619 ер адамға маммография жасалған: ІІМ МӘМС-тегі даулы деректерге қатысты мәлімдеме жасады
МӘМС жүйесінде миллиардтаған теңгеге қатысты күмәнді деректер қоғамда қызу талқылануда. Ішкі істер министрлігі бұл жағдайды ЖСН-дегі қателікпен түсіндіру нұсқасын жоққа шығарып, жауапкершілікті медициналық ақпараттық жүйелерге жүктеді.

«Время» басылымының жазуынша Қаржы министрлігі жүргізген аудит нәтижесінде МӘМС аясында 1,8 млрд теңгеге заңбұзушылық анықталған. Атап айтқанда, деректер базасында жынысына сәйкес келмейтін медициналық қызметтер тіркелген. Мәселен, 768 мыңнан астам ер адам жатыр мойны обырына скринингтен өтті деп көрсетілсе, тағы 619 ер адамға маммография жасалғаны тіркелген.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жағдайды ЖСН-дегі қателікпен байланыстырған еді. Оның айтуынша, кей азаматтардың ЖСН-індегі жетінші сан дұрыс енгізілмегенімен, медициналық тексерулер шын мәнінде дұрыс жүргізілген.
Алайда Ішкі істер министрлігі бұл түсініктемемен келіспейді. Ведомство мәліметінше, ЖСН тек тұлғаны сәйкестендіруге арналған және адамның жынысы секілді деректерді анықтауға пайдаланылмайды. Сондықтан мұндай мәліметтер арнайы мемлекеттік және медициналық ақпараттық жүйелер арқылы тексерілуі тиіс.
Министрлік өкілдері скринингтердің дұрыс жүргізілуіне және енгізілген деректердің нақтылығына тікелей медициналық ұйымдар жауапты екенін атап өтті. Яғни, ер адамдарға әйелдерге арналған тексерулер жүргізілді деген мәліметтерді ЖСН қатесімен түсіндіру негізсіз деп санайды.
Өз кезегінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық қызметтер пациенттің нақты қатысуынсыз көрсетілмейтінін мәлімдеді. Қабылдау барысында алдымен науқас тіркеліп, содан кейін ғана тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар барлық қабылдауларда фотофиксация қолданылады.
Соған қарамастан, күмәнді жайттар сақталып отыр. Мысалы, Алматы облысындағы бір аудандық ауруханада 11 мыңнан астам скрининг жынысына сәйкес келмейтін қызмет ретінде тіркелген. Ал мұндай медициналық мекеме орта есеппен 20 мың адамға қызмет көрсетеді. Бұл жағдайды тек ЖСН-дегі қателікпен түсіндіру қиын.
Денсаулық сақтау саласының сарапшысы Марат Мамаев мұндай деректер ақпараттық жүйелердегі бақылаудың әлсіздігін көрсетуі мүмкін екенін айтады. Оның сөзінше, қалыпты жағдайда жүйелер клиникалық тұрғыдан мүмкін емес қызметтерді автоматты түрде сүзгіден өткізуі тиіс.
Сарапшының пікірінше, мәселе тек жалған деректерде емес, бірнеше фактордың жиынтығында болуы ықтимал. Атап айтқанда, тіркеу кезіндегі қателер, ақпараттық жүйелердің өзара үйлеспеуі және медициналық қызметтерді есепке алудағы дәлсіздіктер әсер етуі мүмкін.
Осылайша, қалыптасқан жағдай тек медицина саласына ғана емес, сонымен қатар жүйені басқару мен қаржылық бақылау тиімділігіне де қатысты екені байқалады. Айта кетейік, бұл мәселеге байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолданғанымен, әзірге жауап берілмеген.


