Темекімен күрес қандай болуы керек? Өзге елдерде темекімен күрес қалай жүргізіледі

Oinet.kz 25-05-2020 663

Қазақстан Республикасының 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасында баса мән берілген бағыттардың бірі – салауатты өмір салтын насихаттау, алкоголь,темекі және есірткілік заттарды тұтынумен күрес. 

image.png

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымдарына мүше елдер ішінде қазақстандықтардың орташа өмір жасы дамыған елдерге қарағанда 10 жылға кем. Жалпы өлім жағдайларының негізгі себептері – қан айналымы жүйесінің аурулары (22,3%), қатерлі ісік дерттері (12,1%) және жазатайым жағдайлар, жарақаттар (11,3%). Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда темекі тартушылардың саны төмендеп келеді.

Былтыр Денсаулық сақтау министрлігі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі N 193-IV Кодексіне көпшілік орындарда темекі шегуге тыйым салуды көздейтін бап енгізетін өзгерістер әзірлейтінін айтқан еді. Заңнамамен қатар еліміздегі антитабак кампаниялары да темекі шегумен күреске үлесін тигізген болуы керек. Дегенмен өзге елдермен салыстыратын болсақ, бізде заңнама тұрғысынан жасалған жұмыстар қаншалықты жеткілікті?

Темекімен күресте ең қатал ел – Жаңа Зеландия. Бұл елде көпшілік орындарда темекі шегуге тыйым салып қана қойған жоқ, сонымен қатар темекі өнімдерінің жарнамасын делегализациялады, мәдениетте «папирос цензурасын» енгізді. Жаңазеландиялық үкімет алдағы он жылдықта темекі өнімдерінің саудасын толық жоюға және үйден тыс темекі шегуді тыйып тастауға ниетті. 

Еуропа елдерінде мұндай ережелердің қолданысқа енуі екіталай, дегенмен әзірге бұл бағытта анық қадамдар жасалып келеді. Бір қызығы темекі шегушілердің көпшілігі мұндай шараларды қолдауға әзір екенін білдірді. Францияның денсаулық сақтау министрлігінің жүргізген сауалнамасы бойынша француздардың 86 пайызы мұндай ережелерді қолдайтынын айтқан. Ал темекі шегуге тыйым салатын саясатты ұнатпайтынын білдіретіндер некен-саяқ. Айта кетерлігі Францияда темекі шегушілердің саны күрт төмендеді: бұл елдің денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша 2017 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда темекіге әуес адамдардың саны бір миллионға кеміген. 

Темекі шегушілер өздерінің зиянды әдетіне шектеу қоятын бастамаларды неліктен қолдайды? Меніңше, мұның себебі Еуропада жүргізілген танымдық антитабак компанияларында да болуы мүмкін. Бұл компаниялар тек шектеулерден ғана емес, темекі бағасын қымбаттату, темекі шегуді айыптайтын медиаконтенттер, салауатты өмір салтын насихаттау сияқты шаралардан тұрады. Дегенмен трендке қарсы елдер де бар. Оның жарқын мысалы – Австрия. 2015 жылы мамыр айында қабылданған заң бойынша Австрияда қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салынған болатын. Алайда Халықтық партияның консерваторлары мен Азаттық партиясының оңшылдарынан құралған жаңа үкімет бұл оймен келіспейтінін білдірді. Заңға өзгерту енгізу бастамасын көтерген Азаттық партиясының лидері, вице-канцлер Хайнц-Кристиан Штрахе қаңтар айында бұл шектеу азаматтардың таңдау еріндігін шектейтінін, ал Австрия ең алдымен демократияны, азаматтардың құқығын жоғары қоятын ел екенін айтты. 

АҚШ-та бұрынырақ темекі шегетін адамдар табысты адамдар дегенге ұқсас пікір болған. Мысалы, Мальборо ковбойын есіңізге алыңыз. Алайда қазіргі уақытта темекімен күрес қатаңдады. Мұнда темекіге қатысты әр штаттың өз заңнамасы бар. Дегенмен, қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салатын заң ортақ. Тек жазасына, айыппұлына қатысты ерекшеліктер бар. Мэриленд штатында егер көршілерге түтін иісі кедергі жасаса, өз үйінде темекі шегетін адамды жауапкершілікке тартуға болады. Луизина, Арканзаста балалардың көзінше автомобильде темекі тартқаны үшін заң алдында жауап береді. Бұл ретте полицияға баланың шағымы жеткілікті.

Әзірге темекіге қатысты тыйымдар барлық елдерде дерлік қолданылмайды. Үндістанда темекі шегуге қатысты тыйымдар бар, заң да қабылданған. Бірақ ол тыйымдар мүлдем қолданылмайды. Көпшілік орындарда темекі тарту жағдайлары қалыпты құбылыс. Өкінішке қарай пассивті түрде темекі тартушылар да, оның салдарынан көз жұматын адамдар саны да Үндістанда өте жоғары.    

Темекі шегумен күрестің тиімді әдістерімен қатар әлемдегі шылымқорлар көп елдер рейтингісіне тоқталсақ.

1. Кирибати

Бұл аралдық мемлекетте темекі шегушілердің ең көп қауымы шоғырланғандай. Мұнда ер адамдардың 66 пайызы және әйелдердің  34 пайызы темекі тартады. Билік табак индустриясын ешқалай қадағаламайды, ал темекі өнімдерінің баж салығы өте төмен.

2) Черногория (Монтенегро)

Еуропадағы темекі шегушілердің ең жоғары көрсеткіші Черногорияда – 46 пайыз. Балқан түбегіндегі бұл елде 633 мың адам тұрады. Орташа есеппен жыл сайын бір ересек адам 4120 тал темекі тартады. 

Ресми түрде қоғамдық орындарда темекі шегуге болмайтын заң қабылданса да, адамдар кеңселерде, мейрамханаларда, бар, тіпті қоғамдық орындарда түтіндетіп отыра береді. 

3) Греция

Грецияда ер адамдардың жартысынан көбі және әйелдердің 35 пайызынан астамы шылым шегеді. 2008 жылы Грецияда қоғамдық орындарда темекі тартуға тыйым салынды, бірақ жергілікті халық баяғыдай үйреншікті жерлерінде шылым шеге береді. Сонымен қатар Грецияда темекі өнімдерінің заңсыз сатылымының пайызы өте жоғары. Euromonitor International халықаралық маркетинг компаниясының деректері бойынша Греция қазынасы 1 млрд еуро көлемінде төленбеген салықтан қағылып отыр. 

4) Шығыс Тимор

Шығыс Тимор темекі тартатын еркектері ең көп ел, олар – 80 пайыз. Ал әйелдерінің 6 пайызы осы зиянды әдетке әуес.

Бұл кедей елде темекі тұрмыстағы тұрақты атрибут, себебі темекінің бір қорабының құны 1 доллардан да арзан. Темекі қорабының сыртында әлбетте оның зияны туралы мәлімет жазылған, алайда бұл тиморлықтарға тосқауыл емес. Себебі жергілікті халықтың ересек бөлігінің жартысынан астамы сауатсыз. 

5) Ресей

Ресейде жасы 15 жоғары еркектердің 60 пайызы және әйелдердің 23 пайызы шылым шегеді. Жұмыс орындарында және қоғамдық көлікте темекі тартуға, сондай-ақ қоғамдық көліктерде темекі өнімдерінің жарнамасын жариялауға тыйым салынған. Алайда темекі тартушылардың пайызы айтарлықтай төмендемеді. Ресейдегі темекі өнімдерінің жылдық айналымы 22 млрд доллардан асады.

Шылым шегетіндер ең аз елдер

Шылымқор адамдар аз елдер – Бутан, Гана, Эфиопия, Нигерия, Эритрея және Панама.

Бутан корольдігінде қоғамдық орындарда темекі шегуге XVII ғасырдың ортасынан-ақ тыйым салынған. Ал 2004 жылдан бастап темекіні сатуға, тартуға толық тыйым салынған. Өзге елден темекі өнімдерін импорттауға да болмайды. Темекі тартқаны үшін айыппұл мөлшері – 175 еуро. Ал Бутан азаматы өзінің жеке тұтынуы үшін (тек үйінде) өзге елден темекі әкелетін болса, темекі құнына қосымша 100 пайыз көлемінде салық төлейді. Туристерге және дипломаттарға темекі тартуға Бутан билігі тыйым салуға батпады, дегенмен шетелдік азамат бұл елде тек темекісін шетелде алғанын айғақтайтын чегі болған жаңдайда ғана шеге алады. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша Африкада халықтың 14 пайызы ғана темекі тартады, өзге елдерде бұл пайыз 22 пайыз төңірегінде.

Шылымқорлар пайызының төмендігі халықтың экономикалық жағдайының төмендігімен ғана емес, бұл елдерде катаның кең таралуымен де түсінідіріледі. Ката – құрамында есірткілік компоненттері бар өсімдік. Жергілікті халық оның жапырақтарын шайнап жүреді.

Lancet медициналық журналының деректері бойынша Батыс елдерінде темекі индустриясын реттеу, мониторинг және салық көлемін арттыру нәтижесінде Батыс елдерінде темекі тартушылар азайған. Ал темекі индустриясы белсенді маркетингтік кампаниясын дамыған елдерде, оның ішінде жас буын арасында жүргізуде.

Темекі өнімдерінің бағасын көтеру ең пәрменді шаралардың бірі деуге болады. Темекі өнімдері ең қымбат елдер тізімін жасайық.

1. Норвегия – 12,12 €

2. Ирландия – 10,42 €

3. Ұлыбритания – 8,86 €

4. Швейцария – 7,27 €

5. Франция – 6,76 €

6. Нидерланды – 6,05 €

7. Швеция – 5,89 €

8. Германия – 5,47 €

9. Испания – 4,44 €

10. Венгрия – 3,55 €

11. Чехия – 3,11 €

12. Түркия – 2,23 €

13. Сербия – 1,8 €

14. Македония – 1,22 €

15. Ресей – 1,04 €

16. Қазақстан – 0,9 €

17. Молдавия – 0,65 €

18. Беларус – 0,6 €

19. Украина – 0,52 €

Бұл тізімді жасау кезінде Marlboro темекісінің бір қорабының орташа құны есепке алынды. Қазақстанда темекі өнімдерінің бағасы биыл да жоғарылайды деп күтілуде. Темекімен күрес компаниясында бұл пәрменді механизмдердің бірі болып саналады. Дегенмен темекіден бас тартудың негізгі себебі мәжбүрлі емес, ерікті болғанда нәтижесі болмақ.

Как лечить аллергию и можно ли её вылечить?
Как физические упражнения улучшают функцию мозга
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу