым бар. Қазір ойласам мүлдем ашықауыз, жуас болған екенмін. Кейде ойлаймын, тұрмысқа шығып, бала сүйіп, байлы болғаннан бір өзің жүрген артық екен. Ажырасқан адамға кім тұрмысқа шығу туралы ұсыныс жасасын, жалғызбын қазір де. Осылай өмір өтіп жатыр. Адам өмірде бір қателеспеуі керек екен, бір қателессең сол қателік бүкіл өміріңді өксітеді екен.

Айна, Шымкент қаласы 

alashainasy.kz

Күйеуім мен туған сіңілім...
Өзге жігітті аңсап тұрамын...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу