«Кісі өліп жатқанда қол шапалақтағаны несі екен?»

Oinet.kz 18-12-2014 2337

Өркен Әбдіреев, тыл және еңбек ардагері,

Шымкент қаласының тұрғыны:    

Жезтаңдай әнші, ұлт мақтанышы, Кеңес Одағының халық әртісі, Социалисттік Еңбек Ері Роза Бағланованы ақтық сапаға шығарып салу рәсімінде орын алған мына бір жайт мені әлі күнге мазалап келеді.

image.png

Алматыда зиялы қауым өкілдері, жалпы жұртшылық марқұммен Абай атындағы опера және балет театрында қоштасты. Мәйітті мәшинеге салып, Кеңсайға қарай әкетіп  бара жатты. Театрдың алдына жиналған көпшілік көлік жүре берген кезде ду қол шапалақтады. Осы көріністі мен теледидардан көріп, жағамды ұстадым. Мұндай жағдайға бірінші рет куә болуым.

Сонда қол шапалақтау арқылы әпкеміздің замандастары, ел ағалары марқұмның қазасына қуанғандығын білдіргені ме? Марқұмның отбасы қазадан қабырғалары қайысып жатқан кезде көзі ашық, мәдениетті азаматтардың қол шапалақтағанын, оны бүкіл елге теледидар арқылы көрсетілгенін қалай түсінуге болады? Өкінішке қарай, осындай келеңсіз көрініс тағы да телеарнадан көрсетілді. Сәуір айында елімізге белгілі цирк иллюзионисті Алтынай Байтоқанованың мезгілсіз қайтыс болып, оны ақтық сапарға шығарып салу рәсімінен сюжет берілді. Марқұмның мәйіті салынған көлік орнынан енді қозғала бергенде сол жерде тұрған есімі елге таныс әншілер ду қол шапалақтады. Мұндай тосын әдет әншілеріміз бен зиялы қауым өкілдеріне ресейлік әріптестерінен жұққан болса керек. Өйткені Ресейде танымал өнер адамдарын  жерлеу рәсімі кезінде жаназаға жиналған көпшіліктің қол шапалақтап, тіпті «браво» деп айқайлатынын білуші едік. Бірақ Ресей қайда, Қазақстан қайда? Мұндағы халықтың менталитеті, наным-сенімі, таным-түснігі екі басқа емес пе? Көршілеріміз сөйтіп жатыр екен деп, ар шеңберден шығып, әдептен аттап  кетуге бола ма екен?

Әдетте адам әлденеге қатты қуанғанда немесе біреудің өнеріне риза болғанда, құрмет көрсеткенде қол шапалақтайды. Ал кісі өліп жатқанда қол шапалақтау қаншалықты қисынды? Қазір Ресейдің өзінде  адам қанша жерден атақты-даңқты болса да оның жаназасында қол шапалақтаудың дұрыс еместігі жөнінде мәселе көтеріліп жатыр. Ал, біздің әртістеріміздің осындай адамгершілікке сыймайтын әдеттерді ақыл-парасатқа салмастан қабылдай салғаны барып тұрған көргенсіздік қой.

Қазақта «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген сөз бар. Мұндай жат әдетті алдағы уақытта үрдіске айналдырмай, түбегейлі тоқтам салу қажет.  Өкініштісі сол, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл мәселеге үнсіздік танытты. Ал, зиялы қауым, ақсақалдары жағы не дер екен?

Мұрағаттан, 20.06.2013 ж

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) аналар жайлы не деген?
Ораза ұстағандар үшін мұстахап
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу