УДЗ планшеттері Шымкент дәрігерлерінің жұмыстарын жеңілдетеді

Oinet.kz 21-01-2026 47

УДЗ.jpg

Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдар заманауи планшеттік ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) аппараттарымен қамтамасыз етілді. Бұл бастама медициналық көмектің сапасын арттыруға, диагностика үдерісін жеделдетуге және цифрландыруды дамытуға бағытталған.

Қалалық №1, 5 және 8 емханаларға бір-бірден, қалалық №1 және №2 ауруханаларға, жұқпалы аурулар ауруханасына, онкологиялық орталығы бар көпбейінді ауруханаға жалпы 13 дана аппарат беріліп отыр.

Планшеттік УДЗ аппараты – портативті әрі әмбебап құрылғы. Қалтаға сыйып кететін құрылғының ықшамдылығы науқастарды қабылдау, жан сақтау бөлімдері мен операциялық залдарда, анестезия кезінде жедел қолдануға мүмкіндік береді. Ауыр хәлдегі науқасты тасымалдамай-ақ, төсегінің жанында зерттеу жүргізіп, диагностика уақытын айтарлықтай қысқартуға қолайлы.

Жаңа аппараттың көмегімен ішкі ағзалардың барлығын, қан тамырларын және жұмсақ тіндерді жоғары дәлдікпен зерттеуге болады. Сонымен қатар, көзді диагностикалау мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл дәрігерлерге әртүрлі клиникалық жағдайларда нақты әрі жедел шешім қабылдауға жол ашады. Сондай-ақ, құрылғыны пайдалану арқылы мамандар басқа медициналық ұйымдарға қашықтықтан кеңес беріп, шұғыл диагностика жүргізе алады.

Бұл құрылғылар медициналық мәліметтерді цифрландыру барысында да қолайлы. Мұндай шаралар – мегаполистегі дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам.


Даму орталығы ашылды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу