Тәтті сусындар – ұлтқа төнген қатер

Oinet.kz 25-05-2020 1160

Жаз жақындап келеді. Әлі-ақ әне-міне дегенше күн ысып, ауа температурасы кейде 40-тан асып, тынысымызды тарылтып, тіліміз аузымызға симай, таңдайымыз кептіретін болады. Шөлімізді көше бойындағы дүңгіршіктер мен дүкендерде сатылатын квас және де басқа әртүрлі «кока-кола», «пепси», «фанта», «дизи» сияқты салқын сусындармен басатынымыз бар. Оларға әсіресе жас балалар ерекше әуес. 

image.png

Бұл күндері, шындыққа келсек, көптеген балалардың негізгі тамағы – қытырлақ картоп (чипсы) пен кириешка, фастфуд және ішетіндері энергетикалық сусындар. Базбіреулерінің аналары «жемеңдер», «ішпеңдер», «олар денсаулықтарыңа зиян» деп айта-айта шаршаған. Бірақ, «ит қорыған жерге өш» демекшi, зиянды деген сайын жастардың әуестiгi арта түсетiн секiлдi. Әлгі өрімдей жастар энергетикалық сусындардың және кириешканың құрамындағы заттарды және олардың ағзаға әсерi жайында айтылған кеңестерге еш көңіл бөлмейді, ойланбайды. Сауда орындарының сөрелерiнде олар самсап тұрғандықтан тыйымның пайдасы шамалы. 

Қазақта «Ауру – астан» деген сөз бар. Бұл текке айтылған емес. Бұл ретте Алматыдағы Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шармановтың зиянды тағамдар жайлы пiкiрiн қолдаймыз. Аурудың көбi қазiр iшiп-жеген асымыздан болып тұрғаны белгiлi. Жас балалардың газды сусындарды көп пайдалануынан асқазан-өңеш клапандарының қызметін нашарлатып, рефлюкстік ауруларға ұшыратуда. Олар келе-келе жас баланың денсаулығын бұзып, тіпті, уақыт келе ота жасатуға мәжбүр болады. Отадан кейін қатарға қосылып кетсе жақсы, базбірі өмір бойы мүгедек болып қалатыны өкінішті. 

Сондай-ақ, қазір адамдар арасында жиі ұшырасатын, ұлттық проблемаға айналған, семіздік туралы жанайқайға да көңіл аударғанымыз жөн. Бұл күндері дүние жүзінде семіздік пен артық салмақ қосқан адамдардың саны 2 миллиардқа жетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары 2000 жылмен салыстырғанда 2025 жылы семіздікке шалдыққан адамдар санының екі есе артатындығын болжауда. Бұл сан АҚШ халқының 55-60 пайызын, Австралия мен Англияда 30-40 пайызды құрап, Бразилияда 20 пайыздан аспақ. 

«Фастфуд пен тәтті газдалған сусындардан және аз қимылдың салдарынан еіліміздегі 14 жасқа дейінгі әрбір бесінші бала шектен тыс семіріп кеткен. Кәмелетке келмеген 5 миллиондай баланың 15 пайызы артық салмақ қосқан. Бұл дерттің 10 пайызы ағзадағы гармондардың бұзылуынан болса, 90 пайызы дұрыс тамақтанбаудың салдарынан болып отыр. Еліміздегі балалардың 22 пайызы, әйелдердің 58 пайызы, ересектердің 55 пайызы, ерлердің 53 пайызы осы дертке шалдыққан», деп жазады «Алматы ақшамы» газеті (7.05.2019). Дамыған елдерде семіздікке шалдыққан ауруларды емдеуге кететін қаржы көлемі денсаулық сақтау саласының барлық шығындарының 10 пайызын құрауда, ал тікелей жұмсалатын қаржы барлық шығынның 3-5 пайызын құрайды. 

Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда 4 миллионнан астам адам семіздікке шалдыққан. Бұл біздің елімізде тұратын халықтың санын ескергенде, үлкен көрсеткіш болып табылады. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында артық салмақ қосу көбеюде. Бұл алаңдататын жағдай. Халық арасында артық салмақ иелерінің артуы – жөн-жосықсыз, талғамай, дұрыс тамақтанбаудан. Семіздік деген ұлт пен ұлысқа, жасқа қарамайтын, шекараны білмейтін дертке, яғни пандемияға айналды. Балалардың мектеп қабырғасында жүріп фаст-фудты жеп, тәтті сусындарды ішуі өсіп келе жатқан ағзаға кері әсер етіп, оның семіздікке шалдығуына әкеп соғуда. Әрине, семіздіктің факторларына аз қозғалу, физикалық салмақ түсіретін қол жұмыстардың жоқтығы да жатады. 

Энергетикалық сусындар мен «кока-кола», «фанта», «тархун» және де басқа тәтті сусындар адам бойындағы заттардың алмасу процессін бұзып, көмірқышқылдардың, майдың организімде көп мөлшерде жиналуына әсері бар. Сонымен қатар, ағзадағы тұз-электролиттік баланыстың ауытқуына, қан құрамында холестериннің көбеюіне де себеп болады. Қалай дегенмен оның құрамында сумен қатар қант (сахароза), араматизаторлар (дәм шығарғыштыр), кофеин мен көмірқышқылдар пайдаланылады. Сол себептен газды сусындарды көп мөлшерде қолданатын адамдар арасында жүрек-қантамыр аурулары жиі ұшырасады. Бұл әсіресе балалар денсаулығына айтулы әсер етеді. Олардың ұйқысы бұзылып, ойлау, еңбек ету қабілетін күрт төмендетеді. Денсаулыққа кері әсер ету жайына келсек, шырын суды жиі пайдаланатындар арасында семіздік, қант диабеті, өттас, бүйрек тас аурулары, гастриттер, Альцгеймер ауруы, остепароз, тістердің шіруі (кариес) кездеседі. 

– Тұрғындар арасында семіздіктің кең таралуы өте ауқымды, шешуі қиын мәселеге айналып бара жатқанына қатты алаңдап отырмыз. Әсіресе, балалардың арасында артық салмақ пен семіздіктің таралуы өте қауіпті. Осыдан бес жыл бұрын АҚШ сенаторлары Парламенттің алдына «семіздік тек халық денсаулығына кері әсерін тигізіп қоймай, ұлтттық қауіпсіздікке қатер төндіріп тұр» деген мәселені қойды. Неге? Өйткені сол кезде АҚШ халқының 62 пайызы семіздікке шалдыққан еді. Содан бері олар семіздікпен күресіп келеді. Ал бізде енді ғана қолға алынып, былтыр кешенді зерттеу жүргіздік. 

Бұл күндері АҚШ сенаторлары семіздік мәселесін неге жоғары деңгейде көтеріп, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп отыр? Өйткені, ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, семіздік түрлі арурлар тудыруымен қатар, адамның ақыл-ой мүмкіндігіне кері әсерін тигізіп, балалардың интеллектуалдық тұрғыда қатарластарынан қалуына себеп болады. Сенаторлардың мектеп жасындағылар арасында семіздіктің кең таралуына алаңдап отырған себебі осы. Қазақстан балаларының 11 пайызы толықтық, яғни семіздік дертіне шалдығуы өте үлкен сан. Оның көрсеткіші жылдан жылға артып отырмаса, кеміп отырған жоқ екенін баса атап кеткеніміз жөн, – дейді академик Төрегелді Шарманов. 

Үйде энергетикалық сусындардың да, «кириешки», чипсылардың зиянды екенiн айтып отырамыз. Бiрақ, одан келiп-кетер пайда шамалы, өйткенi, теледидар минералды судан бастап, сусындардың түр-түрiнiң, чипси мен кириешкалардың жарнамасын жалаулатып берiп жатқан жоқ па? «Кока-коланың» жарнамасын көрген кезде бала түгiлi ересек өзiмiздiң де iшкiмiз келiп кетедi. Сондықтан еліміздің Денсаулық сақтау министрлiгi жасөспiрiмдер мен жастардың денсаулығын ойласа, оны оқу орындарының асханаларында ғана емес, дүкендерде, ойын-сауық кешендерiнде, түнгi клубтарда да сатуға тыйым салып, жарнамалауды тоқтатқандары жөн. 

Қымыз бен шұбатты дәл осылай жарнамаласақ қой... Өз төрiмiзде отырып, өз құндылықтарымызды дәрiптеуге келгенде, неге сонша құнтсыз халықпыз?! Энергетикалық сусындардың құрамындағы зиянды заттарды да жазып, көше бойларына iлiп қою керек. Сонда жастар, бәлкiм, ойланар... 

Балаларымызға неге кириешкидiң орнына құрт, чипсының орнына iрiмшiк, «кока-кола» мен «дизидiң» орнына қымыз бен шұбат iшкiзiп үйретпеймiз? Оған саналы түрде неге көңіл бөлмейміз? 

Әлгі газды сусындардың орнына өз қолымызбен жеміс-жидектерден кампот, морс секілді сусындар даярлап, оларды газды сусындар орнына пайдалансақ дұрыс емес пе? Далаға саяхатқа, жолға шықанда да газсыз сусындарды пайдаланғанымыз орынды. 

Республикамыздың Биология және биохимия институтының ғалымдары тез дайын болатын тағамдарда адам миының шiруiне әсер ететiн глютомат деген заттың барын анықтаған. Адам ағзасында глютомат көбейiп кетсе, ол миға зиянды кері әсер ететiн көрiнедi. Бiз болсақ, еш ойланбастан қытай мен кәрiстiң дайын кеспелерiн кешкi-түскi тамақ етiп жүрмiз. Жол жүрсек те «дайын ас» деп тағам орнына соны пайдаланамыз. Жас балалар үйдің дәмді тамағынан гөрі исі бұрқыраған әртүрлі қоспалар қосылған дайын кеспелерді (жалпы халық «бич-пакет» дейді) ішіп-жегенді жақсы көреді. Оның арты немен аяқталарын көпшілік біле бермейді... 

Денсаулығымыз өз қолымызда екенін естен шығармайық! Өзіміздің және балаларымыздың денсаулығына сергектікпен қарайық. 

Толқын АЙМАХАНОВА, 

«Тараз – Болашақ» жоғары медициналық 

колледжінің оқытушысы. 

Тараз қаласы. 

Антибиотиктерді сүтпен қабылдамаңыз
Су сымбатты арттырады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу