Алақандағы өмір...

Oinet.kz 10-06-2026

ОПЦ-1.jpg

1 Түркістан облыстық перинаталдық орталығы  – өңірдің 14 ауданынан жеткізілетін ең күрделі пациенттерді қабылдайтын үшінші деңгейлі перзентхана. Мұнда преэклампсиясы, гипертензиясы, жатырда тыртықтары бар әйелдерге және басқа да қиын жүктілік диагноздары бар аналарға көмектеседі. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында орталықтың тыныс-тіршілігімен жақынырақ біліп, мыңдаған нәрестеге өмір сыйлайтын адамдарды оқырмандарымызға таныстырғымыз келді...

Бүгінде №1 облыстық перинаталдық орталығында акушерлер күн сайын 20-25 әйел босандырады. Мұнда анамнез жиналады, анализдер алынады, әр әйелдің жағдайы бағаланады, босанулар жүргізіледі және сәбилер қабылданады. Әр босанудың тарихы ерекше.

алакандагыдай-2.jpg

Перинаталдық орталықтағы алғашқы босанушыларын қабылдау бөлімінің тәжірибелі акушер Д.Абдікәрімованың 40 жылдық тәжірибесі бар. Ол өзінің еңбек жолындағы алғашқы босанушыны қалай қабылдағанын күні кеше болғандай баяндады. Бәрі есінде. Мүлде тәжірибесі жоқ жас маман білікті әріптестерінің қадағалауымен босануға келген әйелді қабылдапты. Ол кезде УДЗ аппараты қазіргідей қолданысқа ене қоймаған, егізді көбінесе жанама белгілер арқылы ғана болжауға болатын. Солай егіз дүниеге келгенін босану барысында ғана білді. Бұл тек ана үшін емес, акушер үшін де ұмытылмас тосын сый болды.

Дегенмен, Дилфуза жағдайы ауыр, алаңдатушылық тудыратын қиын босануларды ұмыта қоймаған. Соның бірінде босанушыда толғақ кезінде эпилептикалық ұстам басталды. Ал акушер еш ойланбастан көмектесуге ұмтылып, әйелдің тілін жұтып қоймасын деп саусағын аузына салды. Тілін жұтып қойса, тыныс жолы бөгеледі, бір емес екі адамнан айырылу қаупі бар. Ұстамасы аяқталғанша тілін жібермей ұстап, қарысып қалған жағынан қысылып қалған саусағын әрең алғаны есінде. Әйелді бөлімге жеткізуге уақыт жетпей жолда, жедел медициналық жәрдем көлігінде босандырған кездер де аз емес. Демалыссыз тәуліктеп жұмыс істеген кездер де болды. Босанушылар бірінен соң бірі толассыз жеткізіліп жатқанда кімге және қай реттілікпен көмек көрсету керегін жылдам шешу керек. Ауысым туралы ойлау мүмкін болмай қалады. Өйткені бірінші кезекте алдыңда сеніп тапсырылған екі адамның – ана мен нәрестенің өмірлерін сақтап қалу қажеттігі тұрады. Ондай кезде «менің ауысымым бітті» деп бұрылып кету қиын, оған кәсіби жауапкершілік жібермейді.

Қандай қиын болса да бәрібір, ол босандырулары туралы айтып күледі. Өзінің бұл мамандықты таңдағанына бірде-бір рет өкініш білдірмегенін айтады. Дилфуза Мырзахметқызы жасы үлкен білікті әріптестерінен үйренгендей жұмысын толық беріліп істейді. Жұмыс орнын таза, ұқыпты ұстап, өзінен кейін келген әріптестерімен тәжірибесін бөліседі. Кемінде екі адамның тағдыры, босанушының үйінде қалған отбасының үміті тәжірибесі мол акушерді жас дәрігерлерден де үйренуге итермелейді. Өйткені медицина бір орнында тұрмайды.

алакандагыдай-1.jpg

Екінші қабатта қабырғасында «өмір ағашы» бейнеленген балалардың жансақтау бөлімі қарсы алды. Онда мерзімінен ерте туылған нәрестелердің фотосуреттері ілінген. Мұнда өте аз салмақтағы шалабайларды емдейді.

«Әмина, 590 грамм», «Сағыныш, 790 грамм», «Карина, 1180 грамм» – әр баланың жүздеріне қарасаңыз, кейбірі алақаныңа сиып кететіндей, жарты литрлік минералды су ыдысы көлемінде туылғанын түсінесің. Олардың салмағына қосқан әрбір граммы – бүкіл №1 облыстық перинаталдық орталық командасының жеңісі. Операциялық және операциядан кейінгі бөлімдерде де ана мен балаға бірдей қамқор болатын мейіргерлер жұмыс істейді.

алакандагыдай.jpg

Процедуралық мейіргер Г.Тұңғышбаева мұнда 22 жылдан бері қызмет етіп келеді. Медицинаға Гүлнар кездейсоқ келмеген. Өзінің айтуынша, бала кезінде аппақ форма киіп, бикспен жүргісі келген. Сол арманы орындалды. Ол мойындайды: оның жұмысындағы ең қиын нәрсе – өз бетінше дем ала алмайтын құртақандай балаларды көру. Оларды ИВЛ және СИПАП құрылғыларына қосады.

– Олардың тез күш алып, денсаулығының аттай болып кетуін жылдамдата алмайтыныңды түсінгенде, жүрегің жарылып кете жаздайды. Күтуге тура келеді, сабырлы болу қажет және нәрестелердің тезірек салмақ жинауы үшін қолыңнан келетіннің бәрін жасау керек, – дейді ол.

Балаларды қарқынды терапиялау саласының жас маманы Ш.Давова кейде кювездердің жанында бірнеше сағат бойы үздіксіз тұруға тура келетінін, ең әлсіз нәрестелердің өмірлік көрсеткіштерін бақылап отыру керектігін айтады. Шындығында, реанимация залында мейіргерлерге арналған орындықтар жоқ, олардың жұмысы отырмайтындай етіп ұйымдастырылған. Олар кейде смартфондарындағы қадамөлшегішті қосқанда бір ауысымда 10 шақырымнан астам жүретінін айтып күледі.

Аға акушер дәрігер Нүрия Тілеуханқызы аяқ аурулары медицина қызметкерлерінің кәсіби әлсіз жері екенін мойындайды. Бірақ «жаңа өмірдің дүниеге келуінде қандай рөл атқаратыныңды түсінгенде, өз қиындықтарың екінші орында қалып қояды» дейді.

Мұнда әр акушер мен мейіргердің өз жұмыс фронты мен жауапкершілік аймағы болса да, бірге олар шынымен бір команда. Жалпы мақсат – қорғау, сақтап қалу, күтім жасау. 


Жүктілік дайындық пен жауапкершілікті талап етеді
Жаңа басшыларға жауапкершілік жүктелді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу