Бюджет тапшы: Үкімет донорларға төлемді арттырудан бас тартты

Oinet.kz 13-04-2026

Қазақстанда қан донорларына төленетін өтемақы көлемі соңғы 20 жыл бойы өзгеріссіз қалып отыр. Бұл мәселені депутат Қарақат Әбден көтеріп, қазіргі төлем мөлшерінің тым төмен екенін мәлімдеді, деп жазады Оinet.kz.

image.png

Депутаттың айтуынша, бүгінде донорларға берілетін өтемақы небәрі 0,25 АЕК, яғни 983 теңгені құрайды. Оның пікірінше, бұл сома қан тапсырғаннан кейін ағзаны қалпына келтіруге жеткіліксіз.

Мамандар, соның ішінде Қазақ тағамтану академиясы деректеріне сүйенсек, донордың тәуліктік тамақтану рационы шамамен 4700 ккал болуы тиіс. Ал мұндай тамақтанудың құны қазіргі таңда 5 мың теңгеден асады. Яғни, мемлекет беретін өтемақы донордың негізгі физиологиялық қажеттіліктерін де толық өтемейді.

Салыстырмалы түрде алғанда, басқа елдерде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары:

— Ресейде– шамамен 9 мың теңге

— Беларусьта – 6,6 мың теңге

— Германия, Австрия және АҚШ-та – 27–30 мың теңгеге дейін

Осыған байланысты депутаттар өтемақыны 1,25 АЕК-ке дейін (шамамен 5 406 теңге) көтеруді, сондай-ақ Aстана мен Aлматы қалаларындағы онкологиялық орталықтар үшін аса қажет тромбоцит донорларын қосымша ынталандыруды ұсынды.

Алайда Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі бұл бастаманы қолдамады. Ведомство мәліметінше, 2026–2028 жылдарға арналған бюджетте донорларға төлем бұрынғы деңгейде сақталып, 809,8 млн теңге қарастырылған.

Сонымен қатар, 2028 жылдың соңына дейін қосымша қаржыны қажет ететін жаңа әлеуметтік бастамаларға мораторий енгізілген. Осыған байланысты министрлік материалдық емес ынталандыру тәсілдерін қарастыруды ұсынды.

Қазақстанда сүйек кемігін берген донор мен пациент алғаш рет кездесті
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу